Ұзақ жылдар бойы өзінің сапалы теледидарымен, компьютерлер мен басқа да электроникасымен танылған компанияның ауыр қаржылық жағдайы туралы BBC News басылымы жазды. Мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz жапондық компанияның қиындықтарының себептерін түсіндіреді.
Компанияның Токиодағы штаб-пәтері. Фото EXECUTOR сайтынан алынды
Жапонияның ең атақты өнеркәсіп компаниясының дағдарысқа ұшырауына не себеп болды?
Toshiba ұзақ жылдар бойы Жапонияның электроникадағы әлемдік үстемдігінің символы болған үлкен корпорация. Toshiba Corporation деген атпен танылған компанияның бас кеңсесі Токиода орналасқан. Ірі трансұлттық корпорация IT және коммуникация жабдықтары мен жүйелерін, электрондық компоненттер мен материалдарды, электр энергетикалық кешендерін, тұрмыстық электроника, тұрмыстық техника шығарумен және логистикалық қызметтермен айналысады.
Бұндай алпауыттың күйреуі 2015 жылы басталды: сол жылы Toshiba бухгалтерлік есептерде үлкен заң бұзушылыққа барғаны анықталады. Бұндай заң бұзушылықты корпорацияның жоғарғы менеджменті жол бергені дәлелденеді. Жеті жыл бойы Toshiba өз пайдасын 1,59 миллиард долларға асыра көрсетіп келген.
Фото robogeek.ru сайтынан алынды
Ал 2020 жылы Toshiba-ның бухгалтерлік есептерінде жаңа заң бұзушылықтар табылады. Сондай-ақ корпоративтік басқаруға және акционерлердің шешім қабылдау тәсіліне қатысты шағымдар көбейеді.
2021 жылғы тергеу Toshiba-ны стратегиялық актив ретінде қарастыратын Жапонияның Сауда министрлігімен келісе отырып, Toshiba өзінің шетелдік бәсекелестеріне қарсы әрекеттерге барғанын анықтайды. Яғни, олардың жапондық нарықтағы жағдайын заңсыз тәсілдермен ауырлатқысы келген.
Бұдан кейін шетелдік инвесторлар да жапондық акцияларға инвестиция салудың дұрыстығына күмән келтірген соң бүкіл жапондық қор нарығының проблемасы, сонымен бірге, Toshiba-ның да, күшейе түседі.
Фото AP агенттігінен алынды. Авторы: Naoki Ueda/Yomiuri Shimbun/
Атом энергетикасымен айналысқан Toshiba 2016 жылдың соңында АҚШ-тың Westinghouse Electric компаниясы бір жыл бұрын сатып алған атом электр станциясының құрылысы үшін бірнеше миллиард доллар бөлуді өз мойнына алатынын мәлімдеген.
Үш айдан кейін Westinghouse банкрот болып, Toshiba-ның атомдық бизнесінің күйреуіне және 6 миллиард доллар қарызға алып келеді. Қарыздан құтылу үшін компания көптеген бизнесін, соның ішінде ұялы телефондар, медициналық жүйелер мен тұрмыстық техника шығаратын компанияларын сатуға мәжбүр болған.
Бұл да көмектеспеген соң, компания Toshiba Memory чипсетін сатылымға шығарады. Осылайша бүкіл технология әлемінің компаниялары жаңа инновацияларға жаппай инвестиция салып жатқанда Toshiba қарызынан құтылу үшін құнды активтерін сата бастайды.
Фото tv-toshiba.ru сайтынан алынды
2017 жылдың соңында Toshiba шетелдік инвесторлардан 5,4 миллиард доллар көлемінде қолма-қол ақша алып, делистингтен әрең құтылады. Бірақ бұл компанияның қиындықтан шығуына көмектесе алмайды. 2022 жылдың маусымында Toshiba-ны сатып алуға сегіз ұсыныс түседі.
Ал 2023 жылдың басында компания оны мемлекет қолдайтын Japan Investment Corp (JIC) басқаратын жапондық инвесторлар тобы 14 миллиард долларға сатып алатынын растаған.
Бұл Жапон елі үшін корпорацияның ұлттық мазмұны бар екенін білдіретін қадам деп бағалануда. Жаңа қожайындар Toshiba-ның бизнесін жағдайын қалай өзгертетіні әлі белгісіз болғанымен, корпорацияның қызметтен кеткен төрағасы басты назар жоғары маржалық цифрлық қызметтерге ауысатынын айтқан.
JIP компаниясының ірі өндірушілердің, соның ішінде Sony-дың ноутбук бөлімшесі мен Olympus-тың фотоаппараттар бөлімшесін тығырықтан шығарған тәжірибесі бар. 2014 жылы Sony Vaio ноутбук бизнесін сатып алғаннан кейін өткен жылы осы ноутбуктер рекордтық көлемде сатылған.
Бірақ Toshiba бұларға қарғанда әлдеқайда үлкен компания және оның үлесі жоғары: Toshiba-да шамамен 106 000 адамды жұмыс істейді және оның кейбір операциялары ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды болып саналады.
Фото 12.kruasan.websit сайтынан алынды
Бұл тақырыптан ескеретін мәселе
2015 жылы Қазақстан Үкіметі дәл осы компаниямен елімізде атом электр стансасын салу бойынша келіссөздер жүргізгені белгілі. Сол кезде Toshiba директорлар кеңесінің төрағасы Масаси Муромати Қазақстанның бірінші атом электр стансасын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын ресми түрде растаған.
Жапон елінің баспасөзі Toshiba 3,7 миллиард доллар тұратын 1 гигаватт қуат өндіретін реактор салу келісім-шартына 2015 жылдың 31 наурызына дейін қол қою жоспарланғанын да жазған. Жапон басылымдары Курчатов қаласында 2030 жылға қарай Қазақстандағы атом электр стансасы іске қосылатынын да жариялаған.
Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан АЭС салу жоспары электр қуатын өндіруде өте тиімді болғанымен, болашақ стансаның қауіпсіздігі мен стансаның ең көп дегенде 40-50 жылдық пайдалану мерзімі аяқталған соң оны залалсыздандыру, консервациясы туралы отандық мамандар да, ғалымдар да үндемей отыр. Жұмысын бітірген реактордың проблемасы мен шығындары болашақ ұрпақтың мойнына артылмақшы.
Коллаж kursiv.media сайтынан алынды
Ресми өкілдер Қазақтанда АЭС салу шығындары 10-15 млрд. доллар болады деген ақпарат таратуда. Ал оны тоқтатуға қанша млрд доллар керек болады?
Жалпы реакторды тоқтатуға қанша шығын қажеттігін, қанша жылдар кететінін, жұмыс істеп біткен радиоактивті отын, реактордың бөлшектенген корпустары ұзақ уақыт қай жерде қауіпсіз сақталатынын олар ашып айтпауда.
АЭС салуға референдум өткізілетін болса осы мәселелерді ашық жариялау халықтың қабылдайтын пікіріне ерекше әсер етері анық.
Мүмкін еліміздің шиікзатқа бай потенциалын пайдаланып, АЭС-тің орнына дәстүрлі газ немесе басқа шикізатқа негізделген ірі 2-3 электр стансасын салған экономикалық, экологиялық жағынан, болашақ ұрпақтарға таза қоршаған орта қалдыру мақсатында едәуір тиімді болар ма еді!? Бұл да асықпай ойлануды, жан-жақты сараптауды қажет ететін мемлекеттік маңызы бар мәселе.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Anton Petrus
Қысқаша анықтамалық мәліметтер
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметтеріне сәйкес, Жапонияның шағын ғана 160 МВт қуат өндіретін Tokai-1 реакторын (32 жылы бойы жұмыс істеп, 1998 жылы өшірілген) тоқтатып, пайдаланудан шығаруға 1,04 миллиард доллар жұмсалады. Ал АҚШ-тағы 436 МВт қуат өндіретін San Onofre жобасының реакторларын пайдаланудан шығаруға 4,41 млрд доллар жұмсалмақшы.
Яғни, стансаның қуаты үлкен болған сайын оны тоқтату, пайдаланудан шығару шығындары да көп болады. АҚШ-та пайдаланылған радиоактивті отынды, реактордың корпусын бөлшектеп (демонтаж) 50-60 жылдар бойы қауіпсіз жерде сақтауға арнайы зауыттар салынған.
Сонда Жапонияның Tokai, АҚШ-тың San Onofre реакторларынан 5 есе үлкен 2,4 ГВт болады деп болжанған Қазақстанның АЭС-ын тоқтату мен пайдалану шығындары 15-24 млрд доллар бола ма? Бұл сұраққа тек тәуелсіз халықаралық сарапшылар ғана жауап бере алады.