Атбасарда полицейлер мас күйінде қоқыс жинайтын көлікті айдап кеткен 30 жастағы жігітті ұстады. Ол қоқыс таситын көлікпен қызына бармақ болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға 10 қаңтар күні Атбасар қаласында болған. Полицейлер жолда батып қалған жүк көлігін байқап қалған. Жүргізушіге көмек қажет болды ма деп барған полиция қызметкерлеріне «МАЗ-5340 В2» қоқыс төгетін көлікті тізгіндеген жүргізуші көлік басқару құқығын да көрсете алмаған. Оның үстіне сөйлескен кезде полицейлер жігіттен алкогольді ішімдіктің иісін сезген.
Тексеру барысында полицейлер жігіттің өзі күзетші болып жұмыс істейтін өнеркәсіп базасының гаражынан көлікті айдап кеткенін анықтайды. Жүргізушінің айтуынша, ол ішімдік ішкеннен кейін қолына түскен қоқыс таситын көлікпен қызына бармақ болған. Жігіттің өрекпіген көңіліне гараждың үлкен қақпасы да кедергі болмай көлікпен бұзып өткен.
– Ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы «Мас күйінде көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Атбасар аудандық соты оған көлік басқаруға ешқашан құқығы болмағанын ескеріп 20 күнге дейін бас бостандығын шектеді. Сонымен қатар полицейлер Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Атбасар ауданының полиция жедел тобының айтуынша, аталған оқиға жүргізуші көлікті мас күйде айдағандықтан жол-көлік оқиғасына ұшырап өте қайғылы аяқталуы да мүмкін еді. Алайда тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында қылмыс көліктің иесі білгенге дейін-ақ анықталған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы