Сарыарқаның сарышұнақ аязын айтып, суықтан зәрезап болған жағдайлар туралы көп білеміз, көп айтамыз.
Ертегідегідей елорда
846
оқылды

Бірақ қыс мезгілінің сән- салтанаты жарасқан өзіндік қызықтары мен қуанышты сәттері бар екенін білсек те, мән бере қоймаймыз. Сезіне білген адамға сықырлаған аппақ қардан да, жапалақтап жауған қар ұшқындарынан да, адам бойын тоңазытқан сұп-суық ауадан да жылулық табуға болады.

Астана әкімдігі қаланың қыс мезгілінде де халыққа жайлы болуы үшін тынымсыз жұмыс істейді. Қала көшелерін омбы қардан, жол бойын мұздан, ғимараттар төбесін қар сүңгілерінен тазартады. Табиғат ананың ақ көрпесін бүркей, жылы қымтана, бұйыға түскен тіршілігіне мән мен мазмұн қоса отырып, қаланы көріктендіруге және безендіруге қатты назар аударады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астана көркі шынымен ажарлана түскен. Мұз айдындары, сырғанақтар салынуда. Шағын архитектура­лық фигуралар, фотоаймақтар салынып жатыр. Бес аудан аумағында барлығы 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақ салу жоспарлануда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаланы қысқы ертегіге айналдыру жұмыстары  әдетте жыл сайын 23-25 желтоқсанға дейін аяқталады. Жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Бүгінгі күнге дейін  «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және ЭКСПО қала­шығында салынған мұз айдынында, сырға­нақтарда серуендеуге болады.

Ал қаланың шағынаудандарындағы мұз айдындары мен сырғанақ алаңдарының қайда орналасқанына тоқталар болсақ: Сарыарқа ауданында Бөгенбай батыр даңғылы, 43, Бейбітшілік көшесі бойындағы қалалық алаңда, «Көктал» саябағында қысқы ойын-сауық ұйымдастырылады. Алматы ауданында «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаң, ІІМ жанындағы Тәуелсіздік және Қажымұқан көшелерінің қиылысында, «Құмыра» мекемесінің тұрағында, Абылай хан – Қобда қиылысында, оқушылар сарайының жанында балалар үшін де, ересектер үшін де ақ ұлпа басқан аппақ далада армансыз серуендеп, алаңсыз ойнауға болады. Сонымен қатар Нұра ауданындағы Ailand отбасылық демалыс орталығы, Keruensity СОО, «Хан Шатыр», Asia Park, сондай-ақ елордалық саябақта және Үркер тұрғын үй алабына кіреберісте қысқы дем­алыс алаңдары ашылады. Байқоңыр ауда­ны­ның тұрғындары «Ататүрік» саябағында, «Жастар» сарайында, Жазушылар аллея­сында, Қазқалашық, Кирпичный, Өндіріс, Қоянды елді мекендеріндегі мұз алаңдарында сырғанай алады. Есіл ауданында ЭКСПО аумағында, Ботаникалық бақта және «Керуен» СОО маңында тағы үш жерде халыққа қысқы тамаша көңіл күй сыйлай алатын аппақ алаңқайлар жұмыс істейді.

Астана көркін аша түсу үшін және қала қонақтары мен тұрғындарына арналып алғаш рет Орталық саябақта желілік мұз айдыны ашылады. Ашық аспан астында ұзындығы 290 метр болатын алғашқы желілік мұз алаңқайдың айналасына шырша мен әртүрлі жан-жануардың, қызықты кейіпкерлердің, аяз ата мен ақшақардың бейнесі қойылған. Сонымен қатар алаңда сауда павильондары орналастырылып, жәрмеңке ұйымдастырылды. Урбанистика орталығы мамандарының айтуынша, желілік пішініне байланысты мұндай мұз айдын­дарында сырғанау қауіпсіз. Конькиді жаңа­дан үйреніп жүргендер үшін де кедер­гісіз, еркін сырғанауға барлық жағдай жасалған.

Қыстың қарлы, боранды күндерінде де елорда тұрғындары мен қонақтары мұз айдындарында, сырғанақтарда алаңсыз ойнап, демалуы үшін жасалып жатқан жұмыстар көзді қызықтырып, көңілді көтереді. Қыс келбетін аша түскен безендіру жұмыстарының сәні мен салтанаты қала көркін шынымен де шырайландыра түскен. Әсіресе, ЭКСПО аумағындағы бас шырша­ның келбеті келісті. Шыршаның биіктігі – 25 метр. Жеңіл сәнді ойыншықтармен, өр­нек­термен, строб шамдарымен, түрлі түсті гирляндамен безендірілген шыршаның ұшар басында қар ұшқыны пішінінде жа­сал­ған, биіктігі 2 метр  болатын жарық шам орнатылған. Астананың бас шыршасының шамын жағу рәсіміне қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Рәсім барысында кон­церттік бағдарлама, жаңажылдық жәр­меңке, слайдтар, мұз айдыны, лабиринт, фуд-корт, арнайы тақырыпқа арналған фотоаймақтар ұйымдастырылды. 

Салтанатты кеште «Жарты Ай адамы» бейнесіндегі қуыршақтар, Қар ханшайымы, ергежейлілер және Щелкунчик түріндегі қуыршақтар қонақтарды қарсы алып, ерекше көңіл күй сыйлады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ