2023 жылдың 12 айында сотта 6595 әкімшілік іс қаралған.
Полиция жанынан отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі арнайы бөлімше құрылады
723
оқылды

Астана қаласында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Елордалық полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Әйгерім Даркембаеваның айтуынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында 2023 жылдың 12 айында сотта 6595 әкімшілік іс қаралған. Отбасында жанжал шығаратындарға қатысты 9090 нұсқама шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойылған.

«Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «қорғау нұсқамасы» шығарылған тұлғаларды қадағалау тәжірибесін енгізді. «Қиын өмірлік жағдайдағы жеке тұлғалар мен отбасыларды қолдаудың ықпалдастық орталығы» мамандары мен учаскелік инспекторлар бірлесіп 5 отбасына әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Сонымен қатар, пилоттық режимде ODARA жүйесін пайдалана отырып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық тетігі енгізілді. Оның көмегімен ҮЕҰ психологтарын тарта отырып, агрессорлармен жұмыс жүргізіліп, тұрмыстық салада қылмыс жасауға бейім тұлғалар анықталды», – деді Ә. Даркембаева.

Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева былтыр елімізде отбасыдағы зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін айтты.

«Енді полиция қызметкерлері жәбірленушінің шағымынсыз іс қозғай алады, ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана бара алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газетке берген сұхбатында құқық бұзушылар үшін жазаны қатаңдату туралы тағы да айтты. Ішкі істер министрлігінде биыл құқық қорғау органдарының әйел-қызметкерлерін барынша тарта отырып, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады. Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстардың алдын алу бағытында әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізіледі», – дейді Б. Тойкебаева.