Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырлардың ерлігін ел білуі тиіс.
Гүлжамал Байменова: Желтоқсан оқиғасы – ұлт-азаттық көтеріліс
458
оқылды

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сол уақытта жастармен бірге алаңға шыққан қазақтың қайсар мінезді аруы, Астана қаласындағы  №70 мектеп-лицейдің директоры Гүлжамал Байменова.

– Гүлжамал Пердебайқызы, сіз сол қанды оқиғаның куәгерісіз. Айтыңызшы, 1986 жылы 17 желтоқсанда  орталық алаңдағы оқиға қалай өрбіді?

– 1986 жылы 19 жаста едім. КазПИ- де (қазіргі ҚазҰПУ  Абай атындағы институтта)  3-курста оқитынмын. 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты 18 минут ішінде пленум жиналысында қызметінен алып тастап, оның орнына Колбинді қызметке тағайындады. 16 желтоқсан күні сабақ болмады. 17-сі күні студенттер жиналып, алаңға шықтық. 17 желтоқсан күні алаңда болып, кешке қарай жатақханаға оралдық. Ертеңгі күнге дайындалдық. Алаңды бос қалдырмау басты мақсатымыз болды. Лениннің: «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деген сөзі ұранымыз болды.

 Бала кезіңізден қайсар мінезді, нағыз батыл, батыр қыз болғансыз. Жалпы, бұл қасиеттер басқа да қандай істерден көрініс табатын?

– Мен негізі жас кезімде өте белсенді едім. Қоғамдық, спорттық істерге, мектептің барлық іс-шараларына қалмай қатысатынмын. Мені қайсар дейтін себебі – әрдайым өз айтқанымда тұратынмын. Негізі, біздің отбасы көпбалалы болғандықтан, әкем маған мектеп бітіргенде бірден айтты: «Қызым, сен енді биыл оқуға бармай тұр. Үйімізде үш студент бар, төрт студентті оқытуға жағдай жоқ. Келесі жылы түсерсің». Мен оны естіп ренжіп, жылап, жатып қаламын. Марқұм әкем соны көріп, бар малын сатып, әйтеуір мені оқуға түсіреді. Оны маған тіпті тікелей айтпаған, кешке естіп, түні бойы заттарымды жинадым. Таңертең Алматыға аттанған көршіммен бірге жолға шықтым. Менің әпкем сол қалада Ин.яз-да оқыған, әке-шешем соған сеніп мені жіберді. Бірақ Алматыға келсем, әпкем ауылға кетіп қалыпты. Содан бөтен қалада жалғыз, панасыз қалдым. Бірге келген қыздың артынан еріп, пәтерге кірдім. Ол кезде бір бөлмелі пәтерде төрт төсек-орын, төртеуі де бос емес. Пәтер иесі орыс адам болған. Оған бар орысшаммен: «Я могу и на полу спать. Дайте мне хотя бы матрац» деп, үй де таптым. Сонымен, КазПИ-ге түсіп, жаңа өмірімді Алматыда бастадым. Содан желтоқсан айында алаңда көтеріліс басталды.  

Біз Кеңес Одағының идеологиясына сенгенбіз. Бірақ алаңға шыққасын қазақ халқының ешкімге керек емес, еш қорғанышсыз қалғанын, бізді ешкім елемейтінін көрдік. Оны түсінгеннен кейін біз одан бетер құлшындық. Ешкім қайтқан жоқ, алаңды босатқан жоқпыз. Мен де сол жерге бардым. Менің әкем  қайсар мінезімді біліп, ағамнан қаладағы оқиға жайлы естіген.  Ал анам менің алаңға шығып, түрмеге түскенімді сезген. Солай ағамды Алматыға жібереді менің артымнан, қала қоршалған, кіруге мүмкіндік жоқ, 3-4 күнде әзер жетіп, ақырында мені таппайды.

 Абақтыға қалай қамалдыңыз?

– Біз түнде алаңға қайта шығып, жатақханаға таңмен оралғанбыз. Сонда тұрған дежурныйлар мені «красный уголокқа» шақырып: «Бізбен бірге РОВД-ға жүріңіз, түсініктеме жазасыз» деді. Сонымен, мені жеңіл киіммен, аяғымдағы үйдің тәпішкесімен алып кетті. Бір камера 10 шаршы метр жерде 28 қыз отырған, кейін 4 қызды, арасында мен де бармын, «аса қауіпті қылмыскер», «үгітші» деген айыптап, бөлек камераға жатқызды. 4 қызға іс қозғады. Тергеу жасалып, қалтамызды жан-жақтан тексерді. Бір жерден болса да ұстап қалу мақсатында басқа ұлттың адамдары тексерді.

 Сіздің түрмеге түсуіңізге басты себепкер болған кім? Кім ұстап берді?

– Жатақхананың зам.деканы ма, мұғалім бе, екеуі қосылып па, әйтеуір ұстап берді.

Ол кісілерді сіздерді ұстап беруге біреу мәжбүрледі ме?

– Менің білуімше, жоқ.

  Қазір ол тақырыпқа тағы оралармыз. Айтыңызшы, сізге түрмеден қашуға көмектескен тергеуші  Райымбек Оржанов не істеді?

– Бірінші рет қашып кеткенде, мені тінтуші итпен тауып алған. Содан кейін маған аса назар аударып, конвойсыз мүлдем ешқайда жібермейтін.  Бесінші күні маған басқа тергеуші келіп, бір есікті көрсетіп: «Мынау есіктен ақырын шығып кетіңіз. Сізге тағылған айып өте ауыр. Менің атымды ешқашан есіңізге алмаңыз» деп ескертті. Ол кезде мен жатқан терезесі сынған камерада қасымда тағы 3 қыз болған, сонымен 4 қыз болып бір-ақ баскиімді кезек-кезекпен киіп жылынатынбыз. Дәл мен қашатын кезде баскиім менің басымда болған, мен астыңғы қабатқа түсіп, қыздарға баскиімді қайтарғым келгенде, артымнан Райымбек аға шақырып алды. Қолыма 5 рубль ұстатып, «дереу қаш!» деді. Сөйтіп, түн арасында қашып, әзер дегенде такси ұстап, жатақханама жеттім. Жетсем, ол жер де қоршалып тұр, жаңа темір есік қойғызылған. Ішіне тек таң атысымен кіре алдым. Шыдамай есімнен танып қалғаннан кейін оянғанда, аяқ жағымда мені ұстап берген адам отыр екен. Мені алып кеткеннен кейін ол кісілерге қалған студенттер күш көрсеткен сияқты. Істеген істеріне өкініп, менен кешірім сұрады. Кейіннен естуім бойынша, ол кісілер істеген орындарына сыймай, ар-ождандары жібермей, басқа жұмыс орнына ауысып кетті.

 Содан желтоқсан айында алаңда көтеріліс басталады, мен де сол жерге бардым. Менің әкем  қайсар мінезімді біліп, ағамнан қаладағы оқиға жайлы естіген.  Ал анам менің алаңға шығып, түрмеге түскенімді сезген. Солай ағамды Алматыға жібереді менің артымнан, қала қоршалған, кіруге мүмкіндік жоқ, 3-4 күнде әзер жетіп, ақырында мені таппайды.

Содан желтоқсан айында алаңда көтеріліс басталады, мен де сол жерге бардым. Менің әкем  қайсар мінезімді біліп, ағамнан қаладағы оқиға жайлы естіген.  Ал анам менің алаңға шығып, түрмеге түскенімді сезген. Солай ағамды Алматыға жібереді менің артымнан, қала қоршалған, кіруге мүмкіндік жоқ, 3-4 күнде әзер жетіп, ақырында мені таппайды.

 Қауіпті айып тағылса да, оқудан ешкім қуған жоқ па?

– Жоқ, бірақ оқу бітіргенге дейін мені тұрақты тергеуге алатын. Десек те, абақтыға жаба алмады, себебі ол кісілердің қолында дәлел болған жоқ. Кейіннен білдім: менің тегімді қате жазыпты. Арада 27 жыл өткеннен кейін архивтен құжаттар шығып, сот ісі қозғалды. Сол кезде ақталып шықтым.

  Сізге көмектескен тергеушімен содан кейін көрісіп пе едіңіз?

– Сол 5 рубль менің мойнымдағы парыз болды. Ол кісінің жақсылығын ешқашан ұмытпадым. Кейін ол кісіні іздедім, бірақ ешкім нақты жауап бермей, оны таба алмадым. Содан мен 2003-2008 жылдар аралығында аудан мектебінің директоры болғанда, менен өзіңіз сияқты журналист келіп  сұхбат алды. Енді бір күні жұмыста отырғанымда, мені бір жас жігіт іздеп келді. Ол сол тергеуші Райымбек ағаның ұлы екен, түрі одан аумайды. Сосын Райымбек ағаны кешкі асқа шақырдым, қасымда жолдасым, қолымда шапаным мен арнайы тапсырыспен гравюра жасатқан сағатым бар. Сағатқа естелік болып қалсын деп «Желтоқсан оқиғасы» деген жазумен, атымды жаздырып тарту еттім. Ол кісі сыйымды көріп: «Менде мемлекеттік жетістіктер де, тартулар да бар, бірақ бұл сыйлық мен үшін, ұрпағым үшін ең жоғары награда»  деп аса биік бағалады.

Демек, сол кезде сізге Райымбек аға көмектеспесе, абақтыға қамалар ма едіңіз? Ол кісіні сіздің құтқарушыңыз деуге де болады.

– Негізі, желтоқсан көтерілісі әлі де дұрыс зерттеліп, сараланбаған. Ашылмаған көп дүние қалды. Мысалы, осы кісі де – нағыз батыр.

  Шынымен де, мұны айтпасаңыз, біз қайдан білеміз?

– Мұхтар Шахановпен кездескенімде, мен ол кісіге де айтқам, осы ағаның нөмірі мен атын, бәрін қалдырғам. Әрине, тарихты зерттейтін тұлға болғандықтан. Бірақ Райымбек аға жайлы біреу жазғанын әлі көрген жоқпын.

 Мүмкін осы сұхбаттан кейін адамдардың қызығушылығы артып, зерттегісі келетіндер табылып қалар. Райымбек аға сияқты батыр тұлғалардың есімі тарих бетінде жазылуы керек деп ойлаймын. Келесі қойғым келетін сұрағым мынау: Қаралы қаңтар мен Желтоқсан  оқиғасын салыстыруға келе ме?

–  Салыстыруға келмейді. Қаралы қаңтар ол – қасірет, халықтың қасіреті, ал біздікі – ұлт-азаттық көтеріліс. Ол әлеуметтік жағдайға байланысты қасірет. Екі ортада біраз жастар бұл оқиғадан зардап шекті.

  Сіз осы қайсар мінезіңіздің арқасында мектеп директоры болдыңыз. Мектеп деген – бөлек өмір, бөлек ұжым. Ол ұжымды басқаруда өмірлік тәжірибеңіз қалай көмектеседі?

– Менің ұстанымым – «Ұлық болсаң, кішік бол». Марқұм әкем айтатын: «Ағаш жеміс берген сайын, иіле береді». Мен жетістікке жеткен сайын, қарапайым болуды үйренемін. Өйткені менің бойымдағы қайсарлық қарапайымдылықпен ұштасып келеді. Сондықтан ұжыммен де жұмыс атқарғанда, өзімді бәрімен бірдей көремін. Қандай ауыртпалық болмаса да, барлығын бірге көтеруді жөн көремін. Бұл – менің басты қағидам. Ашықтық та бәрінен биік. Оқушы болса да, мұғалім болса да, негізі ашықтық өте маңызды. Бірінші іс бастамас бұрын, амандық пен ауызбіршілік болған жерде ғана тірлік болады.

 Ал Сіз №70 мектеп-лицейге былтыр ғана келдіңіз, одан бұрын №77 мектеп-гимназияда жұмыс істедіңіз. Осы 1 жыл мерзімінде мектепте қандай өзгерістер болды?

- Өзгерістер болды. Негізі, №77 мектеп-гимназияда білім сапасы 78% болатын,  2019 жылдың көрсеткіші бойынша. Өйткені әрі қарай пандемия басталып, бүкіл ел бойынша деңгей төмендеді. Ал №70 мектепте білім деңгейі – 45%. Сондықтан қиындау болды. Енді сол сапаны көтеру жолында біраз еңбектеніп жатырмыз. Сол жолда біз Сингапур бағдарламасын жүзеге асырдық. Осы жылы өзім Сингапурға барып, олардың білім деңгейін көзіммен көріп келдім. Ол елдің білім берудегі орны бөлек. Солай біз де Сингапур бағдарламасы бойынша бір сынып аштық. Бұл ойды ата-аналар да өте жақсы қабылдады. Енді біз тағы дәл осындай 4 сынып аштық.

 Бастауыш сыныптар үшін бе?

– Иә, бастауыш сыныптар үшін. Енді салыстырмалы түрде қарасақ, сингапур сыныптардың қарапайым сыныптарға қарағанда білім деңгейі жоғары. Сондықтан қаңтар айынан бастап тағы сыныптар ашу ойымызда бар. Сонымен қатар мектепте жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ұжым жақсы.

  Instagram парақшаыңызды бақылап жүремін. Әрдайым іс-шаралар өткізіп жүресіздер.

– Иә, рақмет. Бірақ, әрине, ол бір адамның ғана қолынан келмейді. Ұжым болып бірігіп жасаймыз.

Әңгімеңізге көп рақмет!  

Сұхбаттасқан Риза ЕСІЛБАЕВА