Бүгін – халық санасында жылдар бойы арман болған, тәуелсіздік таңын атыру үшін жанын қиған ата-баба­ларымыздың есімі ұлықталатын күн.
«Аллажар» фильмінің 19 сценарийін жаздым
2,851
оқылды

Тәуелсіздік күнінің Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Керегесі биік, терезесі тең мемлекетке айналуымыздың бастау бұлағында тұрған да сол – алаңға шыққан аға-әпкелеріміздің қайтпас қайсарлығы. Жыл сайын айтулы мерекеге орай көгілдір экран арқылы патриоттық рухты көтеретін фильмдер беріліп жатады. 1986 жылғы оқиға да көркем фильм ретінде таспаланып, көпшілік назарына ұсынылды. Солардың бірі – «Аллажар» фильмі. Алайда атышулы фильмнің сценарий авторын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол күллі қазақ халқына Қожа рөлімен танылған – Нұрлан Санжар. Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұрлан ағамызбен байланысқа шығып, сұхбат құрған едік...

– Нұрлан аға, таяуда «Қызыл қар» атты кітабыңыз қалың оқырманға жол тартты. Жинаққа енген екі бірдей повесіңіздің негізінде көркем фильм де түсірілді. Аталмыш туындының («Қызыл қар») жарыққа шығу тарихы қалай өрбіді?

– «Қызыл қар» кітабын шығару – «Меломан» баспасының идеясы еді. Мен аталған баспаға ризашылығымды біл­діремін. Себебі олар өз есебінен осы кітапты аударып, басып шықты. Кітап қазір оқырман қолданысында жүр. Дүкендерде сатылымы сәтті жүзеге асып отыр. Меніңше, бұл табыстың негізгі себебі деп айтар едім. Тағы бір себеп – про­заларым ықшамды әрі тартымды. 

Бұл – Қазақстан үшін жаңа әдебиет. Дра­матизм – қазіргі проза жанрының басты қасиеті. Жинаққа идеялық әрі көркемдік тұрғыдан маңызды деп танылған екі повесть енді. Мұнда елінің кемел келешегі үшін тарихи жауапкершілік жүгін арқа­лауға бел буған қарапайым адамның ба­тырлығы көрініс табады. Кітапқа енген «Өліара» шығармасы негізінде жақында фильм түсірілімі аяқталды. Шығармадағы басты кейіпкер мажар Иштван Мадьяр – Сталин ату жазасына кескен Коми­терн­нің мүшесі. Қазақ мәдениетінде «өліара» деп даладағы қысқы күн тоқырауын ай­тады. Көшпенділер үшін қиын кезеңдердің бірі еді. Фильм қазір өзінің әлемдік пре­мьерасын күтуде. Содан кейін ғана рес­публикалық прокатқа және теледидар арқылы көрерменге ұсынылады. Карти­наны жасау ісіне келер болсақ, процесс күрделі болды. Қазақфильм «Өліара» фильмі үшін 2019 жылы питчинг жеңіп алды. Бірақ сол уақыттан кейін карантин кезеңі басталды. Фильм тамыз айында өн­діріске енгізілді. Венгрия кино орта­лығы біздің жобамызға қатысуға қызығу­шылық танытты. Жоба үшін 500 мың еуро депозит салды. Арадағы келісімшартқа сәйкес, олардың қаражаты желтоқсандағы түсірілім кезеңінен кейін жұмсалуы керек еді. Сондай-ақ бұл шығындар Венгрия аумағында жұмсалуы міндетті болды. Өкінішке қарай, елдегі Қаңтар оқиғасына байланысты фильмнің өндірісі тоқтап қалды. «Қазақфильм» бір жыл бойы Мәдениет министрлігі мен Қаржы министрлігінен қаржылай көмек сұрады. Сол тұста қайтадан питчингтен өттік. Бізге өте аз көлемде қаражат бөлінді. Де­генмен осыған қарамастан венгр режис­сері Тамаш Тот «Өліара» фильмін түсіріп шықты. Қаржыландырудың төмендігінен картинаға көп дүние енбей қалды. Қазір фильм дайын тұр. Тек фильмнің үлкен экранға беріліп, халықтың лайықты бағасын алу ғана қалды. 

 

– Қалың қазақ өзіңізді Қожаның бей­несінде еске алғанымен, көпшілігі «Алла­жар» фильмінің сценарийін жазғаныңызды біле бермейді. Алайда фильмді жарыққа шығару алдында аты-жөніңізді титрден алдырып тастапсыз…

– Қазір титрде менің тегім (Сегізбаев) көрсетілген. Бірақ, расында да сценарий­дің көркемдік бөлігі бойынша фильм режиссері Қалдыбай Әбеновпен келіс­пеушіліктер туындады. Содан кейін мен өз аты-жөнімді титрден алып тастауды талап еттім. Сол тұста Иманғали Тас­мағам­бетов режиссерден авторлық құ­қықтың сақталуын сұрады. Осылайша, менің тегім титрде қайтадан пайда болды. Қарсылық танытуымның негізгі себебі – сценарийдегі саяси, ұлтшылдық және идеологиялық тұстары еді. Мен экс­тремизм идеяларына қарсы болдым. Өйт­кені бұл сол кезеңде қаза тапқан студенттердің махаббаты көрініс табатын және жастардың санасын оятуға негіз­делген әңгіме еді. 

– Желтоқсан оқиғасының шындығы бүкпесіз баяндалатын көркем фильмнің атауы неліктен «Аллажар» деп аталды? Бұл сіздің тарапыңыздан қабылданған шешім бе?

– Фильм атауын кенеттен ойлап тап­тым. Қайта құру жылдарында грузиндердің «Слуга» атты керемет фильмі жарық көрген еді. Осы оқиғадан кейін біздің фильмге де «Аллажар» атауы дәл келетін сияқты көрінді. 1990 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 1986 жылы көтерілген қазақ жастарының оқиғасына арнап көркем фильм түсірді. «Аллажар» повесінің қолжазбасы отыз бес жылдан аса уақыт өткен соң ғана өзінің әдеби нұсқасы бойынша жарияланды.

«Фильм 35 жыл ішінде талай сәт­сіздікке ұшырады»

– Осы тұста фильм атауы кедергіге ұшыраған жоқ па деген сұрақ туындайды...

– Менің білуімше, бір кездері фильмді жаппай көрсетуге тыйым салынды. Тіпті, фильмге ұлтшылдық көрінісі деп айып тағылды. Ашық прокатқа шығармай қойды. Ұзақ жылдар бойы повестің қолжазба нұсқасын ешбір баспа үйі қабылдағысы келмеді. Ал қазір фильм картинасының қайда екенін білмеймін. Студияның мемлекеттік қоймасында жоқ. Мүмкін, қолда шығар. Бірақ содан кейін фильм 35 жыл ішінде та­­лай сәт­сіздікке ұшы­­­рады. Негізі, плен­­каны тек то­ңа­­зыт­­­қышта ар­­найы темпера­тура­да сақтауға бо­лады. Бұл бас­­ты себеп деп ба­ғамдауға болар. 

– «Аллажар» фильмінің сценарийін жазу барысында қандай дереккөздерге сүйендіңіз?

– «Аллажар» повесі 1988 жылы жа­зылды. Сол уақыттан 1990 жылға дейін сценарийдің 19 нұсқасын жазыппын. Айтпақшы, Талғат Теменовтің «Бегу­щая мишень» фильмі «Алла­жар­дың» төр­тінші нұсқасы­нан ұрланған. Бұл кино сала­сында ешкімге жасырын емес. Мұрат Мұх­тар­ұлы Әуезов ма­ған: «Мұхтар Әуезовтен кейін Теменевтің сенен ұр­лағанын мақтан тұт», – деп әзілдейтін. Өкініштісі, бізде авторлық құқықтың қорғалуы төмен... 

 Шығармада адам өмірі мен өлімі туралы маңызды дүниелерді назарға ал­дым. Жазу барысында өз ұстанымдарымды айқындай түстім. Кейін «Аллажар» по­весінің желісі бойынша фильм түсірілді. Шынында, фильмге арнап әдеби сце­нарий жазу әрі ұйымдастыру тұрғысынан іс күрделі болды. 1986 жылғы сол бір сұмдық оқиғаны студияның терезесінен өз көзімізбен көрдік. Жараланған жастар, терезеден лапылдап шыққан қап-қара түтін, алаңдағы айқай-шу, өртке оранған орталық комитеттің кабинеттері, төң­керілген милиция көліктері...

– Сценарий Сағат Әшімбаев тара­пынынан сегіз рет өзгертілді деп естідік. Шын мәнінде солай ма? Фильм арқылы көпке танылған туындының дүниеге келуіне де Әшімбаевтың ұсынған идеясы себеп болған көрінеді...

–  Сағат Әшімбаев фильм мен повесть идеясының авторы еді. Сценарийдің өзгеріске ұшырауына, түбегейлі өзгер­тілуіне қол тигізген жоқ. Қалғанының барлығын өзім жаздым.

Қайраттың бейнесінен дәуіріміздің батырын көремін

– Қайрат Рысқұлбековтің бауыры Талғат Рысқұлбековпен таныстығыңыз болыпты. Ол сізге ағасының өмірі туралы біраз әңгімелеген екен. Сол бір кездесуден Халық қаһарманы Қайрат ағамыз жайлы қандай естеліктерді бөлісер едіңіз?

– Қайраттың бейнесінен дәуіріміздің батырын көремін. Сол кездесуден кейін бір апта ішінде сценарийдің он тоғы­зыншы, яғни соңғы нұсқасын жазып аяқ­тадым. Қазақ жастарының қаны тө­гілген қаралы күннен кейін револю­цияшыл жастар Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағын беруді талап етті. Дегеніне жетті де. Бірақ... Бұл күресте билік батыр деп мойындағанымен, нағыз батырға өзіне лайықты даңқ көрсетілген жоқ. Бұл жайлы журналистер ашық жазып, халыққа жеткізуі керек. Қайраттың анасы осы уақытқа дейін биліктің қамқорлығы мен назарынан тыс қалған жоқ па? Бұл жайлы бәрі білуге тиіс.

–  Өзіңізбен әңгімелескенде Қожа туралы тақырыптан айналып өтуіміз мүмкін емес тәрізді. «Менің атым Қожа» фильмінде бой көрсеткен өзге де кейіпкерлерді сомдаушылар қазір қайда жүр? 

– «Менің атым Қожа» фильмінде ойнаған актерлердің арасында Жанардың рөлін сомдаған Гүлнар Құрабаева және мен ғана қалдық. Көбі өмірден озды. 

– Сол кездері цензураға байланысты фильмнің өтпей қалған тұсы көп болған екен. Ал сіздің осы күнге дейін жүрек түкпірінен шыққан туындыларыңыз экран арқылы көрерменге толық жетті ме?

– Қазір менің үстелімде жарыққа шығуға әзір тұрған тоғыз кітап жатыр. Ал олар қай уақытта шығады? Әзірге біл­меймін. Бірақ жылына бір кітап шы­ғарамын. Ең бастысы, көпшілік қауым кітаптарымды сатып алады. Шығарма­шылығыммен етене танысқан оқырман жоғары бағасын беріп жатыр. Сол үшін де мен өте қуаныштымын.

– Сұхбатыңыздың бірінде: «Идеяны Қожаға емес, ересек адамның аузына салғанда кино экранға мүлдем шықпай қалуы әбден мүмкін еді», – деген екенсіз. Мұның астарында нендей шындық жатыр?

– Қожа рөлі жастарға қатты әсер етті. Кейіпкер болмысы шындықты қалайды. 

Елімізде балалар режиссері жоқ

– Соқпақбаев пен Қарсақбаевтың тандемы қазақ кино әлемінде маңызын жоғалтпайтын қазақ баласының болмысын фильм арқылы дүниеге әкелді. Арадан қаншама жыл сырғып өтсе де, фильм экраннан түскен емес. Қазір осындай өміршең фильмдердің деңгейіне жетер туындылар бар ма?

– Өкінішке қарай, жоқ. Негізгі себептерін атап өтейін. Біріншіден, қазіргі кезеңде әдеби дереккөздер жоқтың қасы. Екіншіден, елімізде балалар режиссері жоқ. Балалар фильміне ар­налған режиссура әлі толыққанды қолға алынбады. Үшіншіден, билікте балаларға арналған фильм түсіруге құштарлық жоқ дер едім. Жылына кем дегенде бір фильм түсірілсін. Алайда бұл жұмыс істелмейді. Кино – тәрбие институты. Күні бүгінге дейін солай болып келді. Әрі қарай да сол маңызын жоғалтпайды. Ал қазір кино ойын-сауық саласына айналды.

Қожа бейнесі шындықты іздеуге, қорғауға бағытталған

– Бір әңгімеңізде ХХI ғасырдың баласын өткен ғасырдың кейіпкерімен алдай алмайтынымызды, бүгінгі заманға жаңа кейіпкер керек екенін айтып қалдыңыз. Егер Қожа сарынындағы фильмнің заманауи нұсқасы түсірілсе, XXI ғасырдың баласы қандай болуға тиіс? 

– «Менің атым Қожа» фильмі не үшін француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алды, білесіз бе? Себебі ол – жастарға арналған үздік фильм. Фильмде кішкентай сотқар баланың өмірі, айналасымен қарым-қатынасы көрсетілген. Түсінесіз бе? Сондықтан Қожа біздің заманымыздың батыры дер едім. Қожа кейіпкерінің бейнесі шындықты іздеуге және қорғауға бағытталған. 

– Әкеңіз туралы сөз қозғасақ. Ол кезінде 1938 жылдың қуғын-сүргінін бастан кешкендердің бірі болыпты. Тіпті, Сәкен Сейфуллинмен бір абақтыда отырған деседі…

– Әкемнің есімі ХХ ғасырдың ең үздік 100 есімінің тізіміне енген. Коммунист қатарында болды. 1924 жылы КСРО Жоғары сотында қызмет атқарды. Кейін Қырғызстан Жоғары сотының төрағасы қызметінде болды. Бірақ сол кездері қырғыздар әкемді «Алашорданың агенті» деп айыптады. Тұтқындалғаннан кейін абақтыдағы күндерін Сәкен Сейфуллин, Аалы Тоқамбаевпен бірге өткерді. Әкем өзінің досы, қырғыз ақыны Аалы Тоқамбаевпен бірге екі жыл қызмет етті. 1949 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңе­сінде жұмыс істеді. Қонаев оны (әкемді-ред) қайтыс болғанға дейін зейнетке шығарған жоқ. Әкем 1972 жылы қайтыс болды. Ол сүрген ғұмырында халыққа сыйлы, құрметті азамат бола білді. Тағы бір қызықты дерек, әкем А. Нұрпейісов, А. Мамбетов, Н. Тілендиев, Ю. Померан­цевтерге қамқорлық жасаған екен. Оларға пәтер берілді. Әкем өнер адамдарына көмектескісі келді. Нұрғиса Тілендиев маған үнемі: «Сенің әкең – таза адам», – деп айтушы еді...

Қаламгердің саяси көзқарасы оның туындыларынан байқалады

– «Өнер – саяси ұрандармен алмас­тыруға келмейтін киелі ұғым». Иә, бұл өз аузыңыздан шыққан сөз. Айтыңызшы, шығармашылығыңызда саяси түсініктер қаншалықты көрініс табады? Көзқарасы­ңызды оқырман қауымға қай деңгейде жеткізуге тырысасыз?

– Саясат – бұл қашанда саясат ісі. Ал оқырманды шығармашылығың арқылы қиял әлеміне баурап, жарқын болашаққа бағыттау керек. Шығармашылық адамы­ның саяси көзқарасы оның туындылары­нан байқалады. Мен Қалдыбайға «алаңда жалау алып жүгірме» деп жиі айтушы едім. Ең бастысы, өнер жасау ғой. Дегенмен ол ешкімді тыңдамады. Режиссер өнер мен саясатты бірге араластырды.

– Сіз жазған сценарий негізінде түсірілген, сәтті шыққан туындылардың бірі «Оралман» фильмі. Ол бес бірдей халықаралық кинофестивальдың жүлдесін иеленіп, Азия мен Орталық Азияның ең үздік картинасы ретінде танылды...

– Бұл біздің ең үздік фильмдеріміздің бірі еді. Фильмнің бюджетіне аз қаражат жұмсалды. Тиісінше, қаламақы да аз төленді. Жалпы, менің сізге айтарым, белгілі бір дүниенің арқасында емес, керісінше шектеу-тыйымдарға қарсы тұру нәтижесінде жақсы кино шығады. Сөзіме дәлел ретінде «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек» фильмдерін атауға әбден болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ