Елордаға «Құт» келді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» атты кітабының тұсаукесері болды.

«Қазақтың сары тентегі» атан­ған ай­­тыскер ақынның асқаралы 60 жас­қа толған мерейтойына орай жарық көрген туын­­ды негізгі үш бөлімнен тұрады. Кітап­­тың бірінші бөліміне поэзи­я, екін­шісіне – бард­тық, шансондық туын­ды­лары, үшін­­шісіне – қаламгердің ой-тол­ғамдары, көсемсөз жазбалары жи­­­­­­­­нақ­­­­­­­­­­­­­талыпты. AlphaPrint баспасы­нан заманауи технология жетістік­тері қол­­­­­данылған кітаптағы автор­дың му­­зыкалық туын­дыларын оқырман арнайы QR-код арқылы тың­дап, ақынның жеке YouTube арна­­­­­сын­дағы ақпарат­тармен та­ныса алады.  

Қуаныш Мәжкенұлы 1963 жылы 23 ақ­панда Қарағанды облы­сы Ақтоғай ауданында дүниеге кел­ген. Халықаралық, респуб­лика­лық ақындар айтыстарының, рес­публикалық «Жігер» фестивалі­нің, университеттердің бүкілодақ­тық фести­валь­­дарының лауреаты. «Қазақстан» телеарнасының тіке­лей эфирінде өткен республикалық «Аламан айтыс» жары­сында «Орақ тілді, от ауызды ақын» атағы беріл­ген (2006-2008). Алаштың кіші ота­ны атанған Ақтоғай, Тоқырауын бойы кө­кірегі қазынаға толы ерте­гіші қариялар мен азаттық жыр­шысы Нарманбет Ор­ман­бетұлы, Жидебай, Қарамеңде, Сеңкі­бай, Шабанбай сынды от ауызды, орақ тілді билер мен Ағыбай, Жалаңтөс батыр­лар, ұлт көсемі Әлихан Бө­кей­хан шыққан қасиетті мекен. Топырағына тартып туған Қуаныш Мәжкенұлының шығармашы­­лығына, адамгершілік келбетіне халық ақыны Қонысбай Әбіл, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Асхат Мае­миров сияқты өнер қайраткерлері баяғы­да-ақ баға беріп қойған. ­«Мәңгілік мұң­ның әуені» атты бардтық туынды­лары мен шансондары топтас­тырыл­ған альбо­мы арқылы бард ретінде таныла бастаған Қуаныш Мақсұтов – айтыстағы алғыр, шын­­­шыл ойларымен нағыз «сегіз қыр­лы, бір сырлы» сырбаз ақын. Со­­нымен қатар  ол – «Мәң­гілік мұң­ның әуені» атты бардтық әндер (2013) және «Тә­­каппар мұңның кербез тамшылары» атты жыр жи­на­ғының (2013), бірнеше инте­лек­туалдық жобаның авторы. 

– Қуаныш ақынның өлең­дерін­де, жыр­­­ларында бүгінгі күн­нің әлеуметтік шындығы, қоғам­ның бейнесі жатыр. Қазіргі ма­хаббат та, қазіргі адамдардың жан­­сарайын жалаңаштау да бар. Соны­­сымен мені тартады. Адам­ның жанын ешқандай бояумен бүркелемей, шыңғыр­ған шындық­ты жеткізу – ерекше құбы­лыс. Ме­нің ұғымымда айтыстан басталып, жазба поэзияға жалғасқан, кейін әнге ұласқан Қуаныш ағаның шығарма­шылығы жиырмасыншы ғасырдың аяғы, жиырма бірінші ғасырдың басын­дағы мен үшін бір құбылыс. Сон­дықтан оның шы­ғарма­шылығын көбірек наси­хат­тап, өскелең ұрпаққа көбірек дәріп­теу керек. Сонда таза, саф өнердің қандай бола­­тынын, жалпы біздің бұрынғы дәстүрлі ән мектеп­теріндегі сал-сері­лердің болмысы қандай болға­нын көрсете аламыз. Ақын­дық, сазгерлік және орындау­шылық секіл­ді үштаған өнердің бір арнада тоғы­­суы сирек кездесетін жағдай, – дей­ді  «Мәңгілік мұңның әуені» поэ­тикалық-муз­ыкалық қойы­лымы­ның қоюшы ре­­­­­­жиссері, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Асхат Маемиров.

Кеш барысында сан қырлы өнер иесі өзінің бардтық туынды­лары мен шан­­­­сондарын орындап, қонақтарға қайта­ланбас рухани-мәдени сәттер сыйлады. Мәдени шараға мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, зиялы қауым өкілдері, елі­мізге белгілі ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатыс­ты. Ақын, бард, қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақ­­сұ­­­товтың 60 жасқа толған мерей­тойы биыл қараша айында Қарағанды облы­сында да кең кө­лемде тойланған. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ