Әу баста келісімшартсыз жұмысты бастаған азаматтар енді кімге шағынарын білмейді.
200 метрге дейін сүйреді: Астанада жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар шу шығарды
944
оқылды

Астанадағы тұрғын үй кешені мен зәулім ғимаратқа терезе салған жұмысшылар маңдай тер ақысынан қағылып, шағымдарын айтты. Айтуларынша, мердігер компания еңбекақы беруден жалтарып, түрлі сылтаумен кейінге шегеріп келеді. Ал сотқа арызданайын десе, келісім тек ауызша жасалған. Сондықтан бәрі кәсіпкердің кеңсесін аңдумен жүр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

"КТК" арнасының жазуынша, сол жағалаудағы 19 қабатты бизнес орталығы 90 пайыз шыныдан тұрады. 30 шақты жұмысшы бұл ғимаратқа үш-төрт айдың ішінде өте сапалы терезе салған. Нысан 2020 жылы пайдалануға берілгенімен, терін төгіп еңбектенген жандар әлі ақысын ала алмай келеді. «Премиум» санатындағы тұрғын үй кешеніндегі терезені жұмысшылар 2019 бен 2021 жылы салған. 12 қабатты үйде жұмыс жүргізген азаматтарға мекеме басшысы жеке өтініші бойынша алдын ала жалақының бір бөлігін беріп тұрған. Ал ай сайынғы толық жалақыны терезе орнатушылар мүлде алмаған көрінеді. Шыдамы таусылғандар жауапты мердігерге кезекті рет барып көрді. Алайда қоғадай жапырылған қалың топты көрген басшылық көлігіне отырып қашуға әрекеттенді. Оны тоқтатуға тырысқан жұмысшыны қағып та кетті.

 «Тоқтаңыздар, сөйлесейік» деп едік, тоқтамады. Сонымен мына жерге келіп тұр едім, машинасымен қағып, мені 200 метрге дейін сүйретіп апарды. Тоқтаған да жоқ, өзім жібердім. Аяғымды басып кетті. Шағым жазам, полицияға шағымданам. Дәрігерге аяғымды көрсетем. Директорларының бірі — Ербол Кизатович», - деді Рауан Өмірханов.

Ал қашып үлгермеген екінші көліктің иесі тыпыршып, тайсалып, үнсіз қалды. Қол астындағы жұмысшысымен камерасыз сөйлесемін деп әрі кеткенімен, ақыры бір байламға келмепті. Амалы таусылған жұмысшылар бұл жерге бірнеше рет келгенін айтады. Алайда еш нәтиже жоқ.

 «Келісімшарт жоқ, ауызша келіскенбіз. Келісімшарт болғанда бұлардың өзі қосалқы мердігер ғой. «Ткач» ЖК. Келісімшартсыз істей берейік деді. Сотқа жүгінгенде қолымызда еш құжат болған жоқ. Бұлар соны жақсы пайдаланды. Енді қазір үлкен бастығы сағат 5-те келіңдер, шешеміз деп айтты», - деді бригадир Арман Рахманов.

Ал бас мердігер қаражатты толық қосалқы мердігерге, яғни жеке кәсіпкерге бердім деп отыр. Жалақының есебін айырыспай жүрген сол екен.

 «2019 жылы «ТКАЧ ИЛЬИЧ»-ЖК-мен бізде шарт болған. Біз сол бойынша барлық жұмысты қабылдадық. Атқарылған жұмыстар бойынша ақша түгел төленді. Қазір біз қарыз емеспіз. Қарыз жоқ екенін дәлелдейтін де қағаздарымыз бар. Екі жақпен қол қойылған, атқарылған жұмыс актісі бар. «Ткач» жеке кәсіпкерлігіне ақша толық төленді», - деді «Астана-мегаполис» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Көкімбаев.

Жауап беруден жалтарған қос серіктес сол күйі ізім-ғайым жоғалды. Айта кетейік, екі жыл бойы күнде «ертеңмен» тойдырған мердігердің жұмысшыларға берешегі 30 миллион теңгеден асады. Қарыздан-қарызға батып шарасыз күйде жүрген азаматтар енді кімге шағынарын білмей жүр.