Бес перзентімен отағасын күткен Нұрсұлу іздестіру жұмысынан нәтиже көрмей шарасыз отырғанын алға тартты.
"Бес баласы күтіп отыр": Майқайыңда жер астына құлаған автобус ішіндегі қызметкердің жұбайы оқиғаның мән-жайын айтты
Cурет Айдос Шаймерденнің вконтакте желісінен
9,533
оқылды

Павлодар облысында "Майқайыңалтын" АҚ шахтасында жолаушыларымен бірге шұңқырға түсіп кеткен автобустың іздестіріліп жатқанына 13 күндей уақыт өтті. Сол күні автобус ішінде бөлім командирінің жедел профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Айдос Шаймерден болған. Жұбайы Нұрсұлу бес баласының әкесінің тірі екеніне сеніп, үмітін үзбей күткенімен, құтқару жұмыстарынан еш нәтиже болмай жатқанын сөз етті. Келіншек Stan.kz тілшісіне сол күні болған жағдайдың мән-жайы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бес перзентімен отағасын күткен Нұрсұлу іздестіру жұмысынан нәтиже көрмей шарасыз отырғанын алға тартты. Айтуынша, жұбайы Айдос өте ақкөңіл, жұмысына адал адам. Сол күні оған шахтадан шақырту келген. Бірақ күзетші ақпаратты дұрыс айтпаған.

«Күзетші жол туралы ескертпеген. Шахтада жарылыс болғанын ғана айтып, ал жердің опырылғанын түсіндірмеген. Автобустың артында комбинаттың да қызметкерлері келе жатқан. Алайда олар дер кезінде тоқтап қалған. Ал менің жолдасым бар автобус құтқарушылар болған соң, алда бірінші жүрген”, – деді келіншек.

Нұрсұлу жолдасының сол кездері жұмысқа кетерде бірдеңені сезгендей бір апталық отын жарып кеткенін айтып отыр.

«Жолдасым жұмыс кестесі бойынша бір аптаға кететін. Сейсенбі күні кетсе, келесі аптаның сейсенбісінде үйге келетін. Сол уақытта ол отын жарып, күл шығарып, әзірлеп кетеді. Сол күні сезді ме, білмеймін маған: «Жаным енді келе алмаймын, кімнен көлік сұрап жүрейін. Мына жарып кеткен көмір саған бір аптаға жетеді» деді. Өзінің екі араға қатынайтын көлігі болмады», – деп қосты Нұрсұлу.  

Айдос отбасының жалғыз ұлы. Оның кәмелетеке толмаған бес перзенті бар. Үлкені 12-де, ал кішісі әлі екіге толмаған. Жарының айтуынша, қазір жақындары мен туыстарының барлығы аяқтан тік тұрып, уайымдап жүр. Алайда іздеуден нәтиже жоқ.

«Ол жұмысы қауіпті екенін білді. Негізі менің жолдасымның қызметі қағаз толтырып, үстінен қарап отыру. Алайда оларда қызметкерлер саны жетпейді. Сол себептен оқу бітірмеген студенттерге дейін сол құтқару шахтасында жұмыс істейді. Қызметкерлер саны жетпегесін жолдасым да бірге жүрген ғой. Негізі мұнда мәселелер көп. Мамандар тапшы, айлығы аз», – деді Нұрсұлу. 

Айдостың жұбайының айтуынша, алғашында автобус құм арасынан көрінген екен. Алайда сол сәтте құтқарушылардың жабдықтары болмаған. 

«Бірінші күні сканерді күтті, екінші күні иттер келді, үшінші күні кран алдыртты. Бірінші күні кешкі сағат алтыдан кейін қараңғы болғасын жұмыстың бәрін тоқтатып тастады. Екінші күні альпинистер де уақытты созып төрт күнге дейін жүрді. Иә, жұмыс істеп жатыр. Бірақ нәтиже болмай тұр ғой. Шахтада 51 жыл қызмет атқарған адамға төрт күннен кейін ғана іздеуге қатысуына рұқсат етті. Қазір сол кісінің жоспарымен жұмыс істеліп жатыр. Бірақ осымен 13 күн болды. Шыдамымыздың шегі таусылды. Біздің туысқандар да, екінші жүргізушінің туыстары да сол жақта. Олар депутаттардан бастап Президент кеңсесіне дейін шығып жатыр. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Жете алмай жатыр, не экскалатор кіргізе алмайды. Айтатындары «сол қуыста жатыр» болды. Бір күн саз шықты дейді, бір күн астынан су шықты деді. Біз тіпті білмей тұрмыз. Нақты автобустың үстін қазып жатса, бүгін, ертең жетіп қалар деген үміт болушы еді», – деп қосты Нұрсұлу. 

Келіншек қазір құдайдан жарының амандығын ғана тілеп отыр.

«Бір жерінде ауа бар шығар, тірі шығар деп үміт етіп отырмыз. 13 күн өтті. Аудан әкімі, облыс әкімі, төтенше жағдай қызметкерлері – бәрі сол жақта. Қолынан келгенін жасап жатыр. Алайда бізге нәтиже керек. Бұл жер опырылып, ішіне автобус түсіп кеткен ТМД-дағы бірінші жағдай екенін түсінемін. Бұған дейін мұндай дүние болмаған. 

«Жұбайымды жұмысқа қалай кетті, солай тірі етіп шығарып берсін» деп талап та еттім. Үйде бес бала күтіп отыр. Үлкені 12-де, кішісі әлі екіге де толмаған. Жолдасым отбасындағы жалғыз ұл, ата-анасы бәрі біздің үйде. Қазіргі жағдайымызды көрсеңіздер, ел-жұрт бәрі келіп жатыр. Кімге шығып, кімнен көмек сұрауға болатынын білмеймін. Жұбайымды шығарып беруді талап етемін», – деп түйіндеді Нұрсұлу.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайыңалтын кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені хабарланған еді. Екі адамның денесі табылды. Ал тағы екі адам мінген жер астына құлаған автобус әлі іздестіріліп жатыр.