Қазақстанның азаматтары Нигерде қамауға алынды деген ақпарат тарап жатыр.
"Нигерде қазақстандықтар қамауға алынған" – СІМ жауап берді
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
1,383
оқылды

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Нигерде құжаты тәркіленген қазақстандықтар туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазақстанның азаматтары Нигерде қамауға алынды деген ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Себебі, азаматтарымыз осы елде еркін жүре алады. Тек олардың төлқұжатын алып қойған", – деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкіл бұл мәселеден дипломаттардың хабары барын, олар жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Нигер астанасы Ниамей қаласында қазақстандықтар ұсталғаны туралы ақпаратты алғаннан кейін, 9-12 қаңтарда Қазақстанның Мысырдағы консулы Нигер астанасына барды. Онда ол Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерімен, Қарулы күштер бас штабының басшылығымен кездесті", – деді ол.

Айбек Смадияров мәселені шешуде қиындықтар барын ашық айтты.

"2023 жылғы шілдеде Нигерде әскери төңкеріс болғаны белгілі. Осыған байланысты Нигердің мемлекеттік органдарымен өзара әрекеттесуде қиындық туындап отыр. Дипломаттарымыз Нигердің тиісті органдарына ресми сауалдар жолдады. Отандастарымызды Қазақстанға қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан азаматтары қамауға алынбаған, жүріп-тұруына шектеу қойылмаған, екеуі де қонақүйде тұрады. Алайда жергілікті әскерилер олардың төлқұжатын тәркілеп алған. Қазір осы мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз", – деді ресми өкіл.