Мен осы сапарға шығарда дәл сондай күй кештім. Сапар деп отырғаным – «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінде білім алу еді. Американың ұлан-байтақ атырабына күз асықпай келіп, кеш қайтады екен. Мүмкін мен аталған университеттің қақпасынан Сорбоннадағыдай «Құдай бермегенді Сорбонна бере алмайды» деген сияқты ұлы сөз күткен шығармын, Вашингтонның тас мүсіні қойылған қақпаға қарай бергенім әлі есімде.
Асыға күткен оқу басталып, алғашқы күні профессорлармен таныстық. «Мен батыс саяхатшыларының қазақ даласы туралы жазған кітаптарын зерттеуге келдім» дегенім де, бір емес, бірнеше профессор қызығып, осы туралы білгісі келетінін айтты. Сонымен, өз жоспарым бойынша алпауыт елдің астанасындағы кітапханалар мен архивтерден ел мен жеріміз туралы көне кітаптарды іздеуге кірістім. Ең алдымен қоржыныма түскені – америкалық жазушы Мэри Лоу Мэсейдің «Дала ертегілері» атты кітабы болды. Қазақтың он тоғыз ертегісіне көркем аударма жасап, АҚШ оқырмандарына ұсыныпты.
1968 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан Stories of Steppes, «Дала ертегілері» атты бұл кітап Вашингтондағы Гельман кітапханасында 55 жылдан бері сақталыпты. Бірінші бетінен соңғы бетіне дейін тұтастай қазақтың ертегі кейіпкерлерінің суреттерімен безендірілген бұл кітап қазақтың далалық мәдениеті, фольклорын, өмірге көзқарасы, тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Америкалық жазушы, зерттеуші ғалым Мэри Лоу Масей кітапқа қазақтың «Жалғыз көзді дәу», «Бота», «Бір қалыңдыққа үш күйеу», «Салақбай мен түлкі», «Сиқырлы бақ», «Алдар көсе мен бай», «Отыншының қызы», «Ақылды ұры» «Ер Қосай батыр», «Ақымақ қасқыр» сияқты он тоғыз ертегісін енгізген.
Автор кітапқа кіріспесінде қазақ халқының Орталық Азияның кең даласын мекендеген халық екенін, әрбір салт-дәстүрі ән мен күйден бастау алып, торқалы той, топырақты өлімде өлең мен жоқтаудың рөлі барын, осындай емін-еркін өскен халықтың көшпенді өмір барысында озық мәдениет пен мазмұны бай фольклорлық мұралар тудырғанын батыс оқырмандарына түсіндіреді. Бізді қызықтырғаны – оның қазақ ертегілерін АҚШ оқырмандарына таныстырған алғашқылардың бірі екені және осы еңбегіне барын салып, сапалы істегені болмақ.
«Дала ертегілерінде» автор оқырманға қазақ ертегілері түсінікті болу үшін әр ертегіге мазмұнына сай қыстырма суреттер берген, мысалы, «Жалғыз көзді дәу» ертегісіндегі қыстырма суретті көріп, «менің қолымнан бәрі келеді» деп қасқайып тұрған қайсар да батыл дәуді есімізге аламыз. Сонымен бірге осы ертегіде «Айдаһар» деген сөз жеті рет, «қымыз» сөзі үш рет өз атауымен, яғни қазақша атаумен берілген. Ал «Ақылды ұры» атты ертегіде «өмір-зая» атты жұлдызды Omir-Zaya деген атаумен кітапқа енгізген. Автор Мэри Лоу Мэсейдің кім болғаны жөнінде ізденіп едік, оның жолдасы Джакпен бірге 1960 жылдардың басында Совет одағына саяхаттап барғанда, қазақ халқының ертегілерін өзімен бірге ала келіп, оны ағылшын тіліне аударғанын білдік. Қалай десек те, АҚШ кітапханасынан табылған «Дала ертегілері» атты бұл кітап қазақ халқының мәдениетіне батыс елдері ерте бастан қызыққанын айғақтайды.
Ал британдық журналист, тарихшы Ральф Фокстың осыдан бір ғасыр бұрын Нью-Йорк пен Бостон қалаларында қатар жарық көрген «Дала халықтары» атты кітабы да біздің тарихымыз үшін үлкен олжаның бірі. Ол 1920 жылдары Ресейдегі Азамат соғысы аяқталған соң, Кеңестік Ресейге ат басын бұрып, ондағы халықтардың салт-дәстүрімен танысады. Сол сапарында ол құнды деректер мен суреттер жинап, «Дала халықтары» атты алғашқы кітабын жазады. Кітаптың екінші бетінде қазақ бүркітшісінің бейнесі берілген, өткен ғасырдағы қазақ қоғамының бейнесі, мәдениеті, тұрмысы осы кітапта автордың көргендері ретінде баяндалады. Ең маңыздысы, Фокс бұл кітабында қазақты басқа батыс саяхатшылары сияқты «қырғыз» демей, «қазақ» деп өз атауымен атаған.
«Әлем халықтарының ертегілері» атты антология 1961 жылы Нью-Йорктегі Putnam's Sons баспасында ағылшын тілінде жарық көрген. Бұл еңбекке қазақ ертегісі ретінде «Алдар көсенің сиқырлы тоны» атты ертегі енген, аталған кітаптағы ертегілерді Jean Layton есімді америкалық аудармашы ағылшын тіліне тәржімалаған. Антология George Washington университетінің басты кітапханасы Гельман кітапханасында сақтаулы тұр. Ал Америка университетінде сақталған «Совет одағы Орталық Азия және Қазақстан ертегілері» атты суретті кітап 1986 жылы ағылшын тіліне аударылып, АҚШ оқырмандарына жеткен. Бұл топтамаға қазақтың «Сатып алған түс» атты ертегісі еніп, қазақ суретшісі Меңдібай Әлиннің арнаулы салған суреттері қоса берілген.
Америкалық зерттеуші ғалым Хадсонның «Қазақтың әлеуметтік құрылымы» атты зерттеу еңбегі 1938 жылы жарық көрген. Қазақтың әлеуметтік институттары туралы жақсы зерттелген бұл еңбек этнологиялық зерттеу бағыты бойынша жазылған. Хадсонның бұл еңбегі қазақ қоғамындағы барлық әлеуметтік топтардың негізі болған қазақ руларының қоғамдық орны, рөлі, оның экономикалық өмірге, отбасына, некелік тұрмысқа, таптық айырмашылықтарға, саяси сәйкестіктерге байланысын зерттеген бірегей кітап.
Питтисбург университетінің Hilman кітапханасында сақталған «Кеңес одағындағы жаңа адам» атты кітабында үнді революционері Үндістан Социалистік Республикалық қауымдастығының мүшесі Бежой Кумар Синха Қазақстанға сапары жөнінде сыр шертеді. 1925 жылы Канпурда өткен Үндістан ұлттық конгресінің сессиясында «Хиндустан Сева Дал» науқанын ұйымдастырып кейін Британ үкіметінің қудалауымен Лахор, Раджахмундри, Андаман түрмелерінде саяси тұтқында болған оның өз кітабына Қазақстанға сапары туралы деректерді қосуының өзі бір ғанибет. Бұл кітап Үндістанның Бомбей, Ахмедабад, Жаңа-Дели қалаларындағы «Халық» баспасында 1971 жылы басылыпты. Бүкіл кеңестік елдердің сол кездегі қоғамдық бейнесін тұрмыс-тіршілігін баяндайтын кітапта Орталық Азияға орналасқан Қазақ мемлекетінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі мен мәдениеті дамып жатқанын тілге тиек етеді. Байқоңыр ғарыш айлағы мен тың игеру науқаны сияқты ақпараттарды қосады. Сөйтсек, ол Алматыда өткен тұңғыш Африка-Азия конференциясы делегаттарының қатарында болыпты. Осы үлкен жиналыста ол қазақ мәдениетіне қызыққанын жасырмайды. «Ең алдымен, орыс балетін көрдік, содан соң қазақтың халық биі орындалды. Тар көйлек киген орыс бишілеріне қарағанда, бүкіл денесін жауып тұратын қазақы көйлек бишілерге құп жарасыпты. Келесі кезекте КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова есімді қазақ әншісі сахнаға көтерілді. Оның тамылжыған дауысы мені ғана емес, отырған көрерменнің бәріне ұнағаны шындық. Өзі де, дауысы да әсем әншіге тәнті болудан жалықпадық. Оны сөз жоқ, «қазақтың бұлбұлы» деп атаған дұрыс болар. Осындай көңілді кештің құрметті қонағы болып отырғанымда, қасымда отырған қазақ әйелі маған Қазақстан Республикасының альбомын сыйға тартты. Әлгі естеліктің ішіне «Қазақ даласы мен ескерткіштерін естен шығармағайсыз» деп жазыпты. Олардың бұл сыйлығы сол сәттегі менің көңіл күйімді одан әрі көтеріп тастады» деп сол сәттегі көңіл күйін ағыл-тегіл ақтарып, Бибігүл Төлегенованың суретін кітабына кірістіреді.
Бежой Кумар жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне баруды да ұмыт қалдырмапты. «Музей десе, музей екен, өте ретті, ұқыпты орналастырылған, келген қонақтарға жазушының өмір деректері туралы шағын фильм де ұсынылады»дей келе, Мұхтар Омарханұлының әдебиеттегі ерекше орны туралы жазады. «Ол шығармалары арқылы туған халқының оянуына еркіндік пен теңдік әлеміне қарай қадам басуына жол іздеді» деген баға береді. Бұл кітап та қазақ мәдениеті үшін қымбат жәдігердің бірі.
Қысқа ғана үш айдың ішінде осындай бірнеше қазаққа қатысты деректері мол құнды кітаптардың АҚШ кітапханаларынан табылуы бізге қазақ пен американ байланысының тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана емес, одан бұрын, анығын айтқанда сонау он тоғызыншы ғасырдың ортасында басталғанын дәлелдейді. Кешегі кер заманда жер бетіне тарыдай шашылған қазақтың өткен дәуірге есесі кеткені анық. Ал сол қиын кездер тарих бетіне қалай жазылды, оны кімдер қағазға түсірді, енді соны зерттеу тым маңызды болмақ. Қазаққа қатысты деректері басым ағылшын тілінде жарық көрген кітаптарды үлкен кітапханалардың сөресінен көргенде менің есіме Джон Рескиннің «ұлы халықтар тарихын ісімен, сөзімен және өнерімен жазады» деген ұлы сөзі түсті. Иә, қазақ халқы – ұлы халық. Әйтпесе, соншама бай мәдениетті қалыптастырып, оны ұрпақтарға мұраға қалдырар ма еді? Ендеше, біз ұлы халқымыздың тарихын әрқашан түгендеуге тиіспіз.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Вашингтон, АҚШ