«Ржавеет золото и истлевает сталь,
Крошится мрамор – к смерти все готово.
Всего прочнее на земле ПЕЧАЛЬ
И долговечней – царственное СЛОВО.
Анна АХМАТОВА
Жырсүйер қауымға ерте танылған Роза Сейілханның жүрегінен жарып шыққан әр өлеңі өзінің нәзік те сыршыл әлеміне қарай бастай ала жөнеледі. Қай өлеңіне үңілсең де көңілің алабұртып, мәртебелі поэзия әлемінің жіпсіз тұтқыны болғаныңды сезбей-ақ қаласың. Ығы-жығы әлемнен ығыр болып, кіршіксіз поэзия патшалығының табалдырығынан аттап, ақынның өлеңдеріне бас қойсаң, іңкәр бір сезім, қоңыр мұң еріксіз баурап алады. Қоңыр мұң демекші, Жұмекен Нәжімеденовтің «Қоңыр ағаш түбінде қоңырайып, отырайын деп едім сәл мұңайып», – дейтіні бар еді. Роза болса «Жұмекенмен сырласу» өлеңінде «Өмір дегенің мұң екен, аға», – депті. Бірақ төңкеріліп туған анау ай, кешігіп жеткен көктем, тау етегінде қалған балалық шақты ет-жүрегі елжірей аңсау, осының барлығы қоңырайған әлгі мұңды бір сәт сейілтіп, ақынның сағыныш кернеген көңілін одан сайын бұлқынтып ала жөнеледі.
«Жанымда сағыныш тұрады,
Сөксін жұрт, сөккісі келсе,
Сезім де жаңылыстырады,
Көшсін мұң, көшкісі келсе», –
деп қорғасындай мұң кешіп жүрген ақын сілкіне серпіліп, алдағы шуақты күндерге қарай талпына қол созады. Пәндәуи тірліктегі жан жабырқатар жайттар өмір шіркін тек қана қара бояудан тұратын шығар деген де ойларға итермелейді. Іңкәр сезім бұлқынтқан ақын біз сезінген қара бояудың өзі әппақ әлемнен нәр алып тұрғанын қалайша дөп баса білген.
«Қойыңдаршы,
Өмірге тиіспеңдер.,
Керемет қой, тау, дала, мүйіс-белдер.
Өмір деген берілген бір-ақ рет,
Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер».
Тым сезімтал ақын-жүрек көңіліңді қалдырып, кіжінткісі кеп тұратын беу дүниені осылай өбектегенде Жаратқанның ғажап сыйы – сол өмірді жақсы көріп, аймалағың-ақ келеді. Тұрлауы жоқ ғұмырдың күрсінткен кезін емес, шаттық сыйлап, қуаныш кернеткен тамаша сәттері санаңның бір түкпірінен өрік ағашындай бүр жара бастайды.
...Десек те, қоңырайған, мұңайған әлемнің кескініне жылы бір жымиыс енгізетін көктемгі даланы қаусыра құшақтап, тұншықтырып жатқан әр төбенің басындағы сірескен қардың тас-талқанын шығаратын жып-жылы алтын күрек деген өршіл жел бар. Алтын күрек аймалаған өңір ертесіне өзгеше бояуға еніп, жолына зарығып қарағаныңды қалайтын паң көктемді бар сән-салтанатымен күтіп алуға қамданып-ақ кетеді. Кешегі иығын жұлып жеп, жан-жағын әбігерге салғанына мастанатын ақпанның ақ түтегі қайда... «Жабықпаймын» атты өлеңді оқысам, сол алтын күректің жып-жылы самалы дидарымды алыстан болса да аймалайды келіп.
«Маған бақыт тілейтін бар адамды,
Көйлегімдей ұнатам киілмеген».
Осылайша, тебірене жөнелген ақынның ғаламат сезімі алтын күректей есіп, сіздің де өңірдің жусанды қырына қарай жүйтки жөнеледі. Ақ жол тілейікші, оған.
Ерекше талантты екеніне сөз бар ма, айрықша бауырмал, кіршіксіз достықты барынша қадірлейтін біздің курста оқып, жанары жәутеңдеген, киіктің лағындай әсем де әппақ қыздарымызға өлең арнауы – айрықша қуантты. Жайнаның жымиған гүл ернін, ерекше үнін, батылдығын жауқазын қыздарға үлгі етсе, айналайын Жанарға бағыштаған өлеңі жастық шағыңда жүрегіңе мұң болып ұялаған сағыныш құрғырды қайтадан маздатуын қарашы. Жанар кеткен күні мұңның да көзінен бұлақ тамыпты. Жан дүниеңді әуре-сарсаңға салған осындай жайттарды жүрек-фильтрінен өткізген Роза ақынның «Өмірге тиіспеңдерші» деп өтінуінің өзі – рухтың мықтылығы ма екен...
Бес күн тірлік қой, оның да жартысынан көбі өтіпті. Бағалайықшы, бір-бірімізді. Таусылмайтындай көрінетін қызылды-жасылды дүние дөңгеленіп барып, ентігін басар-ау... «Таусылғанда талқаның пенде-ғұмыр, дөңге қарап жалған деп көрге енесің», – деп Роза Сейілхан жырлағандай талқаны құрғыр да таусылар. Тек осы бір жылт еткен тіршілік жарықтықтың жан дүниемізге алтын күректей жылылық сыйлар әр сәтін қадірлеп өтейікші. Пышақтың қырындай ғана «Өрік гүлін» оқығанда, осындай ойлардың төңіректеп, жан-жақтан қаумалағаны бар. Өрік басқа жеміс ағаштарына қарағанда ерте гүлдеп, өрік ағашы отырғызылған бақтар 35 жылдан кейін жеміс бере бастайды дейді. Ендеше әдебиетке адалдығынан айнымай, өз әлемінде өз мұңын өзі әлдилеп, оқырмандарын қуантып келе жатқан Роза досымыздың поэзияда бағындырар белесінің алда екеніне сенейік.
Тағы да сол мұңы құрғыр алдыңнан кес-кестей береді. Бірақ мұңайған кезің болмаса, сәбидей шарықтаған сәттің қадірін сезер ме едік...
«Жылағаным мұңайып,
Кімге керек,
Арман құшам,
Жанымды гүлге бөлеп.
Бәрін қойшы,
Бір күні өтер, кетер,
Өлең жазсам деп едім,
Бір керемет».
Алла дұғаңды қабыл еткей, өмірді өлең деп ұққан, ғұмыры өлеңге айналған айналайын, Роза...
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ