“Жаныңда жүр жақсы адам”. Осы бір үлкен мағынаға толы тамаша сөз Астана стансасындағы Желілік полиция бөлімшесінің патрульдік полиция взводының полицейі, полиция аға сержанты Наурызбай Сухановқа арналғандай.
Туысының үш баласын бауырына басқан полицей
1,799
оқылды

Ол Арқалық қаласының тумасы. Жасы 25-те. Көпбалалы отбасында дүниеге келген азамат кішкентайынан-ақ бір нанды бөлісіп жеуге үйренгені, үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді бойына әбден сіңіріп өскені сезіледі, – деп жазды Aikyn.kz. 

Политехникалық колледжде білім алып, 2017 жылы әскери борышын өтеген соң бірден ішкі істер органдарында қызмет етемін деп шешім қабылдаған.  Міне, бес жылдан бері қызығы мен қиындығы қатар өрілген жауапты қызметті абыроймен атқарып жүр. 

2020 жылы Мадинамен отау құрып, жас отбасында өмірге Әдия есімді қыз және Мұхаммед-Жан есімді  ұл келген. 

Тағдырға не шара бар?!

Өкініштісі сол, 2021 жылы Мадинаның ата-анасы жол апатынан екеуі бірдей қапияда көз жұмады. Бір сәтте 13,11 және 9 жастағы кәмелетке толмаған үш бала жетім қалады… “Мадина екеуміз туысқандарымызға балаларды бөліп-жармай өзіміздің қамқорымызға алатынымызды айттық”,- дейді Наурызбай.

Қазір балалардың үлкені Самат  9-сыныпта оқиды. Оның да арманы полиция қызметкері болу екен. Одан кейінгі Нұрайымның жасы 13-те, ол дәрігер болсам дейді. Ал Жанерке 4-сыныптың оқушысы. “Орнында бар – оңалар”  дейді ғой халқымыз. Аллаға шүкір, туған әкелеріндей болмаса да, арқасүйер Наурызбайдай жезделері, Мадинадай жанашыр сүйікті әпкелері бар жеткіншектер ешкімнен кем емес. “Не киемін, не ішемін”, демейді. Сабақ үлгерімдері де жақсы. Қолдары бос кезде әпкелеріне көмектеседі. Мадинаның мамандығы – медбике, бүгінгі күні бала күтіміне байланысты демалыста.

Ынтымағы жарасқан абзал жандар қазір 5 баланы осылайша тәрбиелеп отыр.

“Мөлдіреген көздеріне мұң ұялаған сәбилерге ең қажеті – ол жан жылуы. Әр бала аялаумен, әлпештеумен өседі, әрі олардың барлығы да бақытты болуға лайық”, –  дейді Наурызбай. 

Полиция аға сержанты қызметте де тәртіпті, жауапкершілікті терең сезінетін, өз ісіне адал қызметкер ретінде сипатталады. “Қарапайым, әрқашан адамдарға көмектесуге дайын тұрады, сондықтан ортамызда өте сыйлы”,- дейді ол туралы әріптестері. 

Бір хадисте: “Кім Алла үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір шашы үшін сауап алады”, – делінген екен. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған үш бірдей баланы жатсынбай, өзгеге жәутеңдетпей барынша оларға қамқорлық танытып, бауырына басып жүрген Наурызбайдай азаматқа айтар алғысымыз шексіз.

Адамгершіліктің биігінен көріне білдің, енді қызметіңде де өсе бер, өрлей бер, Наурызжан”, – демекпіз.