Қаулыда 2024 жылы бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемін рұқсат етілген ең жоғары деңгейде 100 млрд теңге мөлшерінде белгілеу және бюджетті тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлу қаралған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Бағдарлама бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сенімгерлік басқарғаны үшін банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендету көзделеді. Бұл түзету бағдарлама операторы — «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ мен бағдарламаға қатысушы банктер арасында белгіленетін құқықтық қатынастарды қозғайды және азаматтарды кредиттеу шарттарына әсер етпейді", - делінген құжатта.
Айта кетейік, бағдарлама 2018 жылы жұмыс істейтін азаматтарды 25 жылға дейінгі мерзіммен және 20%-дан басталатын бастапқы жарнамен 7%-дық жеңілдікті мөлшерлеме бойынша қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін іске қосылған.
2023 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша, бағдарлама аясында 974,1 млрд теңгеге 71 699 жеңілдікті қарыз берілді.