Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Көлік министрінің 2-3 жылда Балқаш пен Үржардың әуежайларына жаңғырту және Қарқаралы мен Ұлытауда, Зайсан мен Катонқарағайда әуежай салу мәселесі пысықталып жатқанын қозғап, олардың уақытылы орындалуына алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
– Осыған байланысты, «AMANAT» партиясының Қостанай облысында Арқалық қаласы мен шалғайдағы Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындарымен кездесуде әрдайым Арқалықта да әуежай салу мәселесі көтерілетінін еске салғым келіп отыр. Бұрын Арқалық Торғай облысының орталығы болып тұрған кезде онда үлкен әуе кемелерін қабылдай алатын әуежай болған. Содан облыс жабылып қалған соң, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған нысан сол кездегі билік пен Қазақстанның әуе әкімшілігінің қарауынсыз қалып, ақырында жекеге сатылып, шаруасы біткен. Яғни, теріс құбылыс орын алған.
Қазір қалада әуежай болғаны туралы, сақталып қалған ұшу-қону жолағы ғана еске салады. Өңірдің елорда мен облыс орталығынан және республикалық автомобиль жолдарынан қашықта орналасуы, Арқалыққа кез келген жақтан авто не теміржол көлігімен жету немесе ол жақтан келу үшін, әдетте, шамамен жарты тәуліктей уақытты қажет етеді. Әуе қатынасының болмауы, өңірдің толыққанды әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.
Бүгінгі таңда мемлекетімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының білікті саясатының арқасында өңірлерге, оның ішінде моноқалардың дамуына баса назар аударылуда. Оның алғышарттарының бірі – шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысына инвестициялар тартуға, сондай-ақ халықтың үдере көшуін бәсеңдетуге оң әсерін тигізетін өңірлердің көліктік қолжетімділігін жақсарту болып табылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылатынын ескерген жөн. Себебі, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өңірге инвесторлар тартуды көздейтін жоба үшін көлік қатынасының маңыздылығы артады деп санаймын.
Жергілікті халықтың айтуынша, соның кесірінен өңірге Үкімет пен министрліктердің өкілдері аяқтарын аттап баспайды. Соңғы кезде келген шенеуніктерді бір қолдың саусағымен ғана санап шығуға болады. Қазақстанда былтыр жаңадан үш облыс ашылған кезде Торғайдағы қалың қазақтың облыс ашыла ма деген талапты үміті ақталмады. Торғаймен тағдырлас Семейге сүйеу болып, Ұлытау ұлықталды, ал Торғай ұмытылды. Астанадан Қорғалжын арқылы тура Орталық-Батыс авто жолы салынады деп шулатып құжаттарын дайындап, ақшасын қарастырып қойған жол да салынбайтын болды. Жалғыз қала құрастырушы боксит кен өндіруші басқармасы да жабылып, халықтың бір бөлігін көшіп кетуге мәжбүрледі. Шақшақ Жәнібек батыр, Алаш ардақтылары Ахаң мен Жахаңды, Қайнекей, Сырбай, Ғафу сынды ақын ұлдарды тудырып, тәрбиелеген киелі де қасиетті мекенге Үкімет қашан көңілін бөледі?
Осыған орай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту үшін көлік министрлігіне Арқалық қаласында әуежайды қайта салу мәселесін пысықтауды, кейіннен осы бағытта әуе қатынасын ашуды тапсыруды сұраймын, – дейді депутат.