Автобуста 4 адам болды.
Павлодар облысында кеніште қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды
945
оқылды

Павлодар облысында кеніште қаза тапқан адамдардың есімі белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде хабарлады.

«4 қаңтар түнгі сағат 01.25 шамасында "Майқайыңзолото" АҚ-ның шахтасының маңында жолаушылары бар автобус тазарту кеңістігіне құлады.  Автобуста 4 адам болды. Олар  Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының қызметкерлері (3 құтқарушы, 1 жүргізуші). Топырақтың құлау қаупіне байланысты жұмыстар күрделене түсуде. Екі құтқарушының денесі табылды. Олар – Сарқыт Берліқан, 23.10.1999 ж. т. және Олег Тышкевич, 18.09.1970 ж. т. тағы екі құтқарушыны іздеу жалғасуда», – деп жазды ол.

Әкімнің айтуынша, басқа зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептерін ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалығымен арнайы құрылған комиссия анықтайды.

«Оқиға орнында мен басқаратын жедел штаб ұйымдастырылды, оған менің бірінші орынбасарым С.Батыргужинов, ТЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы О.Трещев, Полиция департаменті бастығының орынбасары, облыстық Еңбек басқармасының басшысы, Баянауыл ауданының әкімі және басқа да жауапты тұлғалар кіреді», – дейді әкім.

Еске салайық, 2024 жылғы 4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында Майқайың кеніші маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болған.