Бір қызығы Мемлекет басшысы шегелеп тапсырма бергенде алқап жерді жеке мақсатына заңсыз пайдаланғандардың саны да артып шыға келген. Бұл деректер «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы нәтижесінде анықталып жатыр. Жуырда комиссия Шымкенттен біраз алқапты мемлекетке қайтарды.
Прокуратура өкілдері Шымкентте жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындамағаны туралы хабарлады. Шымкент қаласының прокуратурасы осындай 17 жер қойнауын пайдаланушыны анықтады.
«Құрамында пайдалы қазбалары бар жерді мемлекеттен алу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар бірқатар шарттарды, соның ішінде әлеуметтік сипаттағы шарттарды орындауға міндеттенеді. Алайда барлық жер қойнауын пайдаланушы өздерінің келісімшарттық міндеттерін орындамаған», – деп жазылған хабарламада.
Прокурорлардың қадағалау актісімен жергілікті атқарушы органдар 7 келісімшартты бұзып, мемлекетке кадастрлық құны 1 млрд теңгеден асатын 116 гектар жер учаскесін қайтарған. Сондай-ақ жер қойнауында заңсыз өндіріс жүргізудің 5 фактісі анықталған.
«Олардың ешқандай құқықтық құжаттары болмаған. Кінәлілер «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу» бо йынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды», – дейді ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 9,32 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған. Пайдаланылмаған учаскелер «Қазғарыш» космомониторингтің көмегімен анықталып отыр.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы өз нәтижесін беріп келеді. Мәселен, Шымкент қаласында аталған комиссияның атсалысуымен 603 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылған. Олар Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенінде Бадам өзенінің бойында орналасқан.
Елімізде жайылым тапшылығы өте өзекті екені белгілі. Бұл ретте, партия өкілдері алдымен жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды хабарлайды. Жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіреді. Сөйтіп, комиссия жұмысы өз нәтижесін беріп, жер халық игілігіне қайтарылған. Ауыл тұрғындары ел игілігі үшін жасалып жатқан мұндай игі істерге шынайы алғысын білдіріп жатыр.
Мегаполисте қалалық комиссия былтыр құрылып, осы уақыт аралығында 3 отырысы өтіп, маңызды шешімдер қабылданды.
Айта кетейік, шаһар үшінші мегаполис атанған тұста Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарының біраз бөлігі Шымкент қаласының аумағына қосылған болатын.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы