Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғыны аса ірі мөлшерде дәрі қабылдап ауруханада қайтыс болды. Жергілікті полиция «өзін өлтіруге итермелеу» бабы бойынша іс қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2023 жылғы 28 желтоқсанда Жансүгіров ауылында болған.
Куәгерлердің айтуынша, өзіне қол жұмсаған көпбалалы ана Б. Өзбекова – өңірдегі белсенді тұрғындардың бірі.
Сол күні аудан әкімінің қабылдауында болған ол құрбысының үйіне келіп, өзіне қол жұмсау мақсатында 10 қорап аспирин ішкенін айтады.
Құрбысы дереу аудандық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлерге болған жайды ескерткен.
Аудан дәрігерлері көпбалалы ананы жансақтау бөліміне жатқызып, қажетті ем-дом жасағанымен, келесі күні науқас қайтыс болған.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптамалар тағайындалған, – деп хабарлады Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Марқұмның артында төрт баласы қалды.