Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Сауда саясатын дамыту мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады.
Мәжілісте Үкімет сағаты өтті
658
оқылды

Арман Шаққалиев бүгінде ми­нис­трліктің жұ­мысы үш негізгі бағыт – ішкі сауда, сауда-эко­но­мика­лық интеграция және экс­портты қолдау бойынша жүр­гізіліп жатқанын айтты. Әлеу­мет­тік бағыт бойынша сауда саласы 1-орында, жалпы ішкі өнімге экономикалық үлес бойынша 2-орында тұр.

– 11 айда саудаға тартылған ин­вес­тиция көлемі 410,6 млрд теңгені құ­рады, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 41,3 пайызға жоғары. Ішкі тауар ай­налымы 21,1 пайызға өсіп, 53,6 трлн теңгені құ­­ра­ды. Сауда­ның нақты көлем индексі  111,3 па­йызды құрады. Сыртқы сауда қызметінде де оң ди­намика байқалады. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша сырт­қы сауда айналымы 114,1 млрд дол­ларды құрап, былтыр­мен салыс­тырғанда 2,6 па­йыз­ға артты, – деді А.Шақ­қалиев.

Министр биыл бизнестің Жол картасында құ­рылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты са­тып алу­ға кредит алатын сауда объектілері үшін сыйақы мөлшер­лемесін төмендету қарастырыл­ғанын атап өтті. Сондай-ақ 2024 жылдың бірін­ші жартыжыл­дығы­нан бастап 100 пайыз отандық өндіріс (тұз, ұн, рожки, қарақұмық жармасы, күріш, нан, сүт, картоп, жұмыртқа) 9 тауар­ға шекті және шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеуден бас тарту ұсынылады.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 13-інің (нан, ет, жұмыртқа, сүт, май және т.б.) бағасы көтеріл­генін айтты.

– Әкімдік қызметкерлері базар­лар мен сауда ор­талықтарын ара­лаған кезде сатушылар бұл өнім­дердің бағасын төмендетеді, ал олар кеткеннен кейін басқа баға қояды. Осындай көзбояушы­лық­тан арылу керек. Сондықтан әкімдіктер жұмыс істе­мей­тін ме­морандумдар бойынша бағаларды «дек­ла­ра­тивті түрде» реттеуден бас тартатын кез келді. Оның орнына халықтың әлеуметтік осал топтары үшін атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Сон­дай-ақ бағаның өсуіне жол бермеу үшін уәкілетті мемле­кеттік орган әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік өнім­деріне сауда үстемесіне мем­ле­кеттік бақылауды орнату керек. Бұл үстеме заңда көрсе­тілгендей, 15 пайыздан аспауы керек, – деді ко­митет бас­шысы.  

Оның айтуынша, тауарды өткізу ортасын құру, ішкі нарықты қорғау, отандық тауар өндіруші­лердің әле­уетін пайдалану, қазақстандық тауар­ларды сырт­қы нарыққа шы­ғару­дағы кедергілерді жою және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету де түйткілді мә­селе.

Нұртай Сабильянов әлемдік трендтерді ескере отырып, элек­тронды сауданы дамыту қажет еке­нін атап өтті. Осыған байла­нысты салықтар да, тауар­лар мен қыз­меттердің айналымы да ел эко­номи­касына жұмыс істеуі үшін отандық электронды плат­форма­ларды белсенді дамыту қажет. Мәжіліс­меннің айтуынша, бұл жалпы тауар айналымындағы элек­­тронды ком­мерция үлесін ұлғай­тып, бәсеке­лестікті артты­рады, сондай-ақ ба­ғаны тұрақ­тандыруға оң әсер етеді. 

Отырыс барысында депутаттар тақырыпқа қатысты шешімін табу қажет басқа да мәселелерді ортаға салды. Айтылған ұсыныстар ұсы­нымдарда жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

Үкімет сағаты аясында Сауда және интеграция министрлігі отан­дық тауарлар мен қызметтерді экспорттаушылардың көрмесін ұйымдастырды. Депутаттарға ин­новациялық өнімдер мен техно­логиялар, өнеркәсіп өнімдері, сон­дай-ақ отандық азық-түлік өнімдері көрсетілді.