Кейінгі кезде шетелге барып, нәпақасын тауып жүргендердің саны артқан.
Екі дипломым болса да, Ұлыбританияға құлпынай теруге бардым – Мираж Ойшиева
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев
2,988
оқылды

Әсіресе, маусымдық жұмыс істейтіндер көп. Олардың мақсаты –  аз уақытта қомақты қаржы жинап келу, қарызын, несиесін төлеу. Бүгінгі кейіпкеріміз Мираж Ойшиева былтыр Англияның Кент аймағында құлпынай мен таңқурай теріп, жарты жылға жуық уақыт жұмыс істеп келген. Жақында өзі жұмыс істеген фермадан шақырту алған ол тағы да жұмыс істеуге барғалы отыр. Түрік, ағылшын тілдерін жетік меңгерген әрі елде заңгер болып жұмыс істеген маманды әңгімеге тартып, шетел асуына не себеп болғанын сұраған едік.

 

Мираж Ойшиева – көпбалалы ана. Жамбыл облысы  Сарысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Тараздағы халықаралық экономикалық қазақ-түрік колледжінде білім алады. Содан кейін Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. Одан кейін Тараз мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын алып шықты. Елде осы екі мамандығы бойынша еңбек етті. Ағылшын, түрік тілінен сабақ беріп, заңгер, несие бойынша кеңесші болып жұмыс істеп жүрген ол Англияға баруға аяқастынан шешім қабылдапты. 

«Бірге жұмыс істейтін әріптесім «Сайтты ағылшын тілінде толтыруға көмектесіп жіберші» деп өтініш білдірді. Соған көмектесіп отырып, ойламаған жерден өзім де кетіп қалдым. 2022 жылдың желтоқсанынан өтініш бердім. Өтінішім қабылданып, 2023 жылы 1 мамырдан виза алдым. Виза мерзімі 1 қарашаға дейін алты айлық болатын. Бірақ 12 айлық болып есептеледі. Алты ай ғана сол жерде болу керек. Сонда 1 мамырда барсақ, одан кейін келесі жылдың 1 мамырында бара аламыз. Оған дейін виза алмаймыз. Біздің маусымдық жұмысқа арналған виза Tier5 деп аталады. Негізі біздің агенттіктің өзі виза толтыруға көмектесті. Барлығы тегін болды. Шығынға келсек, билет, консулдық алымға төледік. Ал жұмысқа тұру, агенттіктің қызметі тегін болды», – дейді Мираж Ойшиева. 

Осылайша, кейіпкеріміз төрт баласын анасына қалдырып, Англияға аттанады. Кішкентайы небәрі екі жаста болатын. Сөйтіп, ол жақта құлпынай мен таңқурай өсіретін жылыжайға жұмыс істеуге барады. Негізгі жұмыс – құлпынайды жапырағынан ажыратып отыру. Жеміс астыңғы жақта салбырап тұруы керек, ал жапырақтары жіптің арғы жағында жиналып тұруы тиіс. Осыдан кейін жемісті жинау ыңғайлы болады. Сонымен бірге жылдамдыққа ілесіп жұмыс істегендіктен,  бұл әдіс шаруаның тез бітуіне септігін тигізеді. Мираж Ойшиева алғашында жұмыс істеу қиынға соққанын айтады. Өйткені өзі де, қасындағылар да бұрын қол күшін көп қажет ететін мұндай жұмысты істемеген. Бірақ бәрі бір айға жетпей шаруашылық жұмысын шырқ үйіріп әкетіпті. Мұндағы талап бәріне ортақ. Ер, әйел деп бөлінбейді. Өйткені еңбекақы бәріне бірдей төленеді. Кейіпкеріміз айына 1,5 миллионға жуық табыс тапқанын айтады. 

«Келгеннен кейін алты айға келісімшартқа отырдық. Жұмыс таңғы сағат 06-да басталады. Тоғызда таңғы асқа он бес минут уақыт беріледі. Сосын он екіде түскі ас ішеміз. Оған жарты сағат беріледі. Сөмкемізді асынып жүреміз, оның ішінде тамағымыз болады. Бір алқапта 20-30 жылыжай бар. Бұл жақтың табиғаты ұнады. Басында контейнерде тұрдық, суық болды. Кейін жылу, жастық, көрпе берді. Өзімізбен бірге ыдыс-аяқ ала барғанбыз. Негізі бұл жақта ең керегі етік пен жаңбырдан қорғайтын киім», – дейді Мираж Ойшиева.

Ол Англияға жұмысқа барарда шет тілін білу шарт емес екенін айтады. Өйткені әрбір топта ағылшын тілін білетін бір адам табылады екен. Сол аударып отырады. Мәселен, Мираж Ойшиеваның өзі шет тілін білетіндіктен сондай қызмет атқарған. Ал жалпы, өзімен бірге барған отандастарымыздың  көбі жоғары білім алып, магистратура бітірген, тіл білетін жастар. Шетелдіктер осыған қызыға қараған. 

 

«Шетелдіктер бізді еңбекқор, ақылды деп, ризашылығын білдірді. Көрші елдерден де барып жатқандар көп. Соның ішінде Қазақстаннан барғандардың көбі ағылшын тілін біледі. Соған риза болды. Тіпті, сол жерде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген кісілер білмегенін бізден сұрап жүрді. Жұмысқа үйреніп алғаннан кейін апта сайын сенбі, жексенбіде әр қаланы аралап, тарихи жерлерге баратын болдық. Олар ұйымшылдығымызға, жаңа дүниені білуге құштар болып тұрғанымызға таңданды. Өйткені 10-15 жылдан бері жұмыс істеп жатқандар бұлай шықпаған екен. Дүкенге барып келеді, болды. Тартынып тұрады. Лондонға да бармағандар бар. Біз екі адамның басы қосылса да, барлық жерін аралап көрдік», – дейді ол.  

Жақында Мираж Ойшиеваны өзі жұмыс істеген фирма қайтадан жұмысқа шақырған. Енді осы ұсынысты қабыл алмақ ниеті бар. Айтуынша, ол жақта еңбекақы сағатына төленеді. Мысалы, жылыжайда жұмыс істеп, сағатына 6 мың теңге табуға болады. Кейінгі кезде отандастарымыздың шетелге жиі шығуының себебі осында жатқаны жасырын емес.  Олар көбі маусымдық жұмысқа несиесін жабу үшін барады екен. 

«Бізбен бірге барған отандастарымыздың саны 8  мыңға жуық болды. Барлығының мойнында несиесі бар, үлкені, кішісі болсын. Бір жас отбасыны білемін. Жасы 25-те. Олар үй алу үшін барды. Екеуі ақшасын жинап, Астанадан үй сатып алды. Ондай да жағдай бар», – дейді Мираж Ойшиева.

Кейіпкеріміз Англияда тек жұмыс істеп қана қоймай, PR-менеджер мамандағы білім алып келген. Енді Англия, АҚШ, Еуропаға оқуға түсуге ниет білдірген жандарға көмектесуді жоспарлап отыр.