Оған Global FirePower платформасында жарияланған рейтинг куә. Платформа үшін ақпарат жинайтын мамандардың есебі бойынша, Қазақстан әскери қуаты жағынан әлемдегі 145 мемлекеттің ішінде 58-орынға ие болыпты. Былтыр рейтингте 63-орында болған едік.
Орталық Азияда бірінші орындамыз
Global FirePower-дің кезекті рейтингін әдеттегідей АҚШ бастап тұр. Алып державаның әскери қуаты мықты екеніне ешкімнің дауы болмайтыны сөзсіз. Өйткені экономикалық дамуы, ғылыми-технологиялық мүмкіндіктері жағынан АҚШ бәрібір көш бастап келеді. Ал екінші орынды Ресей иеленіпті. Үштікті Қытай түйіндейді. Түркі мемлекеттерінің ішінде алғашқы ондыққа Түркия енген. Рейтингте түрік бауырлар 8-орында тұр. Сөйтіп, бауырлас елдердің арасында Түркия көш бастапты. Одан кейінгі орынға Қазақстан жайғасқан. Әзербайжан рейтингте 59-орынға шығып, алты түркі мемлекетінің ішінде үшінші болып тұр. Өзбекстан 65-орында. Былтыр өзбек ағайын 62-орында болатын. Түрікменстан биыл 83-орында тұр. Былтыр 82-орында еді. Қырғызстан былтыр 107-орында болса, биыл 100-орынға көтеріліпті. Тәжікстан болса 107-орынға жоғарылаған. Былтыр 120-орында еді. Осылайша, Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде әскери қуаты жағынан көш бастап тұр. Тек Орталық Азия ғана емес, Кавказ бен Оңтүстік Азия елдерінің арасында да Қазақстанның әскери қуаты біршама алдыңғы қатарда екені байқалады. Атап айтқанда, Оңтүстік Азияда Үндістан мен Пәкістан, Кавказ бен оның оңтүстігінде Иран ғана Қазақстаннан озып тұр.
Тіпті, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан соң үшінші орынды иеленген. Украина жалпы рейтингте 18-орында болса, Беларусь – 64-орында. Егер Қазақстан соңғы үш жылда 62-64 орындар иеленіп, Өзбекстан мен Беларусь алдымызды орап кеткенін ескерсек, биылғы рейтинг қорғаныс саласында біршама жетістіктер бар екенін көрсететін сыңайлы.
Қорғаныс бюджеті көбейіп келеді
Жалпы, Global FirePower рейтингі 60 фактор ескеріле отырып жасалады. Онда мемлекеттің аумағынан бастап, сыртқы қарызы, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші, алтын-валюта қоры, теңізге шығатын жолы, халық, резервтегі әскери міндетті азаматтар, ұрыс техникасының саны, көлік-логистикалық мүмкіндіктері қатарлы көптеген санаттар қарастырылады. Алайда әскери білім, қоғамның армияға деген көзқарасы, патриоттық тәрибе, құқықтық база, қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған жоспарлар тәрізді мәліметтер бұл рейтингте ескеріле бермейді. Сондықтан Global FirePower рейтингінің шартты тұстары да бар. Айталық. былтыр Қазақстан міндетті борышын өтеу үшін 37 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылды. Олардың 16 мыңнан астамы Қарулы күштердің, 21 мыңы Ұлттық ұлан, ҰҚК шекара қызметі. Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімдерінің жеке құрамын толықтырды. Сол сияқты былтыр Қарулы күштердің түрлі бөлімшелерінде жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 16 мыңнан астам, атыс машықтарын меңгеру үшін 40 мыңнан астам жаттығу өткізді. Қазақстан жерінде 6 халықаралық әскери оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер шетелдердегі 24 оқу-жаттығу мен жарыстарға қатысты. Қазақстан армиясын қаруландыру да жалғасып жатыр. 2023 жылы армияға 70-тен астам жаңа әскери техника мен 196 түрлі модификациядағы көлік тапсырылды. Әскери авиапарк Airbus Military концерні жасаған С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен, 4 дана Су-30СМ ұшағымен толықтырылды. Бұл жойғыш ұшақтардың тағы 6 данасы және «ТОР-2МК» зениттік зымыран кешендері Қазақстанға биыл жеткізіледі. Армияға Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтары да тапсырылды. Одан бөлек, «БК-16» диверсияға қарсы қолданылатын катерлері де әскерге берілді. Былтыр түріктің Anka S ұшқышсыз ұшатын аппараттарын алдық. Әскерилер оны ұрыс тәжірибесінде қолдана бастады. Алдағы уақытта осынау техниканы бірлесіп құрастыратын зауыт ашылуы мүмкін. Қазір Қазақстан армиясында Wing Loong-1, Anka S және Skylark барлау ұшқышсыз ұшатын аппараттары бар. Бірақ бұл деректер рейтинг жасау кезінде ескеріле бермейді.
Сондай-ақ Қазақстанның қорғаныс бюджеті де өсіп келеді. Әрине, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына әлі жете қойған жоқ. Дегенмен 2023 жылы қорғанысқа 1,2 трлн теңге бөлу жоспарланған еді. Бұл дегеніңіз – біріншіден, 2022 жылға қарағанда 11,6 пайызға көп, екіншіден, шамамен 2,6 млрд доллар көлеміндегі сома. Алайда Global Fire Power рейтингінде Қазақстанның қорғаныс бюджеті 7,5 млрд доллар деп көрсетілген. Шамасы, рейтингті жасаушылар қателескен сыңайлы. Сондықтан кәсіби мамандар әдетте SIPRI (Stockholm international peace research institute) зерттеулеріне көбірек назар аударады. Қазақстанның қорғаныс бюджетіне қатысты есеп-қисапты да осы институт ұсынады. Дегенмен еліміздің қорғаныс әлеуетін бағалаған кезде бірқатар деректердің құпия сақталатынын да ескеру қажет.
Әскер қуатын арттыру бір күндік жоспар емес
Негізі, Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін жетілдіруді ұдайы назарында ұстап келеді. Қысқа күнде қырық құбылған геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы күштерге қойылатын талаптар да күшейе түспек. Былтыр күзде Іле өзенінің жағалауында өткен жаттығу кезінде Қ.Тоқаев: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіре-се гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап», – деген еді. Сөйтіп, сын-қатердің сан қырлы сипаты бар екенін де айтқан.
Айтпақшы, Жоғарғы бас қолбасшының армияны күшейтуге қатысты тапсырмалары бір-бірін толықтыра түсетін, ұзақ мерзімге бағытталған жобалар екенін де атап өту керек. Президент 2019 жылдан бері армиядағы жедел әрекет ететін топтарды жетілдіру маңызды екенін бірнеше мәрте атап өткен-ді. Сондай-ақ армияның мобильділігін арттыруды, әскери транспорттың авиация саласын жетілдіруді тапсырған. 2021 жылы 20 тамызда Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен еді. 2030 жылға дейін қолданылатын тұжырымдама Президенттің 2019 жылғы Жолдауында қарастырылған мақсат-міндеттерді орындау үшін жасалған-ды. Ал Президенттің 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында қорғаныс өнеркәсібі кешеніне көңіл бөлді. Парламент былтыр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Биыл аумақтық қорғаныс күштеріне қатысты заң қабылдануы мүмкін. Мұның барлығы елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған шаралар. Бәлкім, содан да шығар, Global FirePower рейтингінде Қазақстанның позициясы жақсара түсті. Алайда ешбір рейтинг армияның қаншалықты қауқарлы екенін анықтай алмайды.
Ардақ СҰЛТАН