Алаяқтар жалған мәлімдеме таратып жатыр.
Үкімет басшысы алаяқтарға алданғандарға жәрдемақы төленеді дегені рас па?
907
оқылды

Әлеуметтік желілерде Премьер-министр Әлихан Смайылов интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендерге төленетін өтемақылар туралы айтқан видео таратылуда. Бұл  фейк, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Видеода Қазақстанда «ұрланған қаражатты қайтару және өтеу жөніндегі» комитет құрылғаны айтылады. Бұл да жалған. Елімізде мұндай комитет жоқ және болған емес. Алаяқтар алданған адамдарға көмектесеміз деп осы жарнаманы таратуда, ал шын мәнінде ақшаны «қайтару» қызметтері туралы жазылған сайтқа өтуді ұсынады.

Нәтижесінде, жосықсыз инвесторлар ұрлаған ақшаны қайтару үшін қайтадан төлеу керек болады. Осылайша алаяқтар бір кездері алданып қалған адамдарды тағы да құрығына түсіреді.

Мұндай хабарландырулар Қазақстанда және Ресейде бұған дейін де тараған болатын. Ол кезде қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу туралы айтылған еді.

Естеріңізге сала кетейік, ақшадан айырылып, кибер-қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіздер және үшінші тарап ресурстарында жеке және банктік деректерді жазып, қалдырмаңыз. Тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер.