Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.
Атап айтқанда:
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды;
– Саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу.
Негізгі реформалар
1. Демократияға атсалысу:
Мемлекет басшысының реформасына сәйкес заңнамаға ҚР Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді. Яғни, Президенттің екі рет сайлану құқы жоқ. Бұл Қазақстандағы демократия қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді.
Суперпрезиденттік өкілеттікті жоюға бағытталған конституциялық реформалар іске асырылды. Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, оның Сенаттағы квотасы қысқартылды.
Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Тіркеу ережелері жеңілдетілді.
Ұлттық заңнаманы либерализациялау нәтижесінде «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа саяси партиялар тіркелді. «Республика» партиясы 2023 жылғы наурызда өткен Парламент сайлауында «AMANAT», «Ақ жол», «Ауыл», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және «Қазақстанның Халық партиясы» секілді танымал партиялармен қатар жеңіске жетті.
Мәжілістің өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Жаңа модельге сәйкес сайлау партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша өтті. 2023 жылғы наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша Парламенттен орын алған алты партияның үшеуі депутаттық мандаттарға алғаш рет ие болды, ал оның біреуі – оппозициялық партия.
2022-2023 жылдардағы сайлауларда еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай келетін сайлауды реттеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сайлау кезіндегі партиялық тізімдерді жасақтау және парламенттік мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы квота енгізілді.
Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл ауылдық округтер әкімдерінің шамамен 60 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді.
Өңірлік қаржыландыру ісін трансформациялау және жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергілікті билік органдарының өкілеттіктері кеңейтілді. Жергілікті өзін-өзі басқару құқығы жергілікті билік органдарына берілді.
Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алды.
Халықтың елді басқару ісіне және Қазақстанның болашақ дамуына қатысты идеологиялық, мәдени параметрлерді айқындайтын шешімдер қабылдау процестеріне қатысуын ынталандыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды.