Автокөлік дизайнындағы ең заманауи тренд сәулет өнеріне ауысқан сияқты. Bentley, Porsche, Lamborghini және Aston Martin компанияларының жоғары профильді жобаларынан кейін Mercedes-Benz те үй салумен айналысатын автокөлік компаниясына айналды.
Mercedes-Benz қазақ қыздарының сәукелесіне ұқсайтын ғажап ғимаратты Дубайда салады
Фото Binghatti Properties сайтынан алынды
1,958
оқылды

Mercedes-Benz басқа да атақты авто индустрия өкілдері сияқты зәулім ғимарат салуға шешім қабылдады. Атақты неміс брендінің жаңа бизнесі туралы newatlas.com сайты материал жариялады. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz компанияның Дубайда өте биік ғимарат салу жоспарымен толығырақ таныстырады.

Сәукелеге ұқсайтын зәулім ғимарат Mercedes-Benz Places Dubai деп аталады. Фото Binghatti Properties сайтынан алынды 

Ресми түрде жоба Mercedes-Benz Places Dubai деп аталады. Бұл – автомобиль өндірісінің көшбасшысының атақты Binghatti Properties компаниясымен бірлескен жұмысының нәтижесі.

Binghatti компаниясының Bugatti автокөлік өндірушісі үшін Дубайда сән-салтанаты жарасқан тағы бір зәулім ғимарат салғанын Aikyn.kz жазған. Бұл ғимараттағы пентхаустарына иелері көліктерімен бірге көтеріле алады. Бірнеше миллион доллар тұратын көлігіңіз жатын бөлмеңіздің жанында тұрады. Мына сілтемеден оқуға болады: https://aikyn.kz/251022/z-ulim-g-imarattag-y-p-terge-bugatti-koligi-kire-alady

Фото media.mbusa.com сайтынан алынды

Енді Дубайды таң қалдыру кезегі Mercedes-Benz компаниясына келген сияқты. Әзірше техникалық сипаттары жариялана қоймаған ғимараттың сыртқы пішіні де ерекше футуристік мазмұнда жасалған. Оның төбесі көкке ұмытылған қисық сызықпен жабылып, қасбетінде Mercedes-Benz логотипі басылатын болады.

Ғимараттың биіктігі - 341 метр. Ол Лондонның Shard пен Париждегі Эйфель мұнарасынан да биік болады. 65 қабатты ғимаратта smart үй технологиясы қолданылады, тұрғындарға сәнді алаңдар қызмет етеді. Бұл әлемдегі алғашқы Mercedes-Benz брендті резиденция. Онда 2-4 бөлмелі пәтерлерді, пентхаустарды (тұтас бір қабатты алатын, дуплекстер және триплекстер) таңдауға мүмкіндік бар. Олардың ең кішісінің ауданы - 171 шаршы метр, ең үлкені - 575 шаршы метр. Барлық резиденцияларда жеке бассейндер бар. Резиденциялардың тағы бір ерекшелігі – Бурдж Халифаның керемет көрінісі.

Фото Binghatti сайтынан алынды 

«Binghatti мен Mercedes-Benz бір жылдан астам уақыт бойы бұл жобаны егжей-тегжейлі анықтап жатыр», – деп түсіндіреді Binghatti баспасөз қызметі. «Осы уақыт ішінде болашақ тұрғындардың қажеттіліктерін бірінші орынға қоятын тұтынушыға бағытталған идея басты назарда болды. Сезім тазалығына негізделген Mercedes-Benz дизайн философиясы жобаның архитектурасының қозғаушы күшіне айналды. Оның негізі – тыныштық пен тазалық оазисінде мәңгілік және әдемі кеңістіктер жасау. Mercedes-Benz Places Dubai smart үй технологияларын ұтқыр шешімдермен үйлестіре отырып, заманауи өмір сүру кеңістігіндегі сән-салтанат пен жайлылыққа қол жеткізуді мақсат етеді».

2023 жылдың 4-тоқсанында Mercedes-Benz Places-тегі пәтерлер мен пентхаустардың бастапқы бағасы 2,4 миллион доллардан 79 миллион долларға дейін деп көрсетілген. Девелопер компания 70/30 төлем жоспарын ұсынып отыр. Алдыңғы төлем 70%, соңғы 30% жоба аяқталғаннан кейін 2026 жылдың төртінші тоқсанында төленеді. Басқа қосымша ақпарат алдыңғы апталарда күтілуде.

Binghatti салған Bugatti резиденциясы:

Жарнама арқылы да бәсекелестерді күлдіруге болады:

Қысқаша анықтама

Binghatti Properties – 2008 жылы құрылған Біріккен Араб Әмірлігінің дамыту компаниясы. Штаб-квартирасы Дубайда орналасқан. Компания жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі және құрылыс саласына маманданған. Компанияның негізін қалаған Хусейн Бинхатти Әл-Джибори.