Мұздай суға шомылған дұрыс-ақ. Тек ережесін ескерген жағдайда. Шетелдік кинодан немесе әлдебір жаңалықтан естіп, таңғалдырған қысқы шомылушылар елімізде де жетерлік. Суық маусымда судан саулық іздеген адамдардың ағзасында қандай өзгерістер болатынын білгіміз келіп, қыста теңізге түсуді тұрақты дағдыға айналдырған «морждармен» әңгімелесіп көрдік. Қыс қылышын сүйреп келе салысымен-ақ суық суға сүңгуге сай тұратын шымкенттік Дастан Абайұлы қыста шомылуды төрт жылдан бері әдетке айналдырыпты. Айтуынша, төменгі ауа температурасында шомылу арқылы тұмау мен суық тиюдің не екенін ұмытқан.
«Спортпен шұғылданып жүргеніме көп уақыт болды. Қыс мезгілінде мұздай суға шомылуды достарымның ұсынысымен бастадым. Шымкенттегі Қошқарата өзенінің суы емдік қасиетке бай дегенді бұрыннан естуші едік. Қыста да түсіп көргіміз келді. Суға түсерден бұрын денені судың температурасымен теңестіріп аламыз, жүгіріп, денені жаттықтырамыз, қар болса денені түгел қармен ысқылаймыз. Судан шыққан соң дене қызып, жылына бастайды. Көңіл күйім жақсарып, сергіп қаламын. Бұл қадамға алғаш рет барып отырған соң мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Себебі оған психологиялық дайындық пен қоса, ішкі организм де дайын болуы керек», – дейді Д.Абайұлы. Ол сарышұнақ аязда суық суда шомылу денені шынықтырып қана қоймай, сананы да сергітетінін айтады.
Ал қыста суға шомылуды енді ғана бастаған ақтаулық Ернат Дүйсенов алған әсерінің керемет екенін жасырмады. Күз айынан бастап шомылуды жоспарлап, психологиялық дайындықтан өтіп жүр екен. «Каспий теңізі жағалауында бірнеше шақырымды жүгіріп, артынан суға күмп ете түсу қорқынышты болып көрінгенімен, ғаламат энергия сыйлайды. Әлеуметтік желіде осылай суға түсіп жүрген жасы үлкен аталарды да көрдім. Қызығушылығым сол кезде оянды. Өзім мұздай суға түсер алдында санада ұстау керек ережелермен таныса бастадым. Бел буып, міне биыл алғаш рет қыстың қара суығынан қорықпай, теңіз суына бір сүңгіп алып, ерекше әсерге бөленіп отырмын». Енді Ернат та өзгелердің жүрегі дауаламаған спортпен айналысуды әдетке айналдырмақшы.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын өзен суынан іздейтіндер денесін шынықтырып жүр. Осы тұста тәжірибелі «морждардың» кеңесіне құлақ түріп, ойын білдік. Олар мұздай сумен ойнауға болмайтынын ескертеді. Семей қаласы «Үржар» спорт клубының басшысы Арман Сыдық:
«Мұзды су – бұл ерекше элемент. Сіз онымен қарым-қатынас жасай білуіңіз керек. Әдетте шомылуға арналған белгілі тереңдіктегі шұңқырларды таңдаған жөн. Есте сақтайтын жағдай, әлсіз болған кезде мұздай суға шомылу қауіпті. Суға түсер алдында ережелер мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек, денсаулығыңызды алдын ала тексерткен соң осы әрекетке баруы қажет. Бұл жазғы шомылуға да ұқсамайды, онымен шатастырмаған абзал. Менің ойымша, денеде физикалық артықшылықтар болуы мүмкін. Дегенмен денсаулыққа пайдалы екен деп «өзім білемге» салынудың еш қажеті жоқ. Аязды күні салқын суға алғаш бастап отырғандар мамандар мен төтенше жағдай қызметкерлерінің бақылауымен шомылған дұрыс», – деп сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
Спорттың барлық түрі денсаулық кепілі болмайтынын айттық. Қыс маусымында шомылудың спорт түріне айналуы адамдардың қызығушылығын да арттырып отыр. Бірақ қыста шомылуына тыйым салынған адамдар да бар. Олар не себепті шомылуға болмайтынын біле ме екен? Бұл сұраққа Мақаншы ғылыми-зерттеу институтының термиялық зақымдану бөлімінің маманы Индира Оспанова жауап берді:
– Қыс айларында далада мұздай суда шомылу кезінде қан тамырлар күрт тарылады да, жүрек бұлшықетіне жүктеме артып, қан қысымы көтеріледі. Осы себепті жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар «морж» болу үшін ұзақ уақыт дайындалуы керек. Егер дайын емес адамды суға түсірсе, ең қорқынышты нәрсе – жүректің рефлекторлық тоқтауы. Тері үлкен рефлексогендік аймақ болып есептеледі және температураның күрт өзгеруі осындай қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тыныс алудың, қан айналымының бұзылуы, яғни гипертониялық дағдарыс немесе керісінше, қысымның төмендеуі де ықтимал. Суық суға түсудің пайдасы көп екенін жоққа шығара алмаймын. Мысалы, терісі мінсіз, бетінде әжім болмайды. Әрі инсульт, инфаркт алған адамдар үшін таптырмас ем-дом шараларының бірі шығар. Десе де, мұздай су созылмалы аурулардан құлан-таза арылуға көмектеспейді. Шомылу арқылы ағзаны шынықтырып, иммунитетті күшейтуге болады, бірақ одан артық ештеңе күтпеңіз», – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, «морждарда» адреналин бөлінуі күшейіп, жүрек қағысы жиілей түседі. Әсерінен терморегуляцияның барлық тетігі қарқынды жұмыс істей бастайды да, қан тамырлары жаттығады. Бірден мұздай суға түсу организмге күйзеліс әкеледі. Бірақ ол қысқа мерзімді процедура болғандықтан, денсаулыққа аса қатты зиян емес екенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар дәрігер қысқы шомылуды жаңадан бастап көретіндер үшін бірқатар кеңесін айтты. «Алдымен денені суық сумен ысқылап, тамағыңызды салқын сумен шайыңыз. Далаға шықпас бұрын ваннада үстіңізге суық су құйынып бастаңыз. Яғни, жүйелі түрде және психологиялық тұрғыдан дайын болып қана шомылу керек», – деді ол.
Халық арасында суық мезгілде мұздай суда шомылатындарды «морж» деп атап кеткен. Шын мәнінде, кімдерді «морж» деп атаймыз? Еліміздің барлық өңірінде қыс бірдей аязды бола бермейтіні мәлім. Мұз жамылғысы қалың болатын аймақ та бар. Бетіне мұз қатып, ойық мұз арқылы тереңге сүңгитіндерді ғана «морж» дейміз. Бірақ екінің бірі айналыса бермейтін спортшыларды халық қалай айтса да, қалт айтпайды.
Жылдағы дәстүрінен жаңылмағандар мен медицина мамандарының сөзіне сенсек, «үсті басы ақ қырау» мезгілде мұздай суда шомылудың денсаулыққа тигізер пайдасы зор екеніне күмән келтірмейміз. Пайдасын ойлап, бірден суға қарап бас салудың соңы қайғылы жағдай екенін өз денсаулығына алаңдайтын әр азамат жадына бекем түюі керек. Қызығы мен сейіл-серуені бар қысқы мезгілде спортшылар ғана емес, әуесқойлар да ұнатып, шомылады. Қысқасы, қай мезгілде шомылу алаңына барсаңыз да, алдымен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз. Адам ағзасы әртүрлі, сондықтан қандай да спортпен айналысуды бастасаңыз да бірінші дәрігер бақылауынан өткеніңіз абзал. Әңгіме денсаулық турасында болғандықтан, «су сенің досың және дұшпаның» дегенді әсте естен шығармаңыз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ