Ой-хой, біздің Қазақстанда бүгінде не көп, той көп.
Тойлар, тойлар
489
оқылды

Ой-хой, біздің Қазақстанда

Бүгінде не көп, той көп.

Көп болатын себебі, 

Соя салатын қой көп.

Бір аудан бір той өткізбесе,

Қазақтың көңілі тазармайды.

Сондықтан барын салып базар­

лайды.

Ал қойлар, соймақ түгілі

Қыстай қырылса да азаймайды...

Құдайға шүкір, бағымыз шығар,

Хандар. Билер, батырларымыз да 

көп,

Қайраткер және ақындарымыз да 

көп.

Той болғасын, әрине,

Шақыратын жақындарымыз да көп.

О жағын біз қатырамыз,

Жар шарындағы

Кіл шенеунікті шақырамыз.

Бірен-сараны келмей қалса,

Жүрегіміз «қысылып» аһ ұрамыз.

Айтпақшы, тойға келгендер,

 «Аруақтар қолдай гөр!» деп,

Небір тілекті жолдайды екен.

Онсыз болмайды екен.

Сосын стакан соғыстырмаса,

Көңілдері толмайды екен.

Ойпырым-ай, сонда бабалардың

Рухтары  арақты қалай қолдайды 

екен?..

Иә, келгенде сөйлеп кетеді,

Сөйлегендерге бір-бір шапан,

Ал әйелдеріне қымбаттан көйлек 

кетеді.

Жаңағы шенеуніктер лықа тойып,

Үйлеріне мас қайтады.

Ал жергілікті  халық

Тойдың сыртын көріп,

Нәр сызбай,  үйлеріне  аш қайтады.

 

Солай да солай

Бас редактор мұңдасым,

Әрі түйдей құрдасым еді.

Бір жақсылық жасар деп.

Өлеңімді газетіне басар деп

Бір күні  алдына атып ұрдым.

– О, тамаша!

Сұмдық қой-ей, сұмдық!

Өмірдің өз ортасынан

Ойып алған шындық!

Мә, қараш.  керемет! Керемет!

Бұдан артық не керек? –

деп басын шайқай берді.

– Мақтағаның бар болсын,

Басыңды неге шайқап тұрсың?

– Оу, өлеңің күйіп тұр емес пе?!

Ауданның бетіне шығар,

Кілең жақсыларға тиіп тұр емес пе?

Мәслихаттың хатшысы,

Ауданның әкімі бәрі 

Жемқор өлеңіңде сыйып тұр.

Бәрінің алқымын қиып тұр.

Болмайды бұлай.

 Мына жерін түзе...

Сәл-пәл жұмсартып күзе.

Онсыз газетке баса алмаймын.

– Неге баса алмайсың?

– Себебі бар...

– Түсінсең, шеңберімнен аса 

алмаймын.

Ассам мойынға құрық түседі,

Отырған орнымнан жұлып түседі.

Сонау жоғарыдағылар:

«Жығылма, белдес, тірес,

Жемқорлықпен жабыла күрес! –

Деп күнде айтып жатқан жоқ па,

Таңба басқандай тайға,

Жариялылық  деген қайда?

– Құрдасым, мен арыстан емеспін,

Қарсы шабатын 

Аспандағы Айға.

... Иә, солай екен солай,

Отырған креслодан

Айырылу емес оңай.     

Алпысбай БОРАНБАЕВ