Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне сұхбат берді. Соған байланысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев өз пікірін білдірді.
Аманжол Әлтаев: Президент 2026 жылғы сайлауға қатысты қаңқуға нүкте қойды
1,571
оқылды
Әлеуметтік желіде желдей есіп, ел ішін дүрліктіруге бағытталған 2026 жылы сайлауға түсетін көрінеді деген қаңқу әңгіменің жалған екенін айқындап, Президенттің өзі нүктесін қойды. Ендігі жерде қисынсыз әңгімені қоздата берудің жөні жоқ. 
Мемлекет басшысының бұл қадамы – өзге елдерге өнеге, кейінгі буынға сабақ боларлық аса маңызды шешім. 
Себебі жоғарғы биліктегі монополия, кландық биліктің тамыр жаюы, мемлекет байлығын меншіктеу секілді зардабы үлкен қателіктер бір адамның билік басында тым ұзақ отыруынан болады. Жылдар бой еңсемізді көтеруге мүмкіндік бермей келген осы кеселдің тамырына балта шабу үшін Президенттің “Бір мерзім – бір Президент” қағидасын конституцияда нақты шегендеуі – әділеттіліктің айқын үлгісі! 
Мемлекет басшысының бұл шешімінің маңыздылығын таяуда ғана өткен “Еңбек – Ел ырысы” атты айтыста Мейірбек Сұлтанхан өлеңмен өрнектеп халыққа әдемі жеткізген болатын:
 
Абайлап ұстамасаң алтын тақ та,
Алтын сап алдаспаннан жүзі аумайды.
Ата заңға енгіздік бір өзгеріс,
Бұрында көрмеп едік біз ондайды.
Президент тек жеті жыл сайланады,
Жоспарын одан артық сыза алмайды.
Квази секторларға клан қылып,
Өзінің туыстарын тізе алмайды.
Мемлекеттің байлығын бұдан былай,
Меншіктеп күйеу бала-қыз алмайды.
Айшықтап Ата заңға жазған бапты,
Енді ешкім кеп балталап бұза алмайды.
Ал енді көрші елдерге көз жүгіртсең,
Көңілін осы боп тұр бұзар қайғы.
Біздерге ақыл айтқысы келгенімен,
Өздерінің беттері қызармайды.
Биліктерін создырып қайта-қайта,
Үмітін диктаторлар үзе алмайды.
Бар былықтың бастауы осыдан ғой,
Соқыр салған соқпақтың ізі оңбайды.
Бір елді қанап-тонап, билік үшін,
Бір әулеттің ішіндегі қызар бәйгі.
Әділдікті Тоқаев бастап берсе,
Сыбайластар бүйірден сүзе алмайды.
Үлгі етсін бізді көрші мемлекеттер,
Қазақстандағы саяси бұл жағдайды.
Капитаны жаңарып отырмаса,
Кеме де кең мұхитта жүзе алмайды.
Мемлекетін ойлаған президенттің,
Мерзімі сайлау сайын ұзармайды!