Жарықтың өшкені туралы 40-тан астам тұрғыннан шағым түскен.
Атырау облысында бірнеше елді мекен тұрғыны электр жарығынсыз қалды
1,584
оқылды

Атырау облысында кеше ауа райы бұзылып, секундына 28 метр жылдамдықпен жел соқты. Салдарынан облыс орталығы мен Құрманғазы ауданының бірқатар елді мекенінде тұрғындар жарықсыз қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғат құбылысының салдарынан Атырау қаласына таяу орналасқан Ақсай, Бесікті, Талғайраң, Зарослый, Қызылбалық, Береке, Балықшы, Көкарна, Дамбы, Зарослый, Ақжар, Бірлік секілді 12 елді мекен мен «Самал», «Алмагүл», «Қараөзек», «Ескі әуежай», шағын аудандарындағы жеке тұрғын үй алабында электр жарығы өшкен.

Сонымен қатар, Құрманғазы ауданының Үштаған, Асан, Жалпақ елді мекендеріндегі электр желісінен де ақау шыққан.

Соған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов жедел штабтың отырысын өткізіп, сала мамандарын электр желісіндегі апаттың салдарын жоюға жұмылдырды. Жарықтың өшкені туралы 40-тан астам тұрғыннан шағым түскен.

«Атырау Жарық» АҚ-ның арнайы бригадасы апаттың салдарын жоюға кірісті. Электр жарығы кеше, 28 желтоқсанда жергілікті уақытпен 23:50-де беріле бастады. Ал, бүгін, 29 желтоқсанда сағат 03:20-да электр жарығы толық берілді.

«Апатты жою үшін 22 жедел бригада жұмыс істеді. Оның ішінде Атырау қаласында 14, аудандарда 8 бригада бар. Барлық материалдық ресурс пен арнайы техника жұмылдырылды. Қазір апатты толық жою үшін барлық іс-шара қолға алынды», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.