Кеше Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Бюджет кодексі мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ жайылым жерлерді пайдалану және бизнес жүргізу мәселелері туралы заңдарды екінші оқылымда қабылдады. Жалпы, жылдың соңғы отырысының күн тәртібінде 10 мәселе қаралды.
Бюджет кодексі бірінші оқылымда мақұлданды
517
оқылды

Бюджет кодексі жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров бұл құжаттың бірнеше негізгі мәсе­лені шешуге бағытталғанын айтты. Соның ішінде бюджет процестерін жеңілдету, блоктық бюджет элементтерін енгізу, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру және тағы да басқа мәселелер қам­тылды. Ал Қаржы және бюджет комитетінің хат­шысы Татьяна Савельева қосымша баяндама­сында ко­декстің жаңа редакциясы Мемлекет басшысының Жолдауларында берген тапсыр­маларын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті. 

– Негізгі бағыттардың қатарында мемлекеттік қаржыны, оның ішінде бюджеттен тыс қорларды және квазимемлекеттік секторды басқару жүйесі арқылы іске асырылатын кеңейтілген бюджетті енгізу мәселесі бар. Реформалар бюджетті бас­қару­­дан бастап оларды бағалау және жоспарлау кезіндегі  нәтижелерді басқаруға өтуді жалғас­тырады. Жаңа Бюджет кодексінің жоба­сында халықтың қатысуы да қарастырылғанын айта кеткен жөн, – деді жұмыс тобының жетек­шісі.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттерді бекіту үдерісіне бақылау күшейтіледі. Осы мақсатта қазір орталық деңгейде жүргізіліп жатқандай тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерді қалып­тастыру және нақтылау кезінде шығыстар­дың негізгі бағыттарына алдын ала бағалау жүргізу жоспарланып отыр. Әлібек Қуантыровтың ай­туын­ша, ілеспе жобада Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкестендіру үшін 26 заңға түзе­тулер енгізіледі.

–   Түзетулердің жеке блогы мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік тетіктерін біріздендіруге қа­тысты. Концессия да мемлекеттік жеке әріп­тестіктің бір түрі болғандықтан, концессия­лық жобаларды жос­парлау және іске асыру «Мемле­кеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңмен реттелетін болады, ал «Концессиялар туралы» заңның күші жойылады, – деді Ұлттық экономика министрі.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Бюджет кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды одан әрі талқылап, екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыс­тарында жалғасады.

Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау туралы хаттаманы ратификациялады. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан Берденов түзетулер негізгі келісімге «электрондық ны­сан­дағы қызметтер» деген термин енгізу, элек­трондық қызметтерді көрсететін салық төлеу­шілерді оңайлатылған салық есебіне қою және электрондық қызметтерге қосылған құн салығын төлеу бөлігінде ұлттық деңгейден жоғары тетік енгізу көзделгенін атап өтті.

Екі заң екінші оқылымда қабылданды. Аграр­лық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, жайылым жерлерді пайдалану мәселелері бойынша енгізілген түзе­ту­­лер осы саладағы қолданыстағы заңнаманы жетіл­діруге бағытталған.

– Түзетулерде жайылымға қажетті ауылшаруа­шылық жануарларының санын жүктеме норма­сын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқы­лы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту көзделген. Жайылым жерлердің 20 млн гектарға жуығы қайтарылуға тиіс. Жайылымдарды конкурс­сыз беру нормасы алынып тасталады. Сондай-ақ елді мекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлер­дің мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайда­ланатын жайы­лымдар» жеке ұғымы енгізілді, – деді Н.Әшімбетов.

Кәсіпкерлік қызметті жақсартуға бағытталған бизнес жүргізу мәселелеріне қатысты заң да екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолдан­ды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы құжатты әзірлеу барысында депутаттар өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтама­сыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысы мөлше­рінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшей­ту, қалаларда атмос­фералық ауаны қорғауды мем­лекеттік реттеудің қосымша құралдарын ен­гізу, өңірлерде қалдық­тар­мен жұмыс істеу қызметін реттеу және ұйымдас­тыру және т.б. өзгерістер енгізгенін айтты. Сонымен қатар әкім­шілік кедергілер мен артық талаптарды қыс­қарту мақсатымен кәсіпкерлік қызметті жаңадан реттеу ұсынылды. 

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайда­лану және экология мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алды: кәсіптік одақтар туралы заңға түзетулер; ТМД елдерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдай­лар­дың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім; ЕАЭО елдерінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану жөніндегі келісім; 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақ­стан мен Қытай арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық кө­мек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу ту­ра­лы хаттама.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қоша­нов депутаттық корпустың өткен жылдағы жұ­мысын қорытындылап, бұл кезең Парламенттің жаңаруы­мен ерекшеленгенін атап өтті.

– Көктемгі сайлаудың қорытындысы бойын­ша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мә­жіліске алты саяси партия мен бірмандатты округ­тер­ден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мә­жіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді, – деді палата Спикері.

Жалпы сессия басталғалы бері палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Президент 26 заңға қол қойды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдарға 233 депутаттық сауал жолданды.

Ерлан Қошанов депутаттар жаңа 2024 жылды сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапар­мен бастайтынын атап өтті. Төраға мәжіліс­мен­дер әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жер­гілікті жерде шешімін таппай жатқан халықты толған­дыратын мәселелерге терең үңілуі керек екенін айтты. Президенттің халық­тың тұрмысын жақсарту жөніндегі тапсырма­ларының орын­далуын бақы­лауға ерекше назар аудару қажет. Сапарлардың қорытындысы бо­йынша Мәжіліс халық көтерген барлық мәселені Үкімет пен әкім­діктердің орын­дауын бақылауға алады.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бо­йынша жауап­ты мемлекеттік органдарға 17 депу­таттық сауал жолдады.