Қазақ хандығының жылнамашысы

Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды мұрагері, қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті – Қазақ хандығы 3,5 ғасырдан аса өмір сүріп, Қазақ мемлекеттілігінің іргетасы, тәуелсіз Қазақстан Республикасының алтын бесігіне айналды.

ХV ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде құрылып, көп ұзамай біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым Қазақ хандығының тарихын зерттеп, ортағасырлық деректер негізінде ғылыми сараптама жасап, хандықтың құрылған жылын анықтаған, қазақ хандарының шығу тегі мен тарихтағы рөлін дәйектеп, қазақ этногенезін зерделеп, жаңа көзқарасты қалыптастырған ғалым Берекет Кәрібаевтың ұлттық тарихымызды зерделеуге қосқан үлесі орасан зор. 

Бүгінде жас ғалымдарды тәрбиелеу мен білім беру саласында ұлағатты ұстаз, кәсіби тарихшы, ғалым Берекет Кәрібаевтың орны бөлек. Берекет Бақытжанұлы 1985-1990 жж. – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) тарих факультетінде оқып, «тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша маманданды. 1990 жылдан бүгінге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих факультеті Қазақстан тарихы (бұрынғы ҚазКСР тарихы) кафе­драсында ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келеді. Ғылым жолын педа­гогикалық қызметпен ұштастыра білген ғалым 38 жыл аталған университет қабырғасында еңбек етіп, қарапайым оқытушыдан академикке дейінгі қызметтік баспалдақтарды таза еңбегінің арқасында бағындырды деуге болады.

Берекет Кәрібаев 1996 жылы ҰҒА академигі Б.Көмековтың ғылыми жетек­шілігімен «XV ғ. соңғы XVI ғ. алғашқы ши­ре­гіндегі Қазақ хандығының Мауерен­нахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған болатын. Бұл кезең Қазақстан тарихының зерттеу ныса­нына айналмаған, толығымен зерттелмеген, аса өзекті проблемаларға толы болғаны мәлім. Орта ғасырлардағы Қазақ хандығының көрші жатқан Орта Азияның билеуші Темірлік, Шайбанилық әулеттермен байланысын зерттеу жұмысы өте күрделі әрі дерек көздерін терең талдау, жүйелеу, салыстыру қажеттілігі ғалымды кәсіби тұрғыда шыңдады. Осыдан кейін ұлттық сипаттағы мемлекетіміздің құрылу датасын, мемлекет билеушілерінің ел тізгінін ұстауы, ішкі және сыртқы саясаты, мәмілегерлігін зерттеу жұмыстарымен ұзақ айналысып, 2010 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Қазақ хандығының тарихында хандықтың құрылған датасын нақтылау проблемасы өте өзекті және арнайы дайындықты қажет ететін күрделі мәселелердің бірі болатын. Хандықтың құрылу уақытына әсер ететін объективті және субъективті факторларды көптеген ортағасырлық деректердің және зерттеу еңбектерінде зерделеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл мәселені зерделеу барысында қазақ хандарының шығу тегі мәселесіне қатысты екі түрлі көзқарастың аражігін ажыратып, хандардың ата-бабалары Жошының тұңғышы – Орда Еженнен таралатыны дәлелденіп, қазақ халқының қалыптасуы мен «қазақ» этно­нимінің мәні мен мазмұнына тарихнамалық талдау жүргізілген болатын.

Бұл күрделі жұмыстың қорытындысы ретінде Қазақ тарихын зерделеу мен зерттеу саласындағы қызметі еленіп, 2012 жылы ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ал 2020 жылы ҰҒА академигі болып сайланады.

Бүгінге дейін жалпы саны 850-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың, оның ішінде жеке 20 монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, 4 тарихи анимациялық фильмнің сценарийінің авторы болды. Бұл еңбектерінің ішінде ғылыми жетістіктері үшін Берекет Бақытжанұлы 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен,  «2015 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» медалімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2021 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» және осы жылы «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл ғалымның білімінің тереңдігі мен кәсіби шеберлігі, өз қызметіне деген адалдығының айғағы деп білеміз. 

Қазақ хандығының құрылу тарихына жаңа көзқарас қалыптастырған ғалымның «Түркістан және Қазақ хандығы», «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандығының күшеюі», «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. Ортасы–XVIII ғ. басы)», «Қазақ хандығының басқару институттары» атты іргелі зерттеу еңбектері мен көптеген ғылыми мақалаларының маңызы аса зор. Бұл зерттеудің маңызды­лығы Қазақ хандығының құрылғаннан бастап, біртұтас тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүру үшін қызмет еткен билеушілердің ел тарихында атқарған рөлі тарихи деректер мен жаңа зерттеулердегі көзқарастарды талдау негізінде жан-жақты қарастырылады.

Ал «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиялық еңбекте ұлттық тұрғыдағы мемлекеттіліктің қалыптасуының саяси, этникалық, рухани-мәдени алғышарттарын дәйектеп, деректер кешенінің негізінде хандықтың құрылу датасы, негізгі кезеңдерін, хандардың шығу тегін, ел тарихындағы рөлін жан-жақты зерттеп көрсеткен. Ортағасырлық араб, парсы, шағатай, армян, орыс, моңғол тілдеріндегі деректермен бірге әулеттік Хұлагулық, Делилік, Темірлік, Бабырлық, Аштарханилық, Шайбанилық, ауызша деректер мен тарихнамалық еңбектерді талдап, осы кезеңдегі мемлекеттілік, этникалық мәселелерді жүйелі түрде қарастырады. Бұл еңбектің артықшылығы «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны терең талданып, Қазақ хандарының шығу тегі мен жүргізген саясаты туралы маңызды мәліметтер келтірілген. 

Ғалымның «Қазақ хандығының күшеюі» тақырыбындағы монографиясында қазақ елінің тарихындағы Сыр бойындағы қала мәдениетінің алатын орны, маңызы тарихи деректер мен ауызша тарих айту дәстүрі, археологиялық зерттеулер негізінде талданады. Сыр бойындағы қалалардың ішінде Сығанақ, Сауран, Яссы (Түркістан), Отырар, Арқуқ және т.б. экономикалық, саяси стратегиялық, әскери бекініс, мәдени-рухани орталық ретіндегі маңызы көрсетіліп, бұл аймақты иелену жолындағы отырықшылар мен көшпенділер арасындағы қатынастар мен қақтығыстардың себебі, барысы, нәтижелері кешенді түрде зерделенеді. Бұл қалалар мен қамалдардың Қазақ мемлекетінің күшеюі үшін маңызы мен оларды иелену жолындағы хандардың қызметі тарихи деректермен нақты көр­сетіледі.

Берекет Кәрібаевтің «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. Ортасы–XVIII ғ. басы)» атты монографиялық еңбегі Қазақ мемлекеттігінің іргетасы қаланған кезеңнің күрделі мәселелерін зерделеуге арналады. Автор Керей мен Жәнібектен бастап Бұрындық, Қасым, Мамаш, Бұйдаш, Тахыр, Ахмет, Тоғым, Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім, Тұрсын, Жәнібек, Жәңгір, Тәуке хандардың әрқайсысына жеке тоқталып, мемлекет тарихындағы бұл билеушілердің сіңірген еңбегін көрсете білген. Зерттеудің маңыздылығы Қазақ хандығының құрылғаннан бастап біртұтас тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүру үшін қызмет еткен билеушілердің ел тарихында атқарған рөлі тарихи деректер мен жаңа зерттеулердегі көзқарастарды талдау негізінде жан-жақты қарастырылады. 

ХV-ХVІІІ ғғ. біртұтас Қазақ хандығының құрылған, күшейген, әлсіреген және қайта көтерілген, текетірес кезеңдерінде хандықтың тізгінін қолында ұстаған билеушілердің дарындылығы, саяси көрегендігі, мәмілегерлігі мен ақылдылығы мемлекеттіліктің дамуына күшті ықпал ететіндігі белгілі. Автор бұл еңбекте Керей, Жәнібекті мемлекеттің негізін қалаған хандар, Бұрындық, Қасым хандар хандықты күшейтіп және нығайтқан билеушілер, уақытша әлсіреу кезеңіндегі бес ханның билігінің әлсіз болуының сырын ашып, Хақназар, Шығай, Тәуекел тұсындағы қайта өрлеудің себептерін айқындап, Есім, Тұрсын хандардың текетіресін дәйектеп, Жәңгір, Тәуке хандардың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы орнын ғылыми тұрғыда анықтап берді. «Алтын ғасыр» деп аталған Тәуке ханның заманы, жеке тұлғасына берген көптеген елдің зерттеушілерінің бағасы, Тәукенің ел билігіндегі ұстанған саясаты, шебер саясаткер ретіндегі қадамдары ғылыми тұрғыда зерделеніп, әсіресе «Жеті жарғы» заңдары мен билер институтының қалыптасуы Қазақ хандығын Үш жүздің өкілдері арқылы әділ түрде басқару саясатының негізгі бағыттарын автор өз еңбегінде нақты көрсетеді. 

Кітапта автор Қазақ хандығының көрші жатқан Орыс мемлекеті, Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Моғолстан, Жоңғар және Мауереннаһрдағы Темір, Шайбани, Аштархани әулеті билеген кезеңдегі мемлекеттер арасындағы саяси қарым-қатынастардың дамуында осы билеушілердің жүргізген саясатының күшті және әлсіз тұстары көрсетіліп, тарихымыздың беймәлім, көп зерттелмеген кейбір мәселелердің басын ашып, оқырмандарға тарихи фактілерді меңгеріп, түсінуі үшін нақты және жеңіл жазылған. 

ХV-ХVІІІ ғғ. аралығында үш ғасырға жуық Қазақ мемлекетінің тізгінін ұстап, билікте отырған хандардың жеке өмірі мен мемлекеттілігімізді сақтап қалу жо­лын­дағы қызметі, білігі мен дарыны, олар­ға берілген тарихи бағасы зерттеуші Берекет Кәрібаевтің еңбектерінде терең және нақты көрсетілді. 

Сонымен қатар Берекет Бақытжанұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ресми сайтында «Қазақ хандығының тарихы» атты сайттың ашылуына да қомақты үлес қосып, ел болашағы бүгінгі жастардың ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтті. Оның авторлығымен Қазақ хандығының тарихына қатысты энциклопедиялық кітаптар, жасөспірімдерге арналған мультфильмдердің түсірілуі де жаңа технологияның даму заманында заманауи құралдармен жастарға рухани мұрамызды насихаттап, жаһандану үрдісіне төтеп беріп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудағы қадамдары деп жоғары бағалаймыз.

Болашағымыз жас ұрпақты патриоттық рухта, ұлтжанды етіп тәрбиелеуде Қазақ хандарының тұлғалық болмысын, тарихтағы рөлін саралауға, қазақтардың ру-тайпалық құрылымы мен күрделі оқиғаларды талдауға арналған бұл ғылыми еңбектердің маңызы аса зор. 

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Арал ауданының құрметті азаматы», т.ғ.д., профессор Кәрі­баев Берекет Бақытжанұлы 60 жас толуына орай 2024 жылы 9 қаңтарда «ХIII-ХVIII ғасырлардағы Отан тарихының өзекті мә­селелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. 

Берекет Кәрібаев 2016 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін кәсіби ұйымдастырушылықпен атқарып келеді. Ұстаздық шеберлігі мен тарихи зерттеу әдістерін терең меңгеруден бөлек, ғалымның адамгершілік болмысы мен қарапайымдылығы, кез келген адаммен тіл табысып, әріптестері мен достарына, үлкен-кішіге сыйлы, студенттер мен жас мамандарға үлгі боларлық тұлғаға айналды. 

Е.ЖАППАСОВ,

 Халықаралық инженерлік-технологиялық 

университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және

әлем тілдері кафедрасының меңгерушісі. 

А.ТАСИЛОВА,

ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының 

қауымдастырылған профессоры