Alageum Electric компаниялар тобы QAZAQ TILI Endowment қорына 100 млн теңге жарна аударды.
Қазақ тілін қолдау үшін 100 миллион теңге жарна аударылды
osken-onir.kz
804
оқылды

Alageum Electric компаниялар тобы қазақ тілін қолдау үшін QAZAQ TILI Endowment қорына 100 миллион теңге жарна аударды. Бұған дейін биылғы жылдың 7 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып аталған қорға жеке қаражатынан 7 млн теңге аударды. 

“Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының тұрақты және ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Ана  тілі – қазақ  қоғамының  құндылықтарының  айнасы.   Alageum   Electric   әрқашан  қазақ  тілін  және  ұлттық  мәдениетімізді  сақтауға  ерекше  назар  бөледі.   Мемлекеттік  тілдің  қолданыс  аясын  кеңейту  шараларына  үлес  қосу  –  бұл  біздің  міндетіміз.   Барлық  тіл  жанашырларын  осы  бастамаға  үлес  қосуға  шақырамыз”,   –   деді  Alageum   Electric   компаниялар  тобының  негізін  қалаушы  Сайдолла  Қожабаев.    

Эндаумент қорының басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету. Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.  QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.

 Естеріңізге салсақ, Alageum Electric компаниялар тобы – еліміздегі электротехника саласындағы аса ірі компания. Ол құрамына электротехника, электромашина жасау және құрылыс салаларында сәтті жұмыс істеп жатқан 30-дан аса ірі кәсіпорын мен зауыттарды біріктіреді. Компания өнімдері отандық және халықаралық сапа стандарттарына сай келеді. Компания өнімдері ТМД мен Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.