АҚШ-тың Филадельфия штатында да қызылшамен ауырған балалардың саны күрт өскен. Науқастардың көпшілігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Қызылша індеті Америкада күшейді
Фото arsvita.clinic сайтынан алынды
1,386
оқылды

Филадельфияда қызылша індеті ушығып барады деп америкалық штаттың дәрігерлері дабыл қағуда. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін gizmodo.com сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.

Фото ria.ru сайтынан алынды. Авторлығы: SBDIGIT / iStock.com 

Осы аптада Филадельфия штатының денсаулық сақтау қызметкерлері жаңадан анықталған аса жұқпалы вирус туралы мәлімдеме жасады. Қазірше тоғызыншы оқиға тіркелгенімен бұл жағдайлардың көпшілігі балабақшаларда қызылшаға қарсы екпе алмаған балалардың арасында анықталған.

Ауру желтоқсанның басында Филадельфиядағы балалар ауруханасында басталғанға ұқсайды. Бір нәресте дене қызуының көтерілуімен ауруханаға жатқызылады. Екі күннен кейін балада қызылшаға тән бөртпе пайда болған. Алайда баланың қызылшамен ауырғаны белгілі болған кезде инфекция жақын маңдағы тағы екі балаға, одан кейін ересек адамға жұғып үлгерген.

Фото ria.ru сайтынан алынды. Авторлығы: South agency / iStock.com 

Вирус жұқтырған нәресте қызылша жиі кездесетін елге барып, ауруды сол жерде жұқтырғаны белгілі болды. Мамандардың айтуынша, нәресте қызылшаға қарсы екпе салдырмаған.

Денсаулық сақтау қызметкерлері қызылшамен ауырған адамдардан жұқтыру қаупі өткенше оқшаулануды сұрауда. Алайда, бір отбасы талапты орындаудан бас тартып, вирус жұқтырған баласын Филадельфиядағы балабақшаға жіберген. Ауырған бала өзінің тобында инфекцияның жаңа тізбегін тудырған.

Фото dreamstime.com сайтынан алынды

Америкалық дәрігерлер де қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы вакцина қызылшаның алдын алуда өте тиімді екенін айтуда. 2000 жылы АҚШ балаларды вакцинациялау бағдарламалары арқылы елден қызылшаны сәтті жойған болатын. Осы күнге дейін вакцинациямен ұлттық қамту деңгейі жоғары болған.

Бүкіл әлемде вакцинация деңгейінің төмендеуі қызылша ауруы азайған жерлерде қайта жандануына әкелді. Сондай елдердің ішінде Қазақстан да бар.

Ресми деректер бойынша елімізде 20 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Оның 82% 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың 83% екпе алмағандар.

Қызылшаның қаупін мына видеода ғалымдар түсіндіреді:

Дамыған АҚШ-та да аурудың үлкен қауіпке айналуы мүмкін екеніне мамандар қатты алаңдаулы. Қызылша жас балалардың өміріне өте қауіпті екенін ата-аналар дұрыс түсінуі керек. Ол пневмония, энцефалит ауруларына алып келуі мүмкін және ағзаның жұқпалы ауруларға иммунитетін жойып тастайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылы әлемде қызылшадан кейінгі асқынулардан 136 000-ға жуық адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға көп.

Филадельфиядағы вакцинациямен қамту деңгейі шамамен 93% құрайды. Індетке жауап ретінде қала билігі тегін вакцинация жүргізуді бастады.