Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палаталардың бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары Президенттің Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсынысын қарастырды.
Қорғаныс министрі: 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін жіберу жоспарланған
977
оқылды

Президент үндеуін Парламентке Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді. Үндеуде айтылғандай, елімізден 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін жіберу жоспарланған. БҰҰ миссиясына қатысу Қазақстан Қарулы Күштеріне әскердің жауынгерлік машығын жетілдіру үшін қажет. Себебі бұл бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Қазақстан өзін БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жауапты қатысушысы ретінде таныта білгенін, аз уақытта халықаралық бітімгершілік процестерде озық позицияларға ие болғанын атап өтті.

Бүгінгі ел Президентінің ұсынысы мемлекеттің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап жүргізіп келе жатқан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының сөзсіз жалғасы екені анық, – деді А.Құспан.

Талқылау қорытындысы бойынша, Парламент депутаттары Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдау туралы шешім қабылдады.

Бітімгерлер қалай іріктеледі?

"Ұлттық контингентті қалыптастыру кезінде әскери қызметшілерді іріктеу үшін Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты бөлімшелердің, әскери бөлімдердің, құрамалардың, әскери оқу орындарының комиссиялары тағайындалады. Әскери қызметшілерді даярлау Алматыда орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялар орталығында жүзеге асырылады. Орталық базасында әскери қызметшілер бітімгершілік дайындық бойынша қарқынды курстан өтеді. Болашақ бітімгерлер ағылшын тілін, далалық медицинаны, радиобайланысты, шахталар, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар мен жарылмаған снарядтар туралы білімді, күш қолдану ережелерін, сондай-ақ халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын қарқынды меңгеріп жатыр", – деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Дербес бітімгерлік контингентіне Қазақстан қанша ақша жұмсайды?

«Бұл ақшаның бәрі бюджетке салынған. Жалғыз айту керек дүние – бюджетке қару-жарақты, техниканы тасымалдауға қосымша қаржы салынды. Шамамен 8 млн доллардай болады. Бір жыл бойында әр әскери жауынгер ай сайын 1 мың доллар алып отырады», – деді Руслан Жақсылықов БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

БҰҰ шақыруы бойынша өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде 139 әскери қызметші санындағы алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына (UNDOF, Сирия-Израиль) орналастыру 2024 жылғы наурыздан бастап жоспарланып отыр. Ол үшін тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын БҰҰ-мен халықаралық шарт жасалатын болады.

Қанша әскер барады?

«Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасы бойынша, БҰҰ мынадай миссиясына:

Бірінші – Голан биіктігінде бөлінуді бақылау күштеріне;

Екінші – бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына;

Үшінші – Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға;

Төртінші – әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу туралы ұсыныс енгізіледі», – деді ҚР Қорғаныс министрі.