Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
– Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.
Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды.
– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Римге ресми сапары аясында БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халықаралық ұйымдар аясында гуманитарлық көмек көрсету бойынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты.
2023 жылы Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Еліміз Газа секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.
Президент Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың осы елдегі гуманитарлық дағдарысты тоқтату ісін жалғастыруы өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл Орталықтың қызметі аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуда БҰҰ-ның ведомствоаралық үйлестіру жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев FAO басшылығын алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.