Осы күнге дейін 4 мыңға жуық Адай жылқысы зерттеліп, олардан генетикалық сараптама алынған, – деп жазды Aikyn.kz.
JIBEK JOLY телеарнасының жазуынша, жобаға ресейлік генетика зертханалары да тартылған. Ол жақтағы ғалымдар арнайы талдау жасап, сараптама жүргізіп, қорытынды шығарады. Осыдан кейін «Адай жылқысы» деген құжат жасалып арнайы патент дайындалмақ.
Алматылық Наталья Долгих 12 жылдан бері Адай сәйгүлігін бағады. «Жезкиік» есімді арғымақты оған маңғыстаулық әріптестері сыйға тартқан. Талай аламан бәйгеге де қатысқан тұлпар 160 шақырым қашықтықты еш қиындықсыз еңсерген.
«Бұл тұлпардың ерекше бір қасиеті бар, егер сіз онымен шапсаңыз, әрқашан бірінші болғысы келетінін байқайсыз. Ешкімге өзін басып озуға мүмкіндік бермейді. Осылайша, мен талай жарыстарда бірінші болып келдім. Менің қарсыластарым негізінен ер адамдар болады, әрине олар қатты ызаланып жатады. Бірақ спорттың аты – спорт», – дейді ол.
Адай жылқылары ыстыққа төзімді. Оған ағылшын, араб аттарын баптағандай ерекше күтімнің қажеті де жоқ. Тіпті, арнайы қора да керек емес. Далада үйір арасында жүріп те бабында болады.
Жезкиік – бүгінге дейін Париж, Біріккен Араб Әмірлектерімен қоса, бүкіл Ресейді аралап келген сәйгүлік. Ол Адай жылқысына тән мініске шыдамдылығымен ғана емес, жүйріктігімен де ерекшеленеді. Аштыққа төзімділігі өз алдына, алыс қашыққа шапса да терлемейтін қасиеті бар.
Елімізде мыңжылдық тарихы бар Адай жылқысына ресми мәртебе беру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір Маңғыстау облысы бойынша 4 мыңға жуық сәйгүлік зерттеліп, олардан арнайы сараптама үлгілері алынды. Сертификаттаудан өтіп, еліміздің ақпараттық базасына да енді. Мақсат – Адай жылқысының генетикасын анықтап, нақтылап, оған асылтұқымды жылқы мәртебесін беру. Арнайы патент алу.
«Адай жылқысын дүниежүзінде бәрі таниды. Бірақ оның патенті жоқ, паспорты жоқ. Шетелде біз оны Адай жылқысы деп айта алмаймыз. Мысалы, Ресейге, Францияға апардық. Бұл қазақ жылқысының ішіндегі Адай жылқысы типі дейді. Енді ол бренд ретінде жеке өзінің Адай деген құжатымен дүниежүзіне шығатындай болады», – дейді Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының маманы, жылқытанушы Дәурен Сыдықов.
Бүгінде апробацияның бірінші кезеңі аяқталды. Қазір Ресейдегі 30 жылдық тәжірибесі бар генетикалық орталық базасында талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытынды шыққаннан кейін патенттеу жұмыстары басталады.
Айта кетейік, қазір ел аумағында Адай тұқымына жататын 116 мың бас жылқы бар.