Маңғыстау облысындағы Қаракөл аумағынан 30 шақты аққудың өлексесі табылды. Осыған байланысты сараптама жұмысы басталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аққулардың қырылуы бір апта бұрын анықталған.
«21-22 желтоқсан күндері Маңғыстау облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақта «Қарақия-Қаракөл» қаумалының инспекторлары қорғау, рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде «Қаракөл» көлі аумағынан 30 аққудың өлексесі табылды. 23-24 желтоқсан күндері де көлден өлген аққулар табылған. Құстардың қырылуына байланысты тиісті ветеринарлық сынамаларды алу үшін «Үстірт» қорығы тарапынан (қаумалдың қорғау жұмысы «Үстірт» қорығына жүктелген) облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің МО аумақтық инспекциясына хабарлап, Ақтау қалалық ветеринарлық станциясының мамандары 22 желтоқсан күні аққу өлекселерінен тиісті сынамалар алды», - деп жазылған инспекция таратқан ақпаратта.
Құстардың қырылуына байланысты Алматы қаласындағы «Микробиология және вирусология» ғылыми өндірістік орталығы мамандары да өлген аққулардан тиісті сынамалар алғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, МО экология департаментінде көл суынан сынама алу туралы хат жолданды.
Инспекция мамандары Қаракөл көлінде аққу өлекселерінен алынған сынамалардың қорытындысы шыққаннан кейін қосымша хабарлама беретінін мәлімдеді.