Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни 2 мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен.
Ауыспалы нөмірлерден жасалған 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды
884
оқылды

Бүгінде ішкі істер органдарының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі – киберқылмысқа қарсы күрес. Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни 2 мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен. Биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Ең жиі кездесетін алдау түрі – интернет арқылы “жоқ” тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала төлем алу (7 мың факт). Екінші орында – банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар (2,5  мың факт). Үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеу (2 мың факт).

– Киберқылмыстың өсуі және оның жаңа түрлерінің пайда болуы тек Қазақстан мен ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан да оларды ашу қиынға соғып жатады. Өздеріңіз білетіндей, интернетте шекара жоқ. Қылмыскерлер түрлі анонимді, шетелдерде орналасқан сервистерді пайдаланады, – деп атап өтті ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.

Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және оларды ашумен ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы айналысады.

– Биыл жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 3 мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олардан ұялы телефондар, ноутбуктер тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын 80 млн теңгені құрады, – деді спикер.

Желтоқсан айында елордада полицейлер төрт алаяқтық сall-орталықты анықтады. Тінту іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 170-тен астам ноутбук пен желілік жабдықты тәркіледі.

Мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Биыл   43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды.

Сонымен қатар 15 қарашадан бастап Қазақстан тұрғындарының стационарлық телефондарына келіп түсетін халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңырау бұғатталды.

Сондай-ақ қарыз алу рәсімдері sms арқылы растау және биометрия жүйесімен күшейтілді.