Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жаңа болжамына сәйкес жасанды интеллект барлық жұмыс орындарының 40%-ына әсер етеді. Экономистер ЖИ адамдар арасындағы теңсіздікті күшейтеді деп алаңдауда.
Жасанды интеллект жұмыс орындарының 40 пайызын тартып алады
Фото newprospect.ru сайтынан алынды
2,611
оқылды

Халықаралық валюта қоры өзінің жаңа талдау есебінде жасанды интеллект әлеуметтік теңсіздікті шиеленістіреді деген болжам айтады. Aikyn.kz 5 сағат бұрын BBC News басылымы жариялаған ақпаратқа сүйеніп, жасанды интеллектің пайдасы мен қауіп-қатерлерін талдайды.

Фото russian.rt.com сайтынан алынды. Авторлығы: Karen BLEIER / AFP

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева «көптеген сценарийлерде ЖИ жалпы теңсіздікті нашарлатуы мүмкін» деп мәлімдеген. Георгиева ханым саясаткерлер «технологияның әлеуметтік шиеленісті одан әрі күшейтуіне жол бермеу» үшін ЖИ-дің жылдам даму үрдісін бақылауға алуы керек деп ойлайды.

ХВҚ жасанды интеллект экономикасы дамыған елдердегі жұмыс орнының үлкен үлесіне (шамамен 60%) әсер етуі мүмкін екенін, осы жағдайлардың жартысында ЖИ интеграциясынан жұмысшылар пайда көріп, өнімділігін арттыратынын айтты.

Басқа жағдайларда, ЖИ қазіргі уақытта адамдар орындайтын негізгі тапсырмаларды орындауға қабілетті екенін дәлелдеген. Бұл жұмыс күшіне сұранысты азайтып, жалақыға әсер етіп, тіпті жұмыс орындарын қысқартуы мүмкін.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева. Фото mediapool.bg сайтынан алынды

ХВҚ болжамы бойынша, жасанды интеллект технологиялық деңгейі мен әлеуеті төмен елдердегі жұмыс орындарының тек 26%-ына ғана әсер етеді.

Георгиева ханым «осы елдердің көпшілігінде ЖИ мүмкіндіктерін пайдалану үшін инфрақұрылым немесе білікті жұмыс күші жоқ, бұл технология уақыт өте келе елдер арасындағы теңсіздікті ушықтыру қаупін арттыратынын» ескертеді.

Жалпы, табысы жоғары жұмысшылар мен жас жұмысшылар ЖИ қабылдағаннан кейін өздерінің жалақылары жоғарылағанын байқауы мүмкін. Табысы төмен жұмысшылар мен қарт адамдар ұтылатыны анық.

Жасанды интеллектің адамдарды алмастыруға қатысты пікірлерді мына видеодан көруге болады:

 

«Әрбір мемлекет әлеуметтік қорғаудың кешенді жүйелерін құру және осал қызметкерлерді қайта даярлау бағдарламаларын ұсынуы қажет. Осылайша, біз ЖИ-ге көшуді инклюзивті ете аламыз, өмір сүру құралдарын қорғай аламыз және теңсіздікті азайта аламыз», – дейді ХВҚ-ның басқарушы директоры.

ХВҚ талдауы Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда әлемдік бизнес және саяси көшбасшылардың кездесуінде ұсынылды.

Фото newseu.cgtn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Denis Balibouse/Reuters

Жасанды интеллектің жылдам өсуі оның пайдасы мен қауіп-қатерін сараптауға деген әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударды. ЖИ ChatGPT сияқты қолданбалардың танымалдылығының артуына байланысты күн тәртібіндегі негізгі талқылау тақырыбына айналды.

Дамыған елдерде ЖИ технологиясы құқықтық тұрғыда реттеле бастады. Өткен айда ЕуроОдақ шенеуніктері ЖИ пайдалануды реттейтін әлемдегі алғашқы толық заңдар туралы алдын ала келісімге келді.

Еуропарламент осы жылдың басында Жасанды интеллект туралы заңның ұсыныстарына дауыс береді, бірақ қабылданған заңдар 2025 жылдан кейін ғана күшіне енетін болады. АҚШ, Ұлыбритания және Қытай жасанды интеллект бойынша өздерінің құқықтық ережелерін жариялаған жоқ.