Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбаты «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрді. Мақалада айтылған ауқымды мәселелерге қатысты Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ өз пікірін білдірді.
Президент Қасіретті Қаңтар оқиғасына қатысты «...ол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді» жүрекжарды түйінін айтты.
Сонымен қоса, ел адамдарының бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алғанына да тоқталды.
Әрине, басымызға ауырпалық түскенде «Бірлік» ауылына біріктік, енді «Тәртіп» ауылында жұмылып еңбек етуіміз керек.
Қ. Тоқаев «Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ» екенін де ерекше атады.
Соның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке қатысты әрекеттерге де мүлдем төзбеушілік танытатын кез келгенін тағы да ескертті.
Осылай Президент – «Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды» деп ойын тарқатып берді.
Кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік тәртіпке шақырады.
Мүлдем төзбеушілік – бұл азаматтардың кері, қарымта әрекеті немесе кез келген ұсақ құқық бұзушылықтардың өзіне бой алдырмауы, кері жауап қайтаруы.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды деп регламенттелген.
Аталған конституциялық нормалар отбасы мүшесі қадір қасиетіне қол сұғу және жеке адамның қауіпсіздігіне де толық қолданылады.
Сондықтан азаматтардың өздеріңің құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуын қамтамасыз ету – құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастырудың басты шарты екені анық.
Әрбір азамат еліміздегі заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастыруға жауапты болуға тиіс. Еліміздің әр тұрғыны кез келген зорлық зомбылықтың, тәртіпсіздіктің, залалды әрекеттің жолын кесуге міндетті. Оны басқа біреу істейді деп күтпеу керек, арнайы органдарға сілтеп бей жәй қараудың қажеті жоқ.
Әр бір саналы азамат ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, бөтеннің мүлкін бүлдіру, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, жыныстық қол сұғушылықты ымдайтын, жыныстық қысым көрсететін, үйбұзар және басқа да әрекеттерді жасауға мүмкіндік тудырмай күресе білу абзал.
«Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады.
Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?!
Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек.
Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек» деген ескертуін есімізде ұстаған жөн.
Сонымен қоса, Қасым-Жомарт Кемелұлы, мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Біздің елде тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы және оған қарсы күрес жүйесіндегі заңнамалық база, ең алдымен, Конституция, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» арнаулы салалық Заң, қылмыстық және әкімшілік кодекстер жатады.
Осы заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық «отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана іс-әрекеті (әрекеті немесе әрекетсіздігі)»-деп айқындалған.
Осылайша, заң отбасы-тұрмыстық қатынастарда, яғни неке-отбасы қатынастарындағы адамдар, жеке тұрғын үй, пәтер немесе өзге де тұрғын үй-жай шегінде бірге тұратын адамдар арасындағы, сондай-ақ бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастарда зорлық-зомбылық профилактикасын реттейді.
Жалпы алғанда, талдау көрсеткендей, әлемдік практикада отбасындағы зорлық-зомбылықтың болдырмау мәселесінде 2 негізгі тәсіл қалыптасты, олардың бірі жазалау әдісі болып табылады.
Ол жанжалдасушы тараптар арасындағы қатынастарды тоқтату және оған кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту арқылы зорлық-зомбылық циклін бұзуға бағытталған. Бұл тәсіл заңнамасы балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату жолына түскен қазіргі заманғы елдерде басым болып отыр.
Екіншісі – ресторативтік әдіс, ол жанжалды реттеуге және отбасылық қатынастарды сақтауға бағытталған және көбінесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шараларды пайдалануды, әлеуметтік қызметтердің жанжалды реттеуге қатысуын, сондай-ақ түзету-тәрбиелеу және медициналық, ең алдымен, психологиялық көмектің мәжбүрлеу бағдарламаларын қолдануды көздейді.
Осы тәжірибені ескере отырып Президенттің «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары»-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою деп аталатын үшінші бөлігінде мынадай міндеттер көзделген:
- Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасын енгізу;
- Аудан орталықтарында және шалғайдағы елді мекендерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсету бойынша тұрақты жұмыс істейтін мамандандырылған (дағдарыстық) орталықтардың санын көбейту;
- Әйелдерге, қыздарға және басқа да осал топтарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты профилактикалық іс-шараларға тарту мақсатында отбасын қолдау орталықтарының әлеуетін нығайту;
- Әкімдіктердің даму жоспарларына әйелдер мен балаларды қоса алғанда, жеке адамға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарының профилактикасы жөніндегі нысаналы индикаторларды енгізу;
- Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық заңнаманы қатаңдату;
- ІІМ-де қызметкер әйелдерді барынша көбірек тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшені құру;
- Шағымдарды беру мен қараудың тиімді рәсімдерін, құқықтық қорғау құралдары мен санкцияларды көздей отырып, халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес «жұмыс орнындағы жыныстық қудалау» ұғымын айқындауды қамтитын еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Ал, Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларына тұрмыстық зорлық зомбылық туралы енгізілген соңғы өзгертулерге тоқталсақ:
Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды.
Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қаралды. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді.
Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.
Қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін ұзартылды.
Тұрмыстық жанжал барысында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтірілсе, ол адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.