Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қа­тысу үшін Санкт-Петербург қаласына барды.
Интеллектуалдық  ықпалдастық моделін құру – басты міндет
1,130
оқылды

Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің (ЖЕЭК) шағын құрамдағы отырысына қатысты.

Шағын құрамдағы кездесуге Қазақстан Президентімен қатар, Ресей Федерация­сы­ның Президенті – ЖЕЭК төрағасы Вла­димир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Прези­денті Садыр Жапаров, сондай-ақ Еуразия­лық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты. 

Мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интегра­циялық процестерді одан әрі дамытудың негізгі міндеттері мен басты бағыттарын, сондай-ақ Ұйымның 2024 жылға арналған халықаралық ынтымақтастық жоспарын талқылады. Сонымен қатар жиынға қатысу­шылар ЕАЭО қызметінің жекелеген аспек­тілері жөнінде пікір алмасты.

Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы өз сөзінде қонақжай­лық көрсетіп, жиынды жоғары деңгейде ұйым­­дастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге алғыс айтты. Пре­зидент осы жылдың оңай бол­мағанын, әсі­ресе, жа­һанды жайлаған тұрақ­сыздық­тың күшейе түскенін атап өтті.

– Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансфор­мациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік эконо­миканың даму қарқынын бәсеңдете­тін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткіш­пен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траек­ториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі эко­но­микалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауыт­қымауға тиіс деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЕАЭО-ға мү­ше елдер үшін технологиялық коопера­ция­ны экономиканың нақты секторында да­мыту – басты міндеттердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев озық тех­но­ло­гия­ларды және инновацияларды кеңінен енгізу экономикалық бірлестіктің әлемдік аренадағы орнын нығайтады деп есептейді.

Мемлекет басшысы бұл мәселенің бү­гін қабылданған «Еуразиялық эко­но­ми­ка­лық жол» декларациясында көрініс тап­қа­нын құптады. Құжат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз бол­ған іргелі мақсатты толыққанды жүзеге асыру, яғни тауарлардың еркін қозға­лы­сына тың серпін беру қажет деп санайды.

Кеден шекаралары ашылғанына қара­мас­тан, әрбір ел іс жүзінде отандық өнді­ру­шілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсе­ке­лестерден қорғауын жалғастырып отыр.

– Біз ортақ нарықта кездесетін кедер­гі­лер мен шектеулерді жойып, бірыңғай тех­никалық регламенттер енгізуді жыл­дам­датуымыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақ­параттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шы­ғындарын айтарлықтай азайтуға септігін ти­гізер еді. Электронды сауда саласында нә­тижелі ықпалдастық орнатуға мол мүм­кіндік бар. Былтыр Еуразиялық эко­но­ми­калық одақтағы аталған нарықтың жал­пы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүм­кін. Алайда мұнымен тоқтап қал­май­мыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және он­лайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша бел­сен­ді жұмыс істеуіміз қажет, – деді Пре­зидент.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені ын­тымақтастықтың маңызды бағыты ре­тінде атап өтілді. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «еуразиялық бестік» ел­дері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алды.

– Соған қарамастан, Еуразиялық эко­но­микалық одаққа мүше елдердің әлемдік на­рықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экс­портының үлесі әлі де өте төмен, яғни екі пайыздан сәл ғана асады. Ал дүние­жү­зін­де 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тар­тып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жет­кізуге қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе, бі­рін­ші кезекте санкциялар кедергі кел­тіру­де. Нәтижесінде, азық-түлікке мұқтаж ха­лық жапа шегіп отыр. Сарапшылардың ба­ғалауынша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 ми­лионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, эко­логиялық таза және экспортқа бағ­дар­ланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне ай­налуы керек. Сондай-ақ агрологистика жә­не өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл ша­руашылығы саласына цифрлық ше­шімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қа­жет. Бірлескен агроинновациялық ор­талықтар құру мәселесін пысықтаған жөн. Мұн­дай орталықтар агроөнеркәсіп кеше­нін коммерцияландырумен және өндіріске жаңа технологияларды енгізумен айналы­сады, – деді Президент. 

Мемлекет басшысының пікірінше, ЕАЭО күллі Еуразия кеңістігін байла­ныс­тыра­тын стратегиялық буын қызметін ат­қарады. Ұйымның осы мәртебесін сақ­тап қалуға мүше мемлекеттердің барлық мүм­кіндігі бар.

– Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шы­ғатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін да­мыту туралы сөз болып отыр. Осы орай­да Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуан­тады. Біз өз тарапымыздан еліміздегі те­міржол желілері мен автомобиль жол­дары­ның талапқа сай келмейтін учаске­ле­рін реконструкциялауға әзірміз. Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қан­дыа­ғаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шал­қар автомобиль жолы туралы айтып отыр­мын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрік­мен­стан­ның логистикалық компаниялары бір­лескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкім­ші­лік­терін осы жұмысқа атсалысуға ша­қы­ра­мын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құ­рыл­ымы мен оның Еуразиялық эко­но­микалық одақпен байланысын бел­сенді нығайтуда. Біз Қытайдың Сиань қа­ласында және Грузияның Поти пор­тында қазақстандық терминалдардың құры­лысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа те­мір­жол желісінің, «Бақты» және «Қал­жат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз пор­тын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жоба­лар­ды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желі­ле­рін, логистикалық орталықтар мен пош­та хабтарын салуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі» мен қы­тай­дың «Цифрлық жібек жолы» баста­ма­сын ұштастыру мүмкіндігін қарастыру­ды ұсынды. Президенттің пікірінше, цифрлық және интеллектуалдық ықпал­дастықтың жетілдірілген моделін құру Еуразия кеңістігіндегі елдер экономикасы­ның дамуына елеулі үлес қосады.

– Цифрлық технология мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтас­тық­тың перспективасы зор. Жекелеген са­лалардың ғана емес, тұтас мемлекеттер мен бірлестіктердің келешектегі техноло­гия­лық прогресі осыған тікелей байла­нысты екені анық. Қазақстан цифрлық шешімдерді табысты пайдаланып отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы электронды түрде көр­сетіледі. 2026 жылға қарай ІТ саласының экспорттық көрсеткішін бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қа­зақстан аталған саладағы ынты­мақ­тас­тықты жан-жақты дамытуды жақтайды. Осы орайда Үнді мұхиты жағалауымен өте­тін халықаралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақстан – Иран» бағы­тын­да талшықты-оптикалық желі тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл Еуразия кеңістігінде трафик транзитінің баламалы бағытын ұсынып қана қоймай, жаһандық деңгейдегі деректер логис­ти­касында ЕАЭО-ның орнын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы осы күрделі ке­зеңде үшінші елдермен және интеграция­лық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыта отырып, сыртқы сая­сатта ЕАЭО-ның әлеуетін кезең-ке­зеңі­мен нығайту маңызды екеніне тоқ­талды.

– Біз Иранмен Еркін сауда туралы то­лық форматты келісімге қол қоюды құп­таймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мы­сыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүд­делі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұ­мысты жалғастырған жөн, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын­да Ресейдің Ұйымға төрағалығы табысты аяқ­талуымен Владимир Путинді құттықта­ды. Сондай-ақ Никол Пашинянға Арме­ния­ның 2024 жылы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ органдарына нәтижелі төра­ға­лық етуіне тілектестік білдірді. Бұдан бө­лек, Қазақстан Президенті Еуразиялық эко­номикалық комиссия төрағасы лауа­зымындағы миссиясын аяқтаған Михаил Мяс­никовичке алғыс айтты.

Саммитке Қазақстан Президентімен қа­тар, Ресей Президенті – ЖЕЭК төрағасы Вла­димир Путин, Армения Премьер-ми­нистрі Никол Пашинян, Беларусь Пре­зиденті Александр Лукашенко, Қыр­ғыз­стан Президенті Садыр Жапаров қатысты, сон­дай-ақ ЕАЭО жанындағы бақылаушы мем­лекет басшысы – Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес бей­неүндеу жолдады.

Жиын қорытындысы бойынша бірқа­тар құжат қабылданды. Ұйымға мүше мем­лекеттердің басшылары Еуразиялық эко­номикалық комиссия алқасының төра­ғасы қызметіне Қазақстанның өкілі Ба­қытжан Сағынтаевты сайлады.