Қаулыға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшіріледі.
ШҚО мен Абай облысында екі-екіден төрт аудан құрылды
1,810
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгеріс енгізетін қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының құрамында Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы, Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылды.

Абай облысының құрамындағы Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы, Семей қаласының құрамынан Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын Жаңасемей ауданы құрылды.

Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Жарлықтың орындалуын бақылау Президентінің әкімшілігіне жүктелген.

Жарлық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.