Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобусты шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.
«Майқайыңалтын» кенішіндегі апат: министрлік соңғы мәліметтерді хабарлады
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
755
оқылды

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобусты шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Жағдай өте күрделі, өйткені мамандар жердің скринін түсірді. Осы ретте, олар автобустың шамамен қай жерде орналасқанын анықтады, яғни құрылғылар ол жерде шынымен металл бар екенін көрсетіп тұр. Бірақ, бұл металдың астында әлі де бос кеңістік бар. Сондықтан біздің құтқарушыларымыз, әкімдік пен басқа да мемлекеттік органдардан, арнаулы ұйымдардан тартылған мамандар қазір өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, ол жердегі температура нөлден төмен деңгейде. Екіншіден, құтқарушылар мен жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Өйткені топырақ жылжыса, онда қазып жатқан техника төмен қарай құлауы мүмкін. Автобустың астындағы бос кеңістіктің аумағы қаншалықты үлкен екенін нақты білмейміз», – деді Б. Сыздықов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол автобусты алып шығу жұмыстарында тиісті қауіпсіздік шаралары ескерілгенін айтты.

«Барлық қауіпсіздік шарасы орындалып жатыр. Қазір техника автобус жатқан жерге бүйірінен кіре алады. Қазірдің өзінде 2 мың текше метрден астам топырақ шығарылды. Біз бес текше метрлік экскаваторды түсірдік, ол автобус үстіндегі топырақты шығарды», – деп түсіндірді вице-министр.

Еске салсақ, 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобус жолаушыларының екеуінің мәйітін құтқарушылар тапты.