Республикалық маңызы бар жолдар жабылып, жылусыз қалған тұрғындардың жанайқайы желіде желдей есіп, жауаптылардың жон терісіне шоқ басқандай болды. Нәтижесінде, облыс әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Осылайша, қыстың алғашқы айының өзі қос бүйірден қысып, дайындығымыз қаншалықты деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты ең әуелі 12 желтоқсаннан бастап республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының «Тараз – Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ жедел штаб құрылып, қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруға 117 техника мен 103 маман жұмылдырылды.
14 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша құтқару бөлімшелері 1 279 адамды құтқарып, эвакуациялады. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды.
Ал Шу ауданында қатты жел мен жауған қардың салдарынан электр желілері үзіліп, тірек тіректері құлады. «Шу – Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылып, олардың әрқайсысындағы орташа есеппен 500-700 адамға көмек көрсетілді. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігіп, бұл жағдай да жығылғанға жұдырық болды.
Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылып, халық қара түнекте қалды. Бұл өз кезегінде газ құбырларының істен шығуына әкеліп соқтырып, бұқара жарықтан бөлек жылусыз қалды.
Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қауырт желі нөмірі іске қосылғанымен, көмек жетпей жатқаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат аз болмады. Мұндай жанайқайлар аудандардан ғана емес, облыс орталығы Тараз қаласы тұрғындары тарапынан да түсіп, «Ұлы дала» ықшамауданының халқы шырыл қақты. Жарықсыз, жылусыз отырған жұртшылықтың шағымы үсті-үстіне түскенімен, жауапты сала мамандары бәріне бірдей жете алмағаны рас. Нәтижесінде, тұрғындарға түндерін амалдап өткеруге тура келді.
15 желтоқсан күнгі таң да «суық» басталды. Жол жиегінде қалып кеткен көліктерден 2 413 адам құтқарылса, оның 90-ы балалар еді. 600 адам үйлеріне қайтарылса, 1 813 жолаушы алты ауылда ашылған жылыту пункттеріне жеткізілді. 5 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Оның біреуі – нәресте. Олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауына алынып, қажетті ем-дом көрсетілді. Осылайша, екі күннің ішінде қар құрсауында қалып қойған 5 000 адам құтқарылып, абырой болғанда адам шығыны болған жоқ.
Жолда қалып кеткен жолаушылар санының көптігінен Қордай және Шу аудандарында 825 орындық қосымша 9 жылыту пункті іске қосылды. Құтқару шараларына 171 адам мен 76 бірлік техника тағы жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылды.
Электр желілерін қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС көмегімен 23 апаттық-құтқару тобы құрылып, 27 арнайы техника жұмылдырылды.
Шу аудандық көліктік прокуратураның ақпараты бойынша, «Шу – Отар» учаскесінде тоқтап қалған 11 жолаушылар пойызының бағыты қайта айқындалып, бүгінде жағдай жіті бақылауға алынып отыр.
Жалпы, Жамбыл облысында қыс мезгілі біршама жылы өтеді. Сондан да болар, жауапты мамандар бұл мәселеге атүсті қараған секілді. Олай дейтініміз, облыс аумағында орналасқан асуларда жылда қиын жағдай қайталанып жатады. Қар жауып, жел тұрса болды, жолдар жабылғаны былай тұрсын, құзырлы органдар жылыту пункттерін қосымша ашып, еріктілер жасағын құрып ала-өкпе болып жатады. Одан кейін Қордай, Күйік асулары сияқты аумақтарға ауа райы тосын мінез танытқанда көлік қоятын тұрақтар ашу жағы ойластырылмағаны таңғалдырады. Әйтеуір, жол жиегінде, қар құрсауынан көміліп тұрған көліктерді көресің. Бұл мәселені біржақты шешу үшін арнайы көлік тұрақтарын ашса, жол жабылғанын немесе боранның басталғанын көрген жолаушылардың өздері көліктерін тұраққа қойып, қауіпсіздік шараларын жасайтын ба еді деген ой келеді. Бұл сөзіміздің жаны бар. Олай дейтініміз – күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысын өткізіп, Қордай, Шу аудандарында болған төтенше жағдайдың салдарын жою, қалпына келтіру және автожолды жіті бақылауға алу мәселесін талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің сөзіне сүйенсек, қазір Жуалы, Қордай және Шу аудандарында жолда қалған барлық тұрғын құтқарылып, жылыту пункттеріне орналастырылған екен.
Қолайсыз ауа райы салдарынан Сарысу, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары бойынша электр энергиясынан ажыратылған 30 елді мекеннің 26-да электр желілері қайта қалпына келтіріліп, 4 елді мекенді жарыққа қосу жұмыстары жалғасын табуда.
Әрине, төтенше жағдайдың арты қайғылы оқиғамен аяқталмағаны қуантады. Алайда аймақ басшысы алдағы уақытта да кез келген жағдайға дайын болу керек екенін қатаң ескертуде. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тиімді әрі жедел әрекет ету бойынша алгоритімді қайта әзірлеудің маңызы туындауда. Бұдан бөлек, облыс әкімі төтенше жағдай кезінде болған мал шығындарын анықтау мен шалғайдағы шаруалардың жем-шөбіне қажетті көмекті ұйымдастыруды тапсырды.
Негізі, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін бір жетінің ішінде адам шығыны туралы ақпарат тараған. Тіпті, әлеуметтік желілерде қарда қатып қалған жолаушылардың бейнесі мен қаза тапқандардың тізімі туралы хабарлама желдей есті. Мұндай суық ақпарат талайдың жағасын ұстатты. Алайда құзырлы орган өкілдері мұны ресми түрде жоққа шығарды.
«Ауа райының күрт нашарлауына байланысты төтенше жағдай режимінде бірде-бір адам қайтыс болған жоқ.
Әлеуметтік желілерде Қордай асуында адамдар үсіп, бүкіл отбасы қайтыс болды, сондай-ақ тасжолда қар үйінділерінде қаза болған адамдардың тізімі пайда болды деген ақпарат, суреттер мен бейнежазбалар таралуда. Бұл тізімде қар құрсауынан құтқарылған және жылыту үшін мектепке жеткізілген адамдардың деректері көрсетілген.
Өлген адамдардың денелері бар табыттардың суретіне келетін болсақ, бұрын қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін біздің облыс арқылы транзитпен тасымалдағанын хабарлаймыз.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жалған ақпарат, оның ішінде олардың әлеуметтік желілерде таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өңірдегі төтенше жағдайдан қанша шығын келгені туралы толық ақпарат айтылған жоқ. Шалғайдағы шаруалардың жапа шеккен мал санының есебі енді жинақталып жатқандықтан, шығын көлемін есептеуге де уақыт керек шығар. Алайда табиғаттың осындай тосын мінезінен сабақ шығармасақ, ертең бармақ тістеуіміз де бек мүмкін. Сондықтан жауаптылар апат айтып келмейтінін ескеріп, қолайсыз ауа райының салдарына қазірден қамданса екен дейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы