Шынында, 2024 жылы әлем тарихында болмаған жағдай тіркеледі: Жер планетасын мекендеген бүкіл тұрғынның жартысынан астамы сайлау учаскесіне барады. Әлемнің 76 елінде тұратын 4,2 млрд сайлаушы өз таңдауын жасауға тиіс.
Болғаннан боладысы қызық болды
Биыл сайлау төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі 76 мемлекетте өтпек. EIU Democracy Index рейтингі бойынша, соның ішінде 43 ел ғана сайлаушыларына ықтиярын еркін білдіруіне және қалаған таңдауын жасауына мүмкіндік жасай алады.
Оның өзінде бұл 43 елдің 28-і – Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер. Олар биыл Еуропарламенттің креслосында алдағы 5 жыл бойы отырып, ұжымдық Еуропада өз елінің мүддесін қорғайтын еуродепутаттарды сайлайды.
43-інен басқа мемлекеттерде билік сайлауды көз қылып өткізеді, өз халқына лайықты таңдау ұсынбайды, бас кандидатпен сайма-сай, теңбе-тең бәсекелесе алатын үміткерлерді тіркемейді. Қысқасы, сайлауды тек авторитарлық режимдерін легитимді етудің құралы ретінде өз мақсатында пайдаланады.
Мұның сыртында алғаш рет әлемде халқының саны жөнінен ең ірі саналатын 10 елдің 8-інде сайлау 2024 жылы ұйымдастырылады, бұлар – Үндістан, АҚШ, Индонезия, Пәкістан, Бразилия, Бангладеш, Ресей, Мексика. Ал осы қатардағы Қытай мен Нигерия елдері өз көшбасшыларын бұрынғы жылдары сайлап алды.
Жаһандық электоралды жылды Бангладештегі парламенттік сайлау ашты: бұл елде Мемлекет басшысын парламент тағайындайды, ендеше парламенттік дода ең бастысы саналады. Тиісінше, 7 қаңтар күні шамамен 171 миллион адамға өзі мен балаларының болашағы қандай болуы тиістігін айқындау «ұсынылды». Өткен ғасырдың 70-ші жылдары қарулы, қанды жолмен әзер дегенде Пәкістаннан тәуелсіздік алған бұл мемлекет бастапқыда демократия даңғылына түсті, парламенттік республикаға айналды.
Алайда 2008 жылдан бері Бангладеш әйел премьер-министр Шейх Хасина Вазед пен оның «Авами Лиг» партиясының ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр. Freedom House ұйымының баяндауынша, осы 15 жылдай уақыт ішінде «билеуші партия оппозицияны, сынаушы ақпарат құралдарын және өзге ойлы қоғам белсенділерін ұдайы қуғын-сүргінге салып, бүкіл билікті өз қолында шоғырландырды».
Лидері, бұрынғы премьер-министр Халед Зиядан (2001–2006) бастап, беткеұстар тұлғаларының көбі темір торда отырған оппозициялық «Бангладеш ұлттық партиясы» (BNP) өз сайлаушыларын бұл сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Өйткені авторитарлық режимдер үшін тек дауыс берушілердің учаскелеріне келу көрсеткіші, сонда ұзын-сонар кезек түзуі және сайлау жәшіктерін толтыруы ғана маңызды. Мұның бәрі телеарналардан көркем сюжет жасауға мүмкіндік береді. Ал дауыс санау нәтижесін билік өз қалағанынша жаза салады.
Сондықтан оппозиция 7 қаңтар күні сайлау учаскелерінің бос қалуын көкседі. Мұның үлгісі бар: 2023 жылғы 3 желтоқсанда Венесуэла диктаторы Николас Мадуро 5 мәселе шығарылған референдум ұйымдастырды. Оған 10 млн сайлаушының 2 млн-ы ғана қатысты. Бұл халықаралық ұйымдар тарапынан сайлауды легитимсіз деп тануға мүмкіндік берді. Венесуэла заңы бойынша да сайлаушылардың кем дегенде жартысы қатысуы міндет еді.
Бірақ бойкот жариялаған оппозицияның ойлағаны іске аспады. Бангладештік Somoy TV арнасы сайлау комиссиясының басшысы Кази Хабибулы Авальдің мәлімдемесіне сілтеме жасап, сайлаушылардың 41%-дан астамы дауыс беруге келгенін жариялады. Салыстырар болсақ, 2018 жылғы алдыңғы сайлауда сайлаушылардың өз учаскелеріне келу үлесі 80%-дан асып, билік партиясы парламенттегі 257 орынды иемденген. Яғни, келу көрсеткіші екі еседей құлдырады.
Бангладештің іс басындағы премьері, 76 жастағы кейуана Шейх Хасинаның жеңіске жетіп, төртінші мерзімге қалуына осы 41 пайыздың өзі жеткілікті болды. Себебі ол басқаратын солшыл-центристік «Авами Лиг» (Халық лигасы) партиясы парламенттегі 300 орынның 224-ін қанжығалады. Заң шығарушы жиындағы қалған мандаттар тәуелсіз кандидаттардың бөлісуіне тасталды.
Оппозициялық партиялар сайлауға қатыспады. Хасинаны төл жеңісімен Үндістан, Ресей, Қытай, Бутан, Филиппин, Сингапур және Шри-Ланка ресми құттықтады. Мысалы, бүгінде Ресей бұл елде 12,65 млрд долларға «Руппур» атом электр стансасын салып жатыр.
Әйткенмен, 13 қаңтарда Қытай Республикасында (Қазақстан билігі оны жеке, тәуелсіз мемлекет деп танымады, Тайвань аралдары деп қана атайды) өткен президенттік және парламенттік сайлау нәтижелері халықаралық қоғамдастықты көбірек қызықтырды.
Сайлауға елдің ең ірі партияларынан 3 кандидат бақ сынады: Демократиялық прогрессивті партиядан – Лай Циндэ, Гоминьдан партиясынан Хоу Юи және Тайвань халық партиясынан Кэ Вэньчжэ жарыс жолына шықты. Бұл ретте Америка бастаған Батыс Лай Циндэнің жеңісін қалады, Бейжің (ҚХР) болса, «екі Қытай жоқ, Қытай бір болуы қажет» деп санайтын, яғни болашақта Қытай Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірігуін жоққа шығармайтын Гоминьдан үміткеріне жақ болды.
Сайлау қорытындысында Тайвань халқы өз мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресіп, АҚШ-пен жақындасу бағытын ұстанған Лай Циндэні және билік басындағы Демократиялық прогрессивті партияны жақтады.
Бұл нәтиже Бейжің тарапынан көңілтолмастық тудырды. Ол Тайваньдағы сайлау бұл аралды құрлықтық Қытайға түпкілікті қосуға кедергі болмайтынын мәлімдеді. ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы арал істері жөніндегі кеңсенің ресми өкілі Чэнь Биньхуа Бейжіңнің «бірігуді бейбіт жолмен жүзеге асыруға барынша тырысатынын» нықтады. Қос Қытай арасындағы кикілжің, қырғи-қабақ қатынас сақталды. Тайвань билігін Демпартия өз қолында сақтағандықтан, оның Бейжіңмен барлық саяси байланысты үзуі де жалғасады.
Іргедегі сайлау науқаны елеңдетеді
Қазақстанның ынта-ықыласы Әзербайжандағы және Ресейдегі сайлауларға көбірек ауса керек. 7 ақпанда Каспий бойынша көршіміз, түбі бір түркі елі Әзербайжанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – тәуелсіз Әзербайжан тарихындағы 9-шы президенттік дода. Сонымен бірге іс басындағы Мемлекет басшысы осымен қатарынан екінші рет президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп отыр.
Конституцияда іс басындағы Мемлекет басшысының қайталап сайлауға түсуіне еш шектеу жоқ. Тиісінше, Ильхам Әлиев бесінші мерзімге қайта сайлануға құқылы. Ол осы құқығын пайдаланды.
Әзербайжандық және шетелдік сарапшылар оның даусыз жеңіске жететініне еш күмәнданбайды. Себебі Ильхам Әлиев «Таулы Қарабақ Республикасы» атты әлем танымаған квазимемлекеттік құрылымды ақыры жойып, 30 жылдан астам сепаратистер бақылауда ұстап келген Таулы Қарабақ өңірін және Әзербайжанның бірнеше ауданын қайтара алды. Осылайша, «Әзербайжанның мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығын» қалпына келтірді. Тәуелсіздік терминінен айырмашылығы сол, заң тілінде егемендік – ел билігінің бүкіл мемлекеттік территорияға тең таралуын білдіреді.
Әзербайжандағы Президент сайлауы тек 2025 жылғы сәуірде өтуі тиіс еді. Онда неге Әлиев оны мерзімінен бұрын өткізуге асықты? Сарапшыларға сілтеме жасап, Би-Би-Си түсіндіруінше, бұған дейінгі додаларда Әлиевті мемлекет аумағының тек 75 пайыздайындағы тұрғындар сайлады. Ал енді тәуелсіз Әзербайжан тарихында тұңғыш рет сайлау мемлекеттің бүкіл территориясын, соның ішінде Таулы Қарабақ өлкесін де қамтитын болады.
Сайлау қорытындысы Ильхам Әлиевтің елдің тұтастығын қалпына келтірген тарихи лидер мәртебесін әдіптейтін болады. Сондықтан бұл рәсімнің адал өтуіне Баку үлкен мән беруде. Елдің Ортсайлаукомы 17,5 мыңнан астам байқаушыны аккредиттеді. Халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық зор.
Кандидаттарды тіркеу 2024 жылғы 9 қаңтарда аяқталды. Жалпы алғанда, сайлау бюллетеніне 7 кандидаттың аты-жөні енгізіледі.
Тағы бір көрші Ресейде 15-17 наурызда өтетін президент сайлауын бүкіл әлем бақылайды. Алайда халықаралық сарапшылар онда да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі екеніне назар аудартады.
Партиялар атынан кандидаттарды ілгерілету – 2024 жылғы 1 қаңтарда, өзін-өзі ұсыну мерзімі 2023 жылғы 27 желтоқсанда аяқталды. 2023 жылы партиялар атынан 9 үміткер және өзін-өзі ұсынушы 24 тұлға, яғни жалпы саны 33 адам сайлауға түспекші болды.
Алайда РФ Ортсайлаукомы 11 адамды ғана тіркеді. Соның ішінде 3-еуі өзін-өзі ұсынды. Бұлар: іс басындағы мемлекет басшысы Владимир Путин және қос блогер – Рада Русских пен Анатолий Баташев.
Қалған 8 кандидатты партиялар ұсынды: Леонид Слуцкий (ЛДПР), Николай Харитонов (КПРФ), Владислав Даванков («Новые Люди»), Сергей Бабурин («Российский общенародный союз»), Андрей Богданов (Российская партия свободы и справедливости), Борис Надеждин («Гражданская инициатива»), Сергей Малинкович («Коммунисты России») және Ирина Свиридова (ДПК).
Бірақ бұлардың бәрінің аты-жөні бюллетеньге енбеуі мүмкін. Кандидат куәлігін алуы үшін өзін-өзі ұсынған 3 адам 31 қаңтарға дейін сайлаушылардың 300 мыңының қолын жинап, ОСК-ге тапсыруға тиіс. Парламентте ұсынылмаған партиялар өз кандидаты үшін 100 мың қол жинайды. КПРФ, ЛДПР және «Новые люди» партиялары Мемдумада отыр, сондықтан олардың үміткерлері қол жинаудан босатылады.
Бұл – РФ тарихындағы бірден үш күнге ұзайтын тұңғыш президенттік сайлау болмақ. Бұған дейін сайлау бір күнде өтетін, кейбір өңірге алдын ала дауыс беруге мүмкіндік ұсынылатын.
Қазіргі кезде 3 кандидат қана ресми тіркелді. Бұлар – Леонид Слуцкий (ЛДПР), Владислав Даванков («Новые люди» партиясы) және Николай Харитонов (КПРФ). Путин үшін қол жинау жалғасуда. Тіркеле алу үшін ол сайлаушылардың 300 мың қолын жинауы керек.
В.Путиннің сенімді өкілдері қатарына белгілі 346 адам, соның ішінде Татарстанның бұрынғы президенті, қазіргі Мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев кірді. Жалпы саны 600-ге жетуі мүмкін.
Ресейлік саясаттанушы Александр Асафовтың пікірінше, сайлау бюллетеніне тек 4-6 адам ғана кіреді: «Бұлар – өзін-өзі ұсынушы Путин және парламенттік партиялардың үміткерлері ғана болады», – деді ол.
Америка қандай шешім қабылдайды?
Халықаралық сарапшылар биылғы басты, шешуші сайлау – 5 қарашада өтетін АҚШ президентінің сайлауы болады деген ортақ тоқтамға келді. Бүгінде негізгі кандидаттар ретінде іс басындағы президент Джо Байден және экс-президент Дональд Трамп болады деп күтілуде. Демократиялық партияда Байденге балама жоқ.
Ал Республикалық партияның Трампты таңдайтын түрі бар. 16 қаңтарда Айова штатында өткен партиялық праймеризде Д.Трамп 51 пайыздай дауысты әзер жинап, бірінші орынға шықты. Ол 70 пайыздай дауысты иеленеді деп күтілген. Екінші және үшінші орындардағы Флорида губернаторы Рон Десантис пен Американың БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли одан қатты қалып келеді.
Десек те, олардың да көшбасшы атануға үміті бар. 2023 жылдың соңында Колорадо, Мэн штаттарының жоғарғы соттары президенттік сайлау кезінде Дональд Трамптың аты-жөнін бюллетеньге қосуға тыйым салды. Өйткені 2021 жылғы 6 қаңтарда өз жақтастарының Капитолийге шабуылына оның қатысы бар, соған арандатты деп танылды. Ал Америка Конституциясына 14-ші түзету бүлікке қатысқан тұлғаларға президент лауазымына кандидат болуға тыйым салады.
Д.Трамп қос штаттың жоғарғы соттарының шешімдеріне қатысты АҚШ Жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. Ақпан айында бұл кандидаттың тағдыры шешілмек. Сарапшылар АҚШ Жоғарғы сотында қалпымен Трампты қолдайтын судьялар отырғанын қаперге салды.
Жылдың алғашқы айы да аяқталған жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының: «сайлау науқандарының тым көптігі әлемде тұрақсыздық пен тәртіпсіздікке соқтыруы мүмкін» деген үрейлі болжамы әзірге орындалған жоқ.
Айхан ШӘРІП