BYD компаниясы соңғы жылдары электр көліктерінің нарығында жетекші өндіруші болуға жақындап қалды. Бұл туралы BBC News басылымы жариялады. Aikyn.kz қытайлық өндірушінің жылдам даму себептерін британдық басылымға сілтеме жасай отырып талдайды.
Фото shikauto.by сайтынан алынды
2023 жылдың қорытындысы бойынша, қытайлық BYD компаниясы жаңа энергиялық көліктер (NEV) деп аталатын тек электр көліктері мен гибридтерді қоса алғанда 3 миллионнан астам көлік сатқан.
Ал дүйсенбіде компания 2023 жылдың соңғы үш айында аккумулятормен жұмыс істейтін 526 000 көлік сатып рекордтық көрсеткішке жеткенін жариялады. Тек желтоқсан айында сатылым 70%-дан астам өскен. Шэньчжэньдегі BYD компаниясының мәліметінше, жалпы сатылымның 1,6 миллионға жуығын электрлі көліктердің үлесінде болып отыр.
Қытайлық компанияның негізгі бәсекелесі америкалық Tesla компаниясы болса, Уолл-стрит (биржалар) ашылғанға дейін көлік өндірісі мен жеткізілімдері туралы соңғы тоқсандық мәліметтерін жариялайды деп күтілуде.
Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Экономикалық сарапшылардың болжамынша, Tesla 2023 жылдың соңғы үш айында шамамен 483 000 және тұтастай алғанда 1,82 миллион электр көлігін сатқан. Өткен қаңтарда Маск Tesla-ның 2023 жылы 2 миллион жеткізу мүмкіндігі бар екенін мәлімдеген, бірақ содан бері кредиттік пайыздардың жоғарылауы оның компаниясының көліктеріне сұранысты азайтуы мүмкін екені де ескертілген.
BYD-тың қазіргі бас директоры Ван Чуанфу 1995 жылы немере ағасымен бірге Шэньчжэньде BYD компаниясын құрған. Компания өзін смартфондарда, ноутбуктерде және қымбатырақ жапон импортымен бәсекелесетін басқа электроникада қолданылатын батареяларды өндіруші ретінде көрсетті.
Tesla екінші орынға ығысар ма екен?! Фото Getty Images сайтынан алынды
Компания өз акцияларын қор нарығында 2002 жылы саудалай бастады және қиын жағдайда тұрған мемлекеттік автокөлік өндіруші Qinchuan Automobile Company-ды сатып алу арқылы өз қызметін әртараптандырды.
2008 жылдан бері BYD акционерлерінің қатарына атақты америкалық инвестор Уоррен Баффетке тиесілі Berkshire Hathaway компаниясы да кірді.
Сарапшылардың пікірінше, BYD өсуіне компанияның негізгі аккумуляторлық бизнесі көмектескен. Аккумуляторлық батареялар электр көлігінің ең қымбат бөлігі саналады және компанияның оларды өзінде шығаруы BYD-қа көп ақша үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл басқа бәсекелестерінің арасында компанияға үлкен артықшылық береді. Өйткені BYD бәсекелестерінің көпшілігі электр батареяларын басқа өндірушілерден сатып алады.
Премиум санатындағы 2023 жылғы BYD TANG EV моделі туралы толығырақ мына видеодан көруге болады: