Атадан балаға мұра болған қазақтың ежелгі кәсібі – мал шаруа­шылы­ғы­нан да мән кете бастағаны көңіл қынжылтады.
Ет қадірін ашыққан біледі
619
оқылды

Шаруасы шатқаяқтаған фер­мерлер мен қорасындағы азын-аулақ малына күні қараған ауылдағы ағайын­ның бүгінгі ахуалы мәз емес. Ірілі-ұсақты фермерлер мал басын екі-үш есеге дейін азайтуға мәжбүр, субсидиялық көмектің болмауы сал­дарынан шығынға белшесінен батып отырғанын айтып шырылдап отыр.

Ауыл шаруашылығының негізгі драйвері – мал шаруашылығын көтеріп, әсіресе өңдеу саласына баса назар аудару қажет екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Алайда жергілікті жерлерде шаруалар керісінше мал басын азайтуға мәжбүр болғанын, тіпті мүлде мал бағудың пайдасынан гөрі шығыны көп  екенін айтып шырылдайды. Шаруа­лардың айтуынша, мемлекеттен берілетін субсидияға да қол жетпейді. Сонымен қатар мемлекет мал етін экспортқа шығару ісін жолға қоймаған. Бұл елдегі ет өндірісі мен ет өнімдерін өңдеудің тұралауына әкеліп соға бастаған. 

Ет өндірісі Ақмола облысындағы мал шаруашылығын кәсіп еткен шаруалардың бас ауруына айналғалы бірталай уақыт болған. Фермерлердің айтуынша, малдың етті де, сүтті бағытынан да мән жоғалған. Экспортқа сатудың жолы күрделі, есесіне ішкі алыпсатар делдалдардың дәурені жүріп тұр. Малды шаруалар мен малына күні қараған ауылдағы ағайыннан арзан бағада алған сатармандар оны қымбатқа өткізеді. Бұл арада бақылаудың жоғынан екі ортада басқа амал таппағандар бағаның тым құлдырауынан зардап шегетінін ашы­на жеткізді. Оған қоса, шаруалар биыл қуаңшылық пен одан кейінгі егіннің айлап жауған жаңбырдан кейін көктеп кетуінен, жем-шөптің жоғынан мал бағудың өзін-өзі ақтамайтынын айтады.

– Малмен айналысу қазір шығыны көп әрі мүлде тиімсіз кәсіпке айналды. Атакәсіпте қазір облыста барлық фермердің жағдайы аса ауыр. Бәрі де мал басын қысқартып, қорасындағы малын бірінен соң бірін бауыздап сойып тастауға мәжбүр болып жатыр. Бұл тұтас ел көлемінде мал шаруашылығының тамырына балта шабары анық. Жалпы, облыс көлемінде барлық шаруашылық мал басын екі есе азайтып жатыр. Сондай-ақ қорасындағы азын-аулақ малын бағу мұңға айналған ауылда қора-қопсы ұстайтындар да малын сатып жатыр. Қазір қара мал етінің бағасы 1 800-1 900, ары кетсе 2 000 теңгеге бағаланады. Ал бұл малды бағып-қағудың өзіндік құнына да жетпейді. Сонда мал ұстап оны кәсіп қылудың қажеті қанша? – дейді  ақкөлдік SC Food жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мақсұт Бақытжанұлы. 

Дегенмен облыстық әкімдікке қарасты ауыл шаруашылығы басқармасы жағдайдың  мүлде басқаша екенін дәлелдеп бақты.  Құзырлы органның мәліметінше, өңірдегі ет өндірісі биыл 8,7 пайызға өскен. Мал шаруашылығындағы қабыл­данған шаралардың нәтижесінде ет өндірісі 168 мың тоннаға, сүт 352 мың тоннаға өс­кенін жариялаған. Басқарма дерегіне сенсек, өңірдегі қара мал басы 474,8 мың басқа жеткен. 

– Мал шаруашылығындағы етті және сүтті бағыттағы қолда бар фермаларды құру және кеңейту болып отыр. Жыл басынан  бері 46 ет фермасы құрылып, сауын сиырлар саны 2,5 мың басқа жетті. Сондай-ақ 800 бас сүт бас малы бар 5 сүтті-тауарлы фермалар құрыл­ды. Соны­мен қатар биыл инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бөлінген қолжетімді 15 миллиард теңге несие қаржысымен екі жыл бойы маман­дандырылған сүт-тауарлы фермалары қар­жыландырылмақ. Бұл қосымша 32 мың тонна сүтті қайта өңдеуге мүмкіндік бермек. Субсидия саласында тапшылық болып тұрғанын мойындау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінен субсидияға 5 миллиард теңге бөлінген. Осы күзде тағы қайта қаралып, қосымша жалпы 7 миллиард теңге берілетін болды. Бірақ күні бүгінге дейін бұл қаржы бізге түскен жоқ. Қаржы түссе, бірден субсидия қаржысы тиісті мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар мен фермаларға жіберілмек. Биылға қаржы болмағандықтан, аталған субсидия қаржысына өтінім қаржысы келер жылдың ақпанында беріл­мек, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов. 

Бірақ малмен айналысқан желідегі жұрттың құзырлы басқарманың айтқан мәліметімен келіскісі жоқ. Тұрғындар жем-шөптің жоғынан малды халықтың жаппай союға мәжбүр болып жатқанын ашына жеткізді. 

Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғайтын кәсіпкерлер палатасы да мал шаруашылығының құлдырап бара жатқанын мойындап, оның бірнеше нақты себебін атады. Палатаның мәліметінше, мал шаруашылығын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілгеннен кейін ет өңдеу кәсіпорындары мемлекеттің қандай да болса қолдауынан мүлде айырылып қалған. Яғни, қолданыстағы ережелерге сәйкес субсидия алу үшін мал соятын және алғашқы өңдеумен айналысатын ет өңдеуші кәсіпорындардың жылына кемінде 100 мың бас ірі қара малды соятын жеке құрылғысы, сонымен қатар сойылған ірі қара малдың қалдықтарын жоятын жеке жүйесі болуы шарт. Бірақ тұтас Ақмола облысы аумағында аталған критерийлерге сәйкес келетін бірде-бір кәсіпорын жоқ болып шықты. 

– Субсидия қарапайым ет өндірушілерге қолжетімді болу үшін мал басын сою талабы кемісе, ауысымына 50 басқа дейін төмендету және сойылған мал қалдықтарын жою талабы өңірдің қоқысты жою жөніндегі мамандандырылған кәсіпорындарымен келісімшарт негізінде жеңілдетілуі керек, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Жайсан Ербатырұлы. 

Ауылдағы ағайын мал бағуға жайылым мен шабындық жерлердің жетіспеушілігі, биылғы жем-шөп қорының аздығы, қажетті дәрумендер мен басқа да қажеттіліктердің тым шарықтап кетуін айтып, малды бағуға ниеттілердің төмендегенін ашына жеткізді. Расында да, атакәсібіміз адыра қалса, ет пен сүттің өзін сырт елдерден алдырып отырмасымызға ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан да Үкімет пен тиісті минис­трліктер аталған салаға назар аударып, экономиканың басты драйвері – мал шаруашылығының тұралаған жағдайын қалпына келтірсе жөн болар еді-ау... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы