Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұмдардың жұмыстан шығып, енді ғана үйіне бет алған кезі екен.
Үнемі бірге жүретін еді: Алматыда автобус апатынан көз жұмған ерлі-зайыпты жерленді
1,489
оқылды

Алматыда автобус апатынан көз жұмған ерлі-зайыптыны туыстары жер қойнына тапсырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Біріне бауыр, біріне келін. Тағы біреуіне жол көрсетер аға, ал 4 бірдей балаға ата-ана. Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыстың марқұмдарды жер қойнына тапсырып келген беті осы. Артында аңырап 4 баласы қалған. Екеуі әлі кәмелет жасына да толмапты", - деп хабарлады КТК телеарнасы.

"Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі. Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертең мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз?" - дейді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.

Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Сөйтіп ойламаған жерден автобустың астына түсіп ажал құшты.

"Қатты жылдамдықпен келді деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой, біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН , басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?!" - деді тағы бір жақыны Абдулла Құрбанов.

Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

"Артында балалары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. «Неге мектептен қайтпайды» дейді. "Мамам қашан келеді" деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес, бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім..." - деді туысы Сүйінбай Оңғарбеков.

Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді.