Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалының еріктілері жолда қалған бір топ жүргізушілерге көмек көрсетіп, ыстық шай ұсынған.
"Жастар рухы": еріктілер жолда қалған жүргізушілерге көмектесіп, ыстық шай ұсынды
787
оқылды

Апат айтып келмейді. Осы аптадағы ауа райының қолайсыздығы тұрғындарға көптеген келеңсіздіктер туындатты. Бірақ, қарлы боран мен аязға қарамастан түнгі уақытта тәртіп бұзып, заңнан аттап жатқан азаматтар да болды. Бұл жағдайлар «Жастар рухы» Жастар қанаты аймақтардағы жергілікті полиция департаменттерімен бірлесіп өткізіп жатқан күндізгі және түнгі рейдтер кезінде анықталды.

Қоғамдағы заң мен тәртіпті қадағалап жүрген волонтерлер тек құқық бұзушылықты анықтап қоймай, қар астында қалып қойған жолаушыларға да қол ұшын созды. Мәселен, бейсенбі күні кешкі рейд кезінде Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалының волонтерлері жолда қалған бір топ жүргізушілерге көмек көрсетіп, ыстық шай ұсынған.

Акцияға қатысушы қордайлық волонтер Әлішер Аяпбергеннің айтуынша, жолда кездескен жүргізушілер мен жолаушыларға көмектесуді жөн көрдік дейді.

"Жолдағы қауіпсіздіктің, ереженің сақталуы біріншіден, дені сау жүргізушіге байланысты. Табиғаттың қолайсыздығына байланысты автокөлік мінген азаматтар да біраз әбігерге түсті. Волонтерлер оларға шай мен тоқаштар ұсынып, қар астында қалған көліктерінен шығуға жәрдемдестік. Бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігі", – дейді Әлішер Аяпберген.

Айта кету керек, жамбылдық рухтастар 20 қарашадан бастап облыстық Полиция департаменті басқармасымен арнайы жоспар бекітіп, соған сәйкес қоғам белсенділерінің қатысуымен түнгі рейдтер мен жедел-профилактикалық жұмыстар жүргізді. Облыс бойынша рейдттік іс-шаралар барысында 1562 мекемеге тиісті түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Осылайша, "AMANAT" жастары "Қауіпсіз қоғам" республикалық акциясы барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түрінің алдын алу бойынша профилактикалық, қоғамдық тәртіпті дәріптеу мақсатында қарқынды жұмысты жан-жақты жалғастыруда.

Осы орайда, Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, онымен күресу жолдары бойынша да жұмыстар жасалуда. Акция басталғалы бері Талдықорған қаласының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы мен арнайы психолог мамандардың қатысуымен 9 ТжКБ мекемелерінде студенттерге түсіндірме жұмыстары үшін дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Талдықорған қалалық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Гульвира Иманхатованың айтуынша шаралар барысында жастарға керекті ақпаратты жеткізудеміз дейді.

"Қыз-келіншектер мен әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай мекемеден көмек сұрау керектігін немесе сенім телефондарына қоңырау шалуды білмей жатады. Еске сала кетеміз, қандай да бір зорлық-зомбылыққа ұшырап немесе куә болсаңыз өз қалаңыздағы жергілікті полиция департаменттеріне жедел хабарласа аласыздар. Полиция қызметкерлері заң тұрғысынан тиісті көмек көрсетеді. Ал, профилактика шараларына келер болсақ, қазіргі таңда 870-ден астам жасты қамтып, оларға тиісті ақпараттық жұмыстар жүргіздік. Іс-шаралар оң нәтижесін беріп, зорлық-зомбылыққа тап болу фактілерін азайтамыз деп сенеміз", – деді полиция майоры Гульвира Иманхатова.

Жастар қанаты өкілдерінің айтуынша 11 желтоқсаннан бастап 3 қала мен 17 облыста, одан бөлек аудан орталықтарында Полиция департаменті қызметкерлерімен бірлескен жалпы 62 рейд өткен. Онда 15 құқық бұзушылық фактілері анықталған 89 нысанға мониторинг жасалды.