Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес «опиоидты метаболидтерді – тропикамидті қолдану» фактісі анықталды.
Павлодарда екі аптадан соң табылған жас ананың қайда болғаны белгілі болды
Фото: instagram/poiskoviki_pavlodara_vita

Ол қаладағы пәтерлердің бірінде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 қаңтарда жоғалған әйелдің әкесі полицияға көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, 8 қаңтарда 26 жастағы қызы Павлодар қаласына кетіп, үйіне қайтып оралмаған. Үйде анасын екі жас баласы күтіп отырған.

«Полиция дереу бағдар жасап, барлық аумақтық полиция бөлімдеріне, сондай-ақ шекара маңындағы аймақтарға бағдар жіберді. Бізбен бірге еріктілер де іздестірді. Жастар жаппай жиналатын барлық орындар тексерілді, әлеуметтік желілерде ақпарат салынды», – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 күннен кейін жоғалған адам қалалық пәтерлердің бірінде болғаны анықталды. Ол әкесімен келіспей қалған соң үйден кетіп, жасырынғанын айтқан.

Сонымен қатар, әңгіме барысында өзін біртүрлі ұстаған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес «опиоидты метаболидтерді – тропикамидті қолдану» фактісі анықталды.

Ертіс ауданының полиция қызметкерлері әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жас ананың тәртібін қарау үшін материал дайындауда.

Еске сала кетейік, 8 қаңтар күні Ертіс ауданының Қызылжар ауылынан қалаға жұмысқа шыққан әйел адам жұмыс орнына жетпеген, телефоны өшірулі болған. Кейіннен оның табылғаны туралы ақпарат жарияланды.