Ұлықбек Тұмашинов: Негізгі міндет – баспана мәселесін шешу

Елімізде Тұрғын үй саясатын реформалау бағытында бірқатар жұмыс қолға алынып жатыр.

Сонымен қатар Әлеуметтік кодексті және азаматтарды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Осы өзгерістердің халыққа пайдасы мен тиімділігі қандай деген сауалдар төңірегінде Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновпен сұхбаттасқан едік.

– Тұрғын үй саясатын реформалау ба­­ғытында қаралып жатқан заң жобасының бұған дейінгі заңдардан айырмашылығы бар ма? Халық үшін тиімділігі қандай болмақ?

– Иә, өздеріңіз білесіздер, қазір Мә­жілісте тұрғын үй туралы заң қарас­тырылып жатыр. Жұмыс тобы құрылған. Сол жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтатын болсам, бүгінде еліміз бойынша 647 мың адам үйге кезекте тұр. Оның тең жартысына жуығы, яғни 256 мыңы әлеуметтік осал топтарды құрайды. Олар – жетім балалар, көпбалалы жалғызбасты аналар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер және тағы да басқа санаттағы адамдар.

«AMANAT» партиясының сай­лауал­­­­ды бағдарламасында халықты тұр­ғын үймен қамту мәселесі қарас­­ты­рылған. Жақында осы мәселеге қа­­­тысты жиын өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамау­баев және өңірлердегі барлық әкім орынбасарлары, жауапты ми­­­­нистр­­­лердің бәрі қатысты. Мәселенің қалай орындалып жатқаны сол жиын­да тағы да қаралды. Әрине, жұмыс жү­ріп жатыр. Қазірге дейін бір жылда үлестірілген тек арендалық пә­тер­лер саны 11 мың болса, сараптай қа­расақ, жылдың соңғы 10 күнінде «От­­басы банк» және басқа да банк арқылы 15 мың­­­дай пәтер әлі де алы­­нады. Олар кре­дитке алынатын пәтер­­лер. «Отбасы банктің» өзінің шарт­­­­тары бар. Мәселен, «Отбасы банк» тұрғын үй жинақ қорына 50 пайызға дейін қаржы жиналған болса, кредит алуға мүмкіндік ашылады. Ол жер­дегі бір артық­­шылық – әлеуметтік топтар­ға 2,5 пайыздан беріледі. Тағы басқа да арнайы бағдарлама бойынша 5 пайыз­дан береді. 2,5-5 пайыз деген, әрине өте жақсы.

Бірақ сол қажетті ақшаны жетім бала­лар, көпбалалы аналар, мүгедек жандар жинай алмайды. Өкінішке қа­рай, мұны айту керек, мойындау керек. Бұл жерде көбіне Үкіметте жұмыс іс­теп жүрген маман­дарға, қазір жалақы­­сы өскен мұғалім­­­дерге, дәрі­­герлерге тиім­ді, олардың төмен пайыз­­­бен бас­пана рәсімдеуіне мүмкіндігі бар.

Егер анықтап қарасақ, бір жылда 25 мың пәтер салынып, үлестіріледі екен. Қазір 650 мыңға жуық адам ке­­зекте тұрса, оларды бір жылда 25 мың пәтермен ғана қамтитын болсақ, қа­шан баспанасыз халықты үймен қам­­тамасыз етіп боламыз. Бұл қар­­қын­мен 30 жыл уақыт керек. Сонда ол пәтерге дәл қазір баспанаға зәру адамның не­мересі немесе шөбересі барып тұра ма? Сондықтан Үкімет тарапынан депутат ретінде Премьер-Министрдің орын­­­басары Ерұлан Жамаубаевқа сауал қойдым. «Қаражат табу керек. Үйлерді әлі де көптеп салу керек. Бас­панасыз жүрген адамның бәрі – өзі­міздің қара­­көздер. Барлығына қазір кө­мектес­­­песек болмайды. Ал қалай көмектесуге болады?», депутаттар жұ­мыс тобында осы мәселені қарасты­рып жатырмыз. 

– Өзіңіз айтып отырғандай, жылына 25 мың пәтер беру арқылы мәселенің ше­шіл­­мейтіні түсінікті. Бірақ халыққа бе­рілген сол пәтер­­лердің, әсіресе арен­­да­лық тұрғын үйлердің өзіне тән мәсе­ле­­­­­лері бар. Мұндай үйлер халық­­тың әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағ­дайына қа­рай бейім­делген. Халықтың қал­тасы­на да ыңғай­лы саналады. Бірақ аренда­лық тұрғын үй бағдарлама­ларымен берілген бас­панада 5 жыл тұру мерзімі бекітілген. Ары қарай мұндай үйдегі тұрғындар қайда баруы ке­рек? Әлде түпкілікті заң­дастырып беру тетігі қарастырылған ба?

– Қазір арендада 51 мың пәтер бар. Адамдар сонда жалдап тұрады. Осы сатып алу құқығынсыз жалға бе­рілетін пәтерлерді сату мәселесі қа­рал­­­ды. 2017 жылдан бері нысанды жекеше­лен­діруге тыйым салын­ған. Яғни, бұрынғы заң бойынша мемле­­кеттік тұрғын үй қоры­нан алған бас­­­­па­нала­рын жекешелендіру құқығы жоқ бола­­­­тын. Қазір ондай құқық бері­ліп отыр. Жалпы, мұндай баспана­ларға 2017 жыл­дан бері 312 млрд теңге кет­кен. Биылдың өзінде 104 млрд тең­­ге қар­жы жұмсалды. Осы пәтер­­лер­­­ді жеке­шелендірсе, олардан 200 млрд теңгеден аса ақша түспек. Сол қар­­­жыны қайтадан пәтерлерді сатып алу­ға жұмсаса, тағы да кезекті жыл­дам­датуға септігін тигізбек. Бұл адам­дарға да, Үкіметке де тиімді болар еді. 

Біз мұндай үйлерді араладық, жай-күйімен таныстық, барып көрдік. Бі­ріншіден, жалға алған пәтерлердің күйі нашар. Өйткені адам өзінікі бол­ма­ғаннан кейін қарамайды. Баспа­­­налардың дәліз­деріне, есік-терезе­­леріне қарама­­ғандықтан, көп жер­­­­­­­­­­­­л­ер­­­­де күтімсіз қалған, тозған. Оған жергілікті атқарушы органдар ақша бөледі. Астана қаласы бойынша ғана 450 млн-дай ақша осы жылдары бөлініп, пәтер­лерді сақтау, күтуге жұм­салды. Екінші мәселе, мұн­да тұра­тын отбасы 5 жыл­­дан кейін үйді босату керек. Босатқан соң ол отбасы бала-шағасы­мен қайда барады? Бұл заң қабылда­нған кезде жалға алған пә­­­терді сатып алу құқы­­­ғынсыз берген. Сондықтан мұны біз қайта қарап жатырмыз. Қалада, басқа да өңірлерде сатып алу құқығынсыз алған пәтерлеріне 5 жыл толған тұр­ғын­­дар­дан депутаттардың атына көптеген хат түсіп жатыр. Сон­­­дықтан біз Өнеркәсіп және құрылыс министр­­­лігімен келісіп отырмыз. Астанада, Алматыда дайын пәтерлер бар, олар­­­дың бағасы нақтыланған. Онда еш­­қандай құпия жоқ. Астанада 1 шаршы метрі 320-340 мың теңгеден. Себебі кірпіш үй бар, монолит үй бар, соған байла­нысты баға бекітіледі. Ал сейс­микалық зона­лардағы, мысалы Шым­кент, Өске­­мен, Алматы қалала­рында тұр­ғын үйдің шаршы метрі сәл қым­батырақ, 1 шаршы метр 380 мың теңге болады. Өйткені сейсмикалық зонада кететін шығын есептеледі. Депу­таттармен осының бәрін ақыл­дасып отырмыз.

– Қазірге дейін еліміздегі барлық 18 тұрғын үй ипотекалық бағдар­лама­­лары «Отбасы банк» арқылы қаржылан­дырылып келді. Алдағы уақытта тұрғын үй бағдар­ламаларын басқа түрлі қар­жылық көздерден қаржыландыру мүм­кіндігі енгізіле ме?

– Қазір бизнес туралы заң жобасы қаралып, талқыланып, зерттеліп жа­тыр. Заң жобасына сәйкес, жергі­­лікті атқарушы органдар «Бәйтерек» хол­­динг арқылы өздеріне облига­­ция­лар сатып алып, пәтер сатып алулары­­­на болады. Облыстық бюд­­жеттен немесе басқа да жергілікті бюд­­жеттен қаражат қарастырып, олар құры­­лысты салуға тапсырыс бере алады. Егер дайын үй­лер болса, тіпті жақсы. Арнайы салын­ған үйлердің сапасы да жоғары. Сон­дық­тан Өндіріс және құрылыс ми­­­­­­нистр­лігіне осындай ұсыныстар беріп жатырмыз.

Тағы бір қаржыландыру көзі бар, оны Премьер-Министрдің орынба­сары Ерұлан Жамаубаевтан сұрадым. Кезінде заңсыздық салдарынан шетке шығып кеткен ақша бар ғой, сол ақ­шаны қайтару туралы жұмыс жүріп жа­тыр. Комиссия тағайындалды, заң қабылданды, енді ол ақша ақырындап-ақырындап қайтып жатыр. «Неге сол келген ақшаның 30 пайызын үй салуға жұмсамаймыз?» деп нақты сұрақ қой­дым. Ерұлан Кенжебекұлы ол ақ­ша мектеп салуға, аурухана салуға жұм­салып жатқа­нын айтты. Халықтың аузынан жырып, шетел асып кеткен ақшаны, халықтың игілігіне неге жарат­­­паймыз? Бұйырса, қаңтардың басында өңірлерге барып халықпен кездесеміз, ақпанның басында қайт­қан ақшаны мектеп, аурухана салуға жұмсаумен қатар, баспана салуға жұм­сау туралы мәселе көтере­міз. Сол кез­де тағы да пысықтаймыз, Үкімет басшы­­­сының алдына қоямыз. Қомақ­ты қар­­жы болмаса, 650 мың адамды қашан баспанамен қамта­масыз ете­міз? Олар өмір бойы жылап жүре ме? Ке­­­­­зек­­­­те тұрғандардың көпшілігі жетім балалар, кезекте 62 мыңдай жетім бала бар. 11 мың көпбалалы ана бар, тағы басқа да әлеуметтік осал топтар көп. Сон­дықтан осыны заңдас­тыруымыз керек. Ең басты өзекті мәселе – тұрғын үй мә­се­­лесі. Адам­ның басында баспа­­насы болмаса, адам бақытсыз. Астана­­­да қаншама баспанасыз адамды көріп жүрміз.

– Жастарды тұрғын үймен қамту мә­­се­лесі де әлі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл бағытта жастар үшін қазір­гід­ен де тиімді жүйе қарастырылып жатыр ма?

– Иә, жастарға обал. Жастардың бар­лығы баспананы жалға алып тұрып жатыр. Өзіңіз ойлаңыз, біреуде 10 пә­­тер бар, ал біреуде бала-ша­­­­ғасымен тұратын бұрыш та жоқ. Та­батыны бір 150-250 мың теңге болса, оның жар­­­­тысын пәтерақыға берсе, жастар қа­лай күн көріп жүр. Қазір жалға бере­­тін баға да қымбаттап кетті. Сон­­дық­­тан бұл мәселелердің шешімі бо­­луы керек. Президент әділдік керек деп айтып жатыр. Қоғамда әділдік болу керек.

Әсіресе, жетім балалар, қамқорсыз қал­ған балалар. Олар қайда барады? Байқасам, машина жуатын жерлерде тиіп-қашып жүрген жастар көп. Анда-мұнда баспанасы жоқ, небір тоқтай­­­тын тұрағы жоқ. Біздің жұмыс тобы­­ның әр отырысына әртүрлі эксперттер келіп қатысады, өз ойларын айтады. Түрлі әлеуметтік осал топтардың түрлі мәселелерін айтады. Мәселені уақы­тылы шешпесек болмайды, ол ушыға береді, қордалана береді, күрделене береді. 

Егер біз өз халқымызды бақытты қы­лайық десек, онда халықтың баспа­­налы болуына ықпал етейік. Астана­­ның көше­лерінде қазір таңертеңнен кеш батқанша кептеліс, кептелістен кептеліс. Халықты баспанамен қам­тамасыз ету мәселесін шешудің тағы бір жолы – Астана секілді үлкен қала­лардың маңайына шағын қала­лар салып, ол жерлерде өндірістер ашып, адамдарға баспана мен жұмыс беру мәселе­сін жүзеге асыруды қолға ала­йық. Сол қала маңындағы шағын қала­­ларда мектеп, ауру­хана, балабақ­ша барлығы үй­дің маңайына жақын болатындай жобаны қарастыруымыз керек.

Қазір жастардың көбінің банк­терде несиелері бар. Халық телефон алса да несиеге алады, тамақты несие­ге алып жат­­қан­­­дар бар. Ұсақ-түйек несие­ге байланған жастардың ипоте­камен үй алуға деген мүмкіндік­­тері шектеледі. Кезінде қаншама жылдар бойы Ұлттық қордан банктерге қан­шама ақша бөл­дік. Банк жүйесі құл­­дырап кетпесін деп, олар қиын жағ­дай­ға түскен кезде миллиардтаған дол­­лармен ақша беріл­­ді. Ал қазір банктер де әлеуметтік жауап­­кершілікті мойнына алуына болады деп ой­лаймын. 

Үлкен қалаларда халықтың шо­ғыр­лануы өте тез жүруде. Халық ауыл­дардан қалаларға ағылуда. Жастар қа­лада қалып жатыр, демография өсуде. Сол кезде баспана мәселесі тіп­тен күр­де­­­лене түседі. Сондықтан алыс елді мекендердегі ха­лықтың тұрақтап қалуын, ауылдарда халық­тың тұрмыс сапасының жақсаруын қамтамасыз ететін кешенді жоспарлар қабылдау қажет.

– Мемлекет басшысының моноқа­­лалар, аудан орталықтары мен ауыл тұр­ғ­ындарын баспанамен қамту жөнін­дегі тапсырмасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып бересіз бе?

– Үкіметтің концепциясы бо­йын­ша кезекке тұру, оны реттеу – «Отбасы банктің» құзырында. Бірақ депутаттар тарапынан «Баспана мәселесін рет­теуде жергілікті ат­­қарушы органдар да болуы керек» деген ұсыныс жаса­лып жатыр. Өзіңіз ойлаңыз, анау қиыр шет­те отырған Катонқарағайдан «От­басы банкке» шағымдану үшін 1 200-1 500 км жерден қа­­лай келеді. Сол себепті халықтың баспана мәселесінде қандай да бір шағымы болса, сол жақын маңда ша­­­ғым­данатын арнайы мемлекеттік ме­кеме болуы керек. Сон­дықтан жер­­гілікті атқарушы ор­ган­­­­дардың басын қосатын мекеме жұмыс істеуі керек. Заң аясында осының бә­рін қарап, тиімді заң шығаруға тырысып жатыр­мыз. Құра­мымызда 16 депутат бар. Оның әрқай­­сысы ұсы­­ныс­тарын ай­­тып, өзгерістер енгізіп жатыр. Бір-екі айдың ішінде заңды қа­былдасақ деген жоспарымыз бар. Бұл жер­де жаңа айттық, арендалық үйлерді жеке­ше­­­лендіруге құқық беру, оның ақшасын қайта салуға құқық беру мәсе­лелерін қарастырып жатыр­мыз. Қаржы­­­­­лан­дыруды «Отбасы банк­­ке» берген себе­бі кезекті электрон­­­­­­ды жүр­­гізіп, құ­­қықбұзу­­­­шылық болмасын деген мақ­саттан туған еді. Өйткені бі­­реулер заңсыз алға шығып кетеді, кей­біреулер себепсіз артқа ысы­рылып қа­лады деген сияқты. Сол себептен «Отбасы банкке» берейік, олар цифр­­лық фор­матта бәрін қарап, реттеп отырса деген міндет болған-тын. Бірақ жер­­­гілікті атқарушы органдар да қалыс қалмауы керек. Бірге жұмыс істеуі керек деп ой­лаймын. Осындай мәсе­лелерді үйлестіріп, шешеміз. Мә­се­­лені бейінді министрлік те, Үкімет те біледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ